Құқық

Ел қауіпсіздігіне қоғам да жауапты

Ел қауіпсіздігіне қоғам да жауапты

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бейнеконференция өткізіп, есепті кезеңде атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында есеп берді. Бейнеконференция барысында барлық өңірдің тұрғындары тікелей бейнебайланысқа шығып, министрге өз сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Жиында көтерілген мәселелерді тыңдап, алдағы атқарылар жұмыстарына бағдар алған ішкі істер саласының қызметкерлерінің тұрғындардың тілек-өтініштеріне қарай көкейге түйгені көп.

Министр қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықпен ашық қарым-қатынас жасау өзекті мәселе болғандықтан, әрбір қазақстандық азаматтың жолдаған талап-тілегі мен қойған сауалдары ескерусіз қалмайтынын айтты. Күнбе-күн Ішкі істер министрлігінің ресми сайтына көптеген сауалдар түсетінін, сайтта атқарылған жұмыстардың есебі жарияланатынын, тұрғындардың өздерін мазалаған сұрақтары болса, оны жеке блогына жолдауына да болатынын жеткізді. Министрдің айтуынша, соңғы уақытта елімізде қалта ұрлығы көбейіп, 60 пайызға жеткен. Оның 25-27 пайызы – ұялы телефонға қатысты ұрлық. Дамыған мемлекеттерде ұялы телефонды бұғаттап тастайтындықтан, ол жақта телефон ұрлау қисынсыз екен. Ал елімізге қалтафондар көбіне жасырын жолмен келетіндіктен, тиісті орындар ұрлық телефонды бұғаттайтын болса, бірден 50-100 телефон қоса бұғатталып қалатын көрінеді. Сол себепті, ұрлықтың осы түрі азаймай тұр. Қалмұханбет Қасымов ауған жерінен жасырын жолмен келетін және Шу өңірінен сыртқа жөнелтілетін есірткі саудасына қатысты 2 мәселеге кеңінен тоқталды. Ақтөбе қаласында орын алған лаңкестік оқиға туралы да айтып өтті. – 5 маусымдағы Ақтөбеде орын алған діни экстремизм мен лаңкестік әрекет баршамыздың қабырғамызды қайыстырды. Оқиға барысында Ұлттық ұланның 3 әскери қызметшісі мен 5 бейбіт тұрғын қаза тапты. 7 әскери қызметші мен 12 полицей жарақат алды. Терактіге қатысқандардың бірқатарының көздері жойылып, қалғандары түгелдей қолға түсті. Қазіргі таңда олардың үстінен іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Қазір Ақтөбеде жағдай тұрақталды. Лаңкестік әрекеттің «қызыл» қаупі алынып, ол «сары» жолаққа ауысты, – деді министр. Сондай-ақ, Қалмұханбет Қасымов тұрғындардың «Лаңкестік әрекетке қатысты қылмыскерлерге қатаң жаза қолданыла ма?», «Арнайы оқу курсын оқымай, жүргізуші куәлігін алу дұрыс па?» «Қазақстан азаматтары қандай мемлекеттерге виза аштырмай-ақ бара алады?» деген сұрақтарына дәйекті жауап қайтарды. Өз кезегінде Тараз қаласы №35 мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Марина Букина министрге жасөспірімдер арасындағы қылмыс мәселесі жөнінде сауал қойды. – Жасөспірімдер қылмысы министрлік пен жергілікті атқарушы биліктің жіті назарында. Бүгінгі таңда республика бойынша 3 мыңнан аса мектеп инспекторы жұмыс істейді. Алдағы күні мектеп инспекторларының санын көбейту ойда бар. Әйтсе де, мектептер мен арнаулы және жоғары оқу орындарында ішкі тәртіпті күшейту, ата-аналардың да жауапкершілігін арттыру жасөспірімдер арасындағы қылмыстың азаюына септігін тигізеді, – деді бұл сауалға жауап берген Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы. Иә, ел қауіпсіздігі мен тыныштығына қоғам мүшелері де жауапты екенін ұмытпайық.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».