Олимпиадаға дайындық жалғаса береді
Олимпиадаға дайындық жалғаса береді
IWF (Халықаралық ауыр атлетика федерациясы) Лондон Олимпиадасының сынамаларын қайта тексерген кезде қанынан допинг табылды делінген ауыр атлеттердің тізімін көпшіліктің назарына ұсынды. Өкінішке қарай федерация ұсынған тізімнен Қазақстан құрамасының спортшылары Лондон Олимпиадасында алтын медаль алған Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза және Светлана Подобедованың есімдері қылаң берді. Мәссаған деп жағаны ұстағаннан басқа амалымыз қалмады. Яғни, Қазақстан атлеттері рұқсат етілмеген преператтар қолданған деп айыпталып отыр. Тізімде төрт қазақстандық ауыр атлеттен бөлек Ресей, Әзербайжан, Украина, Белоруссия елдерінің де спортшылары бар екен. Федерация күдіктенген он ауыр атлет алда болатын жарыстардан уақытша шеттетілді. Қазақстан Лондон Олимпиадасында жеті алтын жүлде иеленген болатын. Сол жеті алтынның төртеуін зілтеміршілер қоржынға салған еді. Егер ұлттық құраманың аты аталған спортшыларының қанынан рұқсат етілмеген преператтар табылғаны расталса, олардың жүлделері тәркіленеді. Өкініштісі сол, Лондонда командалық есепте 12-орын иеленген біздің еліміз төрт алтыннан айырылған жағдайда 24-орынға бірден сырғиды. Барлық додаларда допинг сынамалардан еркін өтіп, ешқашан қанынан рұқсат етілмеген преперат табылмағанын Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильин өзінің инстаграмдағы парақшасында жазды. «Өздеріңіз білетіндей, ешбір халықаралық старт допинг-бақылаусыз өтпейді. Мен де барлық спортшы секілді 2004 жылдан бері допинг-сынақтардан өтіп келемін. Нәтижесінде қанымнан тыйым салынған ештеңе табылмай келді. Мен Рио Олимпиадасына дайындалып жатырмын және соңына дейін баруға ниеттімін. Спорт басшылығы процеске барынша кірісті, меніңше, маусымның соңында нәтижесі белгілі болады. Шілде айының ортасына дейін уақытым бар, осы уақыттың ішінде Олимпиадаға қатысуға өтініш беріп үлгеруім керек» деді чемпион. Лайым, солай болғай! Бұл күмәнді айыптаулардан ел атлеттері таза өтеді деген үмітіміз бар. Жалпы, әлемдік спортта осындай қисынсыз тірліктердің болып тұратынына құлағымыз үйренген сыңайлы. Бұл да сондай қитұрқы әрекеттің бірі болар...