Әлеумет

Мал өсірсең, асыл тұқымды мал өсір

Мал өсірсең, асыл тұқымды мал өсір

Тайтенов-директорНұрболат Тәйтенов, «Асылдандыру- Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.

Соңғы уақытта елімізде мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттік қолдау мал басын көбейтіп қана қоймай, оның тұқымын асылдандыру бағытындағы бірқатар жұмыстарды алға бастырды. Жалпы, ірі қара тұқымының әлеуетін арттыру – заман талабы. Бұл ретте облыстық «Асылдандыру – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізгі жұмыс бағыты шаруашылық субъектілерінің меншігіндегі мүйізді ірі қара малын қолдан ұрықтандыру арқылы мал тұқымын асылдандыру, өнім өндіруді арттыру, сапасын жоғарылату болып табылады. Бүгінгі таңда облыс бойынша 163 ұрықтандыру пункті жұмыс атқарады. Оның ішінде 140-ы жеке тұлғаларға қызмет көрсетеді. Былтыр 52 935 бас ірі қара мал қолдан ұрықтандырылып, бұл іс 2014 жылмен салыстырғанда едәуір ілгеріледі. Облыс тұрғындарының сүт өнімдеріне деген сұранысы жыл сайын артып отырғанын уақыт дәлелдеп отыр. Сондықтан, сүт бағытындағы шаруашылық ісін дамыту қажет. Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарында сүтті «Әулие – Ата», Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай және Шу аудандарында «Алатау» тұқымы көптеп өсірілуде. Соның нәтижесінде былтыр 273,5 мың тонна сүт өндіріліп, көрсеткіш оның алдындағы жылдарға қарағанда 5 мың тоннаға артты. Облысымызда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрген шаруашылықтар бар. Байзақ ауданындағы «Агали» шаруа қожалығы өткен жылы 1 сиырдан 3 350 литр сүт сауып, әрбір жүз сиырдан 89 бұзау алды. Жамбыл ауданындағы «Жолдыбай», «Тимофеев» шаруа қожалықтары әр сиырдан тиісінше жылына 3 500 литр сүт өндіріп, әр жүз аналық сиырдан 85 бұзау өсімге қойып отыр. Жуалы ауданындағы «Гамбург», Қордай ауданындағы «Қақпатас–Қордай» ЖШС-тарында жұмыс өнімділігі жоғарылап, сүт өндірісі де, төл алу да артып келеді. Бұл әрине, тауарлы-сүт фермаларында жүргізіліп жатқан асылдандыру жұмыстарының нәтижесі екені даусыз. Себебі, бұл фермаларда қолдан ұрықтандыру пункттері тұрақты жұмыс атқарады. Жалпы, сиыр малын қолдан ұрықтандыру кезінде өнімділіктері жоғары болады. Әрбір туар малдың асыл тұқымдық және өнімділік көрсеткіштерін аз уақыт аралығында жақсартып алуға болады. Мүйізді ірі қараның сүт өнімділігін арттырумен қатар, сүттің майлылығын жоғарылату үшін «Әулие-Ата» сиырларына гольштинофриз, «Алатау» сиырларына швиц бұқаларының асыл тұқымы қолданылуда. Экономикалық жағынан алғанда, қолдан ұрықтандыру өте тиімді тәсіл саналады. Себебі бұл әдіс арқылы бұқаларды күтіп, бағуға жұмсалатын шығындардың көлемін бірнеше есеге дейін төмендетуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, қолдан ұрықтандыру жұқпалы аурулардың да алдын алады. Мал шаруашылығын өркендетудегі осындай тиімді іске нақты қолдау көрсету – аудандық ветеринарлық мемлекеттік кәсіпорындарының негізгі міндеттерінің бірі. Ауыл әкімдері мен саланың жауапты мамандары бұл тұрғыда тұрғындармен жиі жүздесіп, түсіндіру жұмыстарын тиімді ұйым­дастыра білгендері жөн болар еді. Ал биыл мал тұқымын асылдандыруға облыстық қазынадан 140 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Бұл қаражат өндірістік кооперативтер мен шаруа қожалықтарына қолдау көрсетуімізге мүмкіндік береді. Биыл облыс бойынша 19 611 бас мүйізді ірі қара қолдан ұрықтандырудан өткен. Жекелеген көрсеткіш Қордай ауданында – 3836, Жуалыда – 2965, Байзақта – 2387, Меркіде – 2221, Жамбылда 2136 басты құрайды. Ал керісінше Мойынқұмда – 658, Сарысуда 471 бас мүйізді ірі қараға ғана қолдан ұрықтандыру әдісі қолданылған. Малды асылдандыру – табыстың көзі. Мұндай жақсы істер біздің серіктестік тарапынан да жалғасын таба беретін болады.