Көрме билеттері сатыла бастады
Көрме билеттері сатыла бастады
10 маусымнан бастап әлем бойынша «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне билеттерді сату басталды. Билеттерді бірінші онлайн-сатып алуды 24 жастағы Астана қаласының тұрғыны Олжас Оңалов жасады. Осы айтулы оқиға құрметіне көрме ұйымдастырушысының кеңсесінде ұлттық компания басқарма төрағасы Ахметжан Есімов бірінші билеттің иегеріне естелік сыйлық тапсырды және оны сәтті сатып алуымен құттықтады. «Біздің компания үшін көрмеге билетті бірінші сатып алушы астанамыздың тұрғыны болуы қуантады. Өйткені ЭКСПО-2017 Астанада өтеді. Сондай-ақ қазақстандықтар, астаналықтар сияқты онлайн-сату артықшылықтарын және билеттерге жеңілдіктерді пайдалана алады», – деп мәлімдеді Ахметжан Есімов. – Мен билетті бірінші сатып алушы болғаныма қуаныштымын. Мен өз отбасымды көрмеге апаруға әзірмін. ЭКСПО-ның Қазақстанда өтуін іштей армандап, енді көрменің салтанатты ашылуын тағатсыз күтіп жүргенімді жасырмаймын. Осыдан бұрын Шанхайдағы халықаралық көрмеде болып, өте үлкен әсер алған болатынмын. Жеке өзіме және жақындарыма 4 билет сатып алдым. Жеңілдікпен сатылымға шыққан билет бағасы мені таңғалдырды. Қазақстандықтарды осы көрмені тамашалауға шақырамын. Бізді көптеген жаңалықтар күтіп тұрғанына сенімдімін, – дейді Олжас Оңалов. Астанадағы көрменің билеттік бағдарламасы ЭКСПО-ны өткізудің әлемдік тәжірибесіндегі бірегей болып табылады. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы қатысушылары және мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі тұлғалар, жетім балалар және 6 жасқа дейінгі балалар көрмеге еркін қолжетімділікке ие болады. Жеңілдікпен билеттерді зейнеткерлер, көп балалы аналар, студенттер және оқушылар да ала алады. Көрмеге 2 миллионнан астам турист келеді деп күтілуде. Қазіргі уақытта 89 ел және 15 халықаралық ұйымдар ЭКСПО-2017-ге қатысуын растаған. 10 маусымнан бастап 10 шілдеге дейін промо-кезең өтеді, оның ағымында барынша төмен баға бойынша билеттерді сатып алуға болады. 10-20 маусымда 50 пайыз жеңілдік қолжетімді болады, ал 21-30 маусым аралығында 30 пайыз, одан 1-10 шілдеде 20 пайыздық жеңілдік жүреді. Аты шулы көрме билетіне жеңілдік жүріп жатқанда қапы қалмаңыз, ағайын!
«Ақ жол-Ақпарат».