Жеке сот орындаушылар институтын дамыту қажет
Жеке сот орындаушылар институтын дамыту қажет
Дәурен Дайрабаев, облыстық әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы.
Елімізде 2011 жылдан бастап жеке сот орындаушылар институты баламалы түрде мемлекеттік сот орындаушылармен қатар жұмыс істей бастады. Алғаш рет облысымызда 2011 жылдың 7 қарашасында жеке сот орындаушылар аймақтық алқасы құрылып, мемлекеттік тіркеуден өтті. Сол кезеңнен бері жеке сот орындаушылар институты жылма-жыл дамып, бүгінде аяғына нық тұрып, халыққа қызмет көрсетуде. Жеке сот орындаушылар институтының соңғы бір жыл көлемде қатты дамуына, Елбасымыздың бес институционалды реформасын іске асыру бойынша жүз нақты қадам – Ұлт жоспарының 27-қадамында, «Жеке сот орындаушылардың институтын дамытып, мемлекеттік сот орындаушыларды кезең-кезеңмен қысқарту» тапсырмасы себеп болды. Осы тапсырманы орындау мақсатында ҚР Әділет министрлігі бастамасымен жеке сот орындаушылардың республикалық палатасы құрылып және әр облыс орталығында олардың филиалдары ашылды. Егер 2011 жылы облысымызда 3 жеке сот орындаушы ғана жұмыс істеп, олардың атқаруында 30 өндіріс болған болса, бүгінгі күні облысымызда 40-тан астам жеке сот орындаушылар халыққа қызмет көрсетуде және олардың атқаруында жалпы құны 45 миллиард теңгені құрайтын 60 мың атқару өндірісі бар. Саладағы ең басты жаңалықтардың бірі – ол Әділет министрлігінің сайтында, атқару өндірісінің қатысушылары (борышкер мен өндіріп алушы) электрондық кабинеті құрылып, жұмыс істеуде. Бұл кабинет арқылы азаматтар өзіне қатысты процессуалдық құжаттармен үйден шықпай-ақ, сот орындаушының алдына бармай-ақ таныса алады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, Заңның 138-бабымен жеке сот орындаушылар мен мемлекеттік сот орындаушылардың құзыреттері айқындалып, олардың орындауға қабылдайтын атқару құжаттарының санаттары белгіленді. Осылайша жеке сот орындаушыларының ерекше құзыретіне, жеке және заңды тұлғалардың пайдасына (оның ішінде алимент төлемдерін де) өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау жатқызылды. Бұл өзгерістер әрине бүгінгі күні өндіріп алушылар мен борышкерлер арасында түрлі-түрлі сұрақтар туындатуда. Оған қоса, «жеке сот орындаушы ешкімге бағынбайды екен, заңды белшесінен басып, білгенін істейді екен, жеке сот орындаушыға алимент төлемдерін өндіретін құжат тапсыру үшін ақша төлеу керек екен» деген әртүрлі алыпқашпа әңгімелер де жеткілікті. Осы орайда заңнамаға кірген негізгі өзгерістерді халыққа түсіндіру өзекті мәселе болып отыр. Атап айтқанда жеке сот орындаушы алимент төлемдерін өндіру туралы атқару құжатын қабылдауға міндетті. Сонымен қатар, ол санат бойынша көрсетілген қызмет тегін. Алимент төлемдерінен басқа, жеке және заңды тұлғалар жеке сот орындаушыға өндіруші ретінде аванс ақша төлесе, ол қайтарымды. Оны жеке сот орындаушы сот шешімін орындап болғаннан соң борышкерден, қаулы шығару арқылы өндіруге және аванс ақшасын жұмсағаны туралы фискалдық есебі болуы тиіс.