«Агростан» айды аспанға бір-ақ шығарды
«Агростан» айды аспанға бір-ақ шығарды
немесе кәсіпорын күніне 100 қой сойып, оның басы мен ішек-қарындарынан дәмді ас дайындап, тараздық 100 мұқтаж адамды тегін тамақтандырып отыр
Меркі ауданы, Ақермен ауылдық округіндегі «Агростан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (жетекшісі – Темуджин Нукенов) 5500 уақ малға арналған мал бордақылау кешені іске қосылғалы бері көп уақыт өте қойған жоқ. Бүгінде оның игілігін жұрт көре бастады. Бұл жоба малайзиялық компаниялармен бірлесе жүзеге асырылған-ды. Серіктестік мал шаруашылығын дамытуда заманауи технологияларды да батыл қолға алып отыр. Малшылар үшін 18 үй салып берді. Олардың барлығы бірдей «көгілдір отынмен» жылытылады. Құм ішінен 6 шахталық құдық қазылып, пайдалануға берілуі мал суатының сайлы болуына септесуде.
Жоғарыда аталған кешенде бүгінде тәулігіне екі тонна ет дайындалып, Алматы қаласы мен Алматы облысына жөнелтілуде. Яғни, мұнда күніне жүз қой сойылады. Сойылған мал бас-сирағының ысырап боп, кәдеге аспай қалғаны жоқ. Мәселен, қой басы бірден Тараз қаласындағы «Сосновый бор» дәмханасына жеткізіліп, одан дәмі тіл үйірер түскі ас әзірленуде. Бұл орайда үйітілген бастың құйқа етінен түрлі тағамдар әзірлеуге машықтанған бас аспаз Сурадж Абдул Алим сонау Иран елінен келіп жұмыс істеп жатыр. Оның көмекшілері Қарлығаш Аманбаева мен Зұлфия Наралиеваның да дәмді ас әзірлеудегі тәжірибелері мол. Бір байқағанымыз – дәмхана иелері мен «Агростан» аспаздарының барлығы бірдей ауыз бекітіпті. – Бастың құйқасынан ас әзірлеудің өзіндік технологиясы бар. Оған картоп, түрлі дәмдеуіштер қосылады. Әсіресе, құйқаны суға салып төрт сағат, майға булап бір жарым сағат қайнатудың да маңызы зор. Содан кейін мұндай тағамның дәмді болмауы мүмкін емес, – дейді бас аспаз Сурадж Абдул Алим. Мұндай дәмді ас күн сайын тараздық 100 мұқтаж адамға қайырымдылық түскі ас ретінде берілуде. Тараз қалалық әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі белгілеген бұл санатқа аз қамтылған және көп балалы отбасыларының өкілдері, мүгедектер, тұрақты мекен-жайы жоқ адамдар, Чернобыль апатының ардагерлері және «Жасыл Тараз» мекемесінің жұмысшылары кіреді. Өздігінен жүре алмайтын ауыр науқастар мен мүгедектердің үйіне күніне бір мезгіл ыстық ас тегін жеткізіліп берілуде екен. Бір айта кетерлігі, тәулігіне жүз адамдық орынды және ас әзірлеу бөлмелерін «Сосновый бор» дәмханасының әкімшілігі тегін босатып отыр. Дәмхана иесі Ерлан Абдуллаевтың мұқтаж жандарға қамқорлығы мұнымен шектелмейді. Түскі қайырымдылық асынан бөлек, мұнда күнде кешкілікте жүз адамға ауызашар берілуде. Аталған қоғамдық тамақтану орнын аралап көрдік. Онда түскі асқа келгендер аспаздар қолымен дайындалған астың өте дәмді екеніне, аспаздарға алғыстарын білдірді. Кісілік деп, міне, осыны айт! Адамдар бойында ізгіліктің, қайырымдылықтың, қамқорлықтың мол болғанына не жетсін, шіркін!
Есет Досалы, «Ақ жол».
Тараз қаласы.