Әлеумет

Арман алға шақырады

Арман алға шақырады

Тараз қалалық Мәдениет үйінде «Жас түлек – 2016» салтанатына қаладағы 51 орта және 1 кешкі мектептің 63 түлегі қатысты.

Бұл күнгі ұстаздар мен ата-аналардың қошеметі 11 жыл бойы сабақты үздік оқып, ҰБТ сынағын сәтті тапсырған «Алтын белгі» иегерлеріне арналды. Шараға қала әкімі Нұржан Календеров қатысып, мектеп түлектеріне жылы лебізін білдірді. – Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер бүгін, міне, үлкен өмірге аяқ басқалы тұр. Биыл қала мектептерін 2123 түлек бітіріп отыр. Қала мектеп бітірушілерінің 22-сі «Алтын белгі», 26-сы үздік аттестат иегері болды.

Мектеп бітірушілерінің 35-і – халықаралық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жоба жарыстарының жүлдегерлері. Бұл түлектер – Тараз қаласының мақтаныштары. Сонымен қатар, қаланың мектеп бітірушілері Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары нәтиже көрсетті. Қаламыздағы №45, 1, 44, 24 мектеп-гимназия түлектерінің көрсеткіштері ауыз толтырып айтарлықтай. 

Құрметті, жас түлектер! Ата-аналарың, ұстаздарың сендерге үлкен үміт артады. Бүгін сендердің қол жеткізген жетістіктеріңді көріп, әр мұғалім мақтанып тұр, – деді Нұржан Сәбитұлы. Қала әкімі «Алтын белгі» иегерлерін салтанатты түрде құттықтап, электрондық кітаптар сыйлады. Тараздық жас түлектер өздеріне сенім артқан ұстаздарына алғыс айтып, алдағы уақытта да табысқа жетіп, ел дамуына үлес қосуға уәде берді. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша қала мектептерінің орташа көрсеткіші 85,1 балды құраған. Қала мектептерінің ішінде ең жоғары көрсеткіш – 104,1 балға Б.Момышұлы атындағы №45 гимназия түлектері қол жеткізді. Ең жоғары 124 балды да Б.Момышұлы атындағы №45 гимназияның түлегі алды. – Бүгінгі салтанатты кеш барлығымыз үшін маңызды. Біріншіден, ата-аналар қуануда. Себебі, олар жылдар бойы балаларын жеңіске жетеледі. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан ұстаздар үшін де ең ерекше күн. Біз жүрегіміз алып-ұшып, толқып тұрмыз. Себебі, қаншама жыл білім алған ұямыздан алыстап, болашаққа бет түзеп барамыз. Білімімізді ел игілігіне жұмсауға әзірміз, – дейді ҰБТ-да ең жоғары балды жинаған Сұлтан Көбеев. Мерекелік кеште сахна төрінде әншілер сазды ән шырқап, бишілер мың бұралып би биледі. Бүлдіршіндер мектеп бітірушілерге «Жас түлек–2016», «Жолың болсын!» деген жазулары бар қағаздан жасалған кемелерді сыйлады. Бұл күні облыс бойынша барлық мектепте аттестат тапсыру салтанаты өтті. Жамбылдық 8261 жас түлек үлкен өмірге жолдама алды.

Наурызбек САРША,  «Ақ жол».