Қазақстан – Ресей: болашақтың тиімді бастаулары
Қазақстан – Ресей: болашақтың тиімді бастаулары
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петербург қаласында ХХ Петербург Халықаралық экономикалық форумына қатысты
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың негізгі салалары мен бағыттарын қамтитын, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық үдерістердің дамуына қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады. Бұдан бөлек, әлемдік және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер мен өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсу перспективалары қарастырылды.
Тарихи шаһарда өткен алқалы жиында әлемдік деңгейдегі көшбасшылар заманның мейлінше маңызды деген мәселелерін, сондай-ақ саяси қатерлерді, әлемдік дағдарыстың экономикалық және әлеуметтік салдарын, әлемдік экономиканы қалпына келтірудегі тұрақсыз сипатты талқылады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петербургке атбасын тіреді. Форум аясында екі жақты кездесулер өткізіп, Ресейдің бизнес өкілдерімен сұхбат құрды. Ал кездесуге «Еурохим», «Эфко», «Лукойл», «Полиметалл», «Еуропа подшипник корпорациясы», «Сколково», «Ресей темір жолдары» және «АвтоВаз» сияқты ресейлік ірі компаниялардың жетекшілері қатысты. Кездесу тізгінін ұстаған Ресейдің өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының төрағасы Александр Шохин Қазақстан Президентіне ресейлік бизнес өкілдерімен кездесуге ықылас танытқаны үшін алғысын білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде қазан айында Астанада өңірлік форум өтетінін еске сала отырып, Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан бергі жетістіктерімізді саралап, күн тәртібіндегі проблемаларды сөз етті және алдағы бірлесіп атқарылатын шаруаларды ақылдасу керектігіне тоқталды. – Бүгінгі күнге дейін Қазақстанда ресейлік бизнестің қатысуымен 6 мың кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Тартымды жобалар да жеткілікті. Болашақтың тиімді бастаулары да бар. 25 миллиард АҚШ доллары шамасында инвестиция тартылған, әрине, оның ішінде басым көпшілігі минералды ресурстардың еншісінде. 7-8 миллиард доллар ғана шағын және орта бизнестің үлесіне тиеді, – дей келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылуы қажеттігін атап көрсетті. Елбасының айтқанындай, Қазақстанда инвестиция құйып, жемісті еңбек етіп жатқан «Лукойл», «Еурохим», «Русал» сияқты ірі компаниялар бар. Еліміздің оңтүстігінде «Еурохим» фосфор тыңайтқышын өндіретін зауытты іске қосқалы отыр. Өскеменде жеңіл көлік шығаратын «АвтоВаздың» да салмағы басым. Қысқасы, қалыптасқан байланысты одан әрі өрістете түсу керек. – Соңғы екі жылдың басты жетістігі – Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Әрине, дағдарыс екі жақты тауар айналымының бәсеңдеуіне өз әсерін тигізді. Дегенмен, бұл одақтың берері мол. Мемлекет басшысы ресейлік бизнес өкілдерін қазіргі дағдарыс жағдайында Қазақстанның инвестициялық тартымдылықты көтеру жолында атқарып жатқан шараларынан жан-жақты хабардар етті. «Біз «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары бағдарламасын қабылдадық. Соған сәйкес тиісті заң жобаларын қабылдадық. Биыл жаңа жылдан бастап соны жүзеге асыруға кірістік. Бұл Қазақстанды ең дамыған мемлекеттердің қатарына қосуға көмектеседі, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Сондай-ақ, Н.Назарбаев металлургия, мұнай химиясы, машина жасау, құрылыс материалдары және агроөнеркәсіп кешені салалары біздің жұмысымыздың басым бағыттары болып табылатынына екпін түсірді. Осы бағыттарда жұмыс істейтін инвесторларға жеңілдік жасалатынын, олар 10 жылға дейін корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан, 8 жылға дейін мүлік салығынан босатылатынын айтты. Мемлекеттің әкімшілік кедергілерді жоюға мүдделілік танытып отырғанына, соңғы кезде құжаттарды ресімдеу электронды үкімет арқылы жүзеге асырыла бастағанына тоқталды. «Халықаралық сарапшылар да Қазақстандағы фискалдық саясатты әлемдегі ең озығы ретінде мойындайды. Либералдық салық режімі инвесторлар үшін аса тиімді. Бизнеске тиімді салықтық жеңілдік жағынан Қазақстан Бүкіләлемдік банктің рейтінгісінде 118 мемлекеттің ішінде 18-орында тұр», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізінің құрылысы да бітуге таяу. Бұл жолдың 2800 шақырымы Қазақстан арқылы өтеді. Біз оның құрылысын келесі жылы толық аяқтаймыз. 2019 жылға дейін ұзындығы 8000 шақырымнан асатын 17 автожол жобасы қарастырылып отыр. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізін біз Ресейдің шекарасына дейін жеткіздік. Енді оны Орынборға жалғау керек, сосын әрі қарай кете береді. Мұны Азия даму банкі қаржыландыруға ықылас танытып отыр. Ресей жағының бұл мәселені қарастыруын қалаған болар едім. Сонда бұл Еуропа мен Азияны жалғайтын толыққанды стратегиялық маңызы бар көлік дәлізі болып шығады, – деді Елбасы. Сөзінің соңында Нұрсұлтан Әбішұлы ресейлік бизнес өкілдерін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысуға шақырып, «Болашақтың энергиясы» барлық өзекті мәселелерді қамтитынын, қуат көздерін тиімді пайдалануға ұйытқы болатынын жеткізді. Ресейлік компаниялардың қол жеткізген жетістіктерін халықаралық көрмеден көруге ынталы екенін де білдірді. Көрме аяқталысымен, оның орнында «Астана» халықаралық қаржы орталығы өз қызметіне кірісетінін де тілге тиек етті. Ресей бизнес өкілдерінің қатарынан алғашқы болып сөз алған «Лукойл» компаниясының президенті Вагит Алекперов компания өз қызметін 40 шақты елде жүргізетіндігін айта келіп, әйтсе де, Қазақстанды стратегиялық дамуы жағынан алдыңғы қатарға қоятындығын атап өтті. Ал «Сколково» қорының төрағасы Виктор Вексельберг өз сөзінде инновациялық жобаларға да ерекше мән беру керектігіне тоқталды. Бұл бағытта өздерінің белгілі бір табыстарға қол жеткізгенінен, жобалар аясында бүгінде 1,5 мыңға жуық компания жұмыс істеп жатқанынан хабардар етті. 18 мыңға жуық инновациялық жұмыс орны ашылғанын да көлденең тартты. Соңғы кезде Қазақстан жағымен бірлесіп, инновациялық жобаларға байқау жариялағанын, оған деген қызығушылық арта түскенін жеткізді. Өтініштердің дені алдыңғы қатарлы технологиялық шешімдерге жауап беретіндігі де назардан тыс қалған жоқ. – Бұл инновациялық сектордағы Қазақстанның әлеуеті жоғары екендігін көрсетеді, біз осы ынтымақтастықты одан әрі дамытқымыз келеді. Алдағы уақытта жобадан нақты іске көшеміз деген сенімдемін, – деді В.Вексельберг. Сөзінің соңында «Сколково» қорының төрағасы өздерінің Астанада келесі жылы өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысатындарын, инновациялық жобаларды апаратындарын, сондай-ақ өз компаниясының серіктестерін де соған шақыратынын жеткізді. Ал «Еуропа подшипник корпорациясы» ашық акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Александр Москаленко корпорация ТМД аумағының 70 пайызын темір жол вагондарының подшипниктерімен қамтамасыз етіп отырғанын айта келіп, ААҚ-тың қызметі Қазақстанда да сәтті жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге Ресей бизнесінің алпауыттары түгел дерлік жиналғандай. Ұзын-cаны ірі-ірі 50 компанияның басшысы келді. Елбасының мазмұнды әңгімесінен толыққанды ақпаратқа қаныққан кәсіпкерлер Қазақстан жағының оң өзгерістеріне көз жеткізді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ Гвинея Республикасының Президенті Альфа Кондемен кездесті.