Әдебиет

Күтпеген сыйлық

Күтпеген сыйлық

Жұмадан сенбіге қараған түні Серәлі мен Майра облыс орталығы Қарағандыдан ауылға ең жақын қала – Жезқазғанға жүретін таксиге мінген. Қарағандыдан да әріде тұратын құдағилары қайтыс болып, соның жаназасынан келе жатқан беттері еді. Бір күн болса да ертерек үйге барайық деген ниеттің жетегіне еріп, жолдың тайғақтығына, күннің аязына қарамай шыға беруді жөн көрген болатын. – А-а-л, біссіміллә, – деп алақанын бір ысқылап алды жүргізуші жігіт жүрер алдында, – жол тайғақ. Құдайға сыйынып отырыңыздар. Майра білгенін айтып, дұға жасаған болды. Серәлінің құлағының мүкісі бар еді, шопыр баланың не айтқанын естісе де, үндеген жоқ. Алдыңғы жаққа қарап қойып, отыра берді. Серәліден кейін отырған осылар қатарлы әйел де бетін сипап жатты. Алдыңғы орындықта, жүргізушінің жанында отырған жас жігіт қана тіл қатты: – Жол ашық па екен өзі? Тайғақта жауып тастаушы еді ғой? – Түстен кейін ашыпты. Таңертең жабық деп жатыр еді. Бірақ, Құдай сақтасын, жол бойы шалқалап, қырындап жатқан мәшинелер дейді. Құдай өзі сақтасын. Арт жақтағылар да «Иә, Құдайларын» айтысты. Автовокзалдың жанында тұрған жасыл түсті, асты аласалау келген шетелдік автокөлік қарды сықыр-сықыр еткізе таптап, орнынан қозғала берді. Тайғақ күнгі жүріспен он сағаттық жол еді, соның тең жарымы артта қалғанда жолаушылар алғашқы сәттегі қорқыныштарын ұмытып, жайбарақат күйге түсіп, қалғуға көшкен. Жолда аударылып жатқан машиналарды, олардың айналасында бүрсең қаққан адамдарды шопыр бала жалғыз өзі байқап келе жатты. Майра бір оянғанында күйеуіне қарап еді, шалқайып, ұйықтап отыр екен. Иығына басын сүйеді де, алдыңғы жаққа – жолға қарады. Сөйтті де, көзін қайта жұма берген. Зуылдаған мотордың үні мен ызыңдаған пештің даусын естіп жатып, ештеңе ойлауға шамасы келмей, қалғып бара жатыр еді, кенеттен... Кенеттен алдыңғы жақтан әлдененің жарығы жарқ ете қалды. Майра анық көрді. Бірақ ненің жарығы екенін пайымдап үлгере алған жоқ. Әйтеуір өте жақын жерден жанғанын түсінді. Шопыр бала тежегішті шірене басып, рөлді оңға бұрып қалды. Машина шыр айналды. Екі рет айналды ма, үш рет айналды ма, әйтеуір теріс қарап сырғыған күйі қырындап барып биік тас жолдың шетіндегі цементтен құрылған аласа қоршауды соқты. Осындай жағдайда машинаны жолдан шығарып жібермей, ұстап қалу үшін жасалған қоршаудың быт-шыты шықсын. Шақыр етіп соққанда жұлынып кетті де, машинаға жабысқан күйі төменге аунай жөнелді. Бәрі де қас қағым сәтте болды. Майра есін жиса, жоғарыдағы терезеден біреулер қолынан тартып, көтере алмай жатыр екен. Қабырға тұсы түйіп бара жатқанын сезді. Басы мең-зең. Тартып жатқан кім, қайдан шығара алмай жатыр, түсіне алар емес. Далаға алып шығып, жерге отырғызған соң, есіне түсе бастады. Алдымен үш баласы ойына оралды. Олар бұл машинаға мінген жоқ. Күйеуі... Орнынан атып тұрды: – Серәлі? Серәлі қайда? – Мен мұндамын, мұндамын. Артынан келіп күйеуі ұстай алды. Сөйтсе де, әлгінде машинаның терезесін шығарып алған екі адамның біреуі осы күйеуі екен. Дін аман. Майра жылап жіберді. Шүкір айтып жылады. Сосын өксігін баса алмай тұрып, қалған адамдарды сұраған. Олар төңкеріліп жатқан машинаның арғы бетінде екен. Машина солар отырған жақпен соғылса керек, ол кісілердің жағдайы бір шама қиындау секілді. Оны көріп Майра тағы жылады. Арқаның жаяу бұрқасыны соғып тұр екен. Бұлар Қарағандыдан шыққанда күн ашық секілді еді. Қырынан жантая жатқан машинаны ықтап бесеуі едәуір уақыт отырды. Біраздан соң Жезқазғаннан жедел жәрдем көлігі келді де, ауруханаға алып кетті. Серәлі мен Майраны, шопыр үшеуін сол түні босатты. Серәлілер қызының үйіне кетті де, шопыр жігітті полицейлер ертіп әкетті. Қарсы бетке шығып кетіп, бұлардың аударылуына себепкер болған кінәлі машина табылған екен, соның ісімен кете барды. Кейін сотқа Майраларды да шақыратын болып, мәліметтерін жазып алды. Ал жас жігіт пен қартамыс әйел бір аптадай емделетін болып, ауруханада қалған. Ертесіне ауылға келген соң, Майра күні бойы есін жия алмай жүрді. Хал сұрай келген әйелдермен де көп сөйлесе алған жоқ. Балаларын ойлай берді. Өліп кеткен болса, қызының, күйеу баласының халі не болар еді деп бір жылады. Қаладағы былтыр оқуын бітірген ұлының жағдайын ойлап тағы егілді. Ал енді әлі бастауыш сыныпта оқитын кенжесінің жайын ойлауға тіпті дәті бармады. Үнсіз өкси берген. Кешке жақын май былғап отырып, болған оқиғаларды тағы есіне алды. Шайдан кейін қисайып жатқан Серәлі ұйықтап кеткенге ұқсайды. Кіші ұлдары есік алдында ойнап жүрген. Оңаша сәтті пайдаланып, күйеуін оятып алып, аман қалғанына шүкір айтып, бір ақтарылғысы келді. Балаларға деген, оның өзіне деген махаббатын да айтқысы келді. Бірақ отасқандарына отыз жылға таяса да, олай шешіліп сөйлесіп көрмепті. Кітаптарда, киноларда болатын ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына Майра таңғала қарайтын. Солар құсап шешіле сөйлеу біртүрлі жасанды секілді көрінеді. Одан гөрі томаға-тұйық күйеуімен үнсіз түсініскенді тәуір көретіндей. Бұйра шашын жастыққа батырып, ұйықтап жатқан күйеуіне қарап жымиып қойды. Кешеден бері үнсіз жүргенін, әлсін-әлсін бұған қарап тұнжырай беретінін де байқаған. Бұндай сәттерде тіпті іші елжіреп кетеді. Жай күндері болмашыға бола ұрсысып қалатындарын ойлайды. Бір-бірінің бар екенін көпсіне ме, осы адамдар керісе беретіндері несі екен? Кеше, мысалға, екеуінің біреуі жазым болып кеткенде не болар еді? Құдай-ай, өзің сақтай гөр... Майра жас шалына бастаған көзін білегімен бір сүртіп өтті де, күйеуіне тағы қарады. Қартаяйын дегені ғой, Серәлінің шашы селдір тартып, маңдайы жарқырай түсіпті. Жас кезінде қалың кекілі қабағына түсіп тұрушы еді. Ол кезде Майра да жас. Тура мына бүгінде тұрмыс құрып отырған жалғыз қызы секілді. Ол өзі осы Майраға тартып, жүзінде нұры ойнаған сұлу болып өсті ғой. Одан кейінгі екі ұлы да сымбаттан кенде емес... Майра осындай ойлармен отырып, майын былғай берген.

* * * Жол апатынан кейін үш күн өткенде, дүйсенбіде Майра жұмысына барды. Жағдайдан хабардар болған бастығы түсіністікпен қарап, түске дейін көп жұмыс істеткен жоқ. Майра әріптес әйелдерге басынан өткенін айтумен болды. Олар да өз кезектерінде естіген, көргендерін айтысып жатты. Түстен кейін әңгіме сұрап келушілердің қатары сиреді де, кабинетте Майра жалғыз қалған. Күні бойғы әңгімеден кейін біраз жеңілдеп қалған екен, енді оны-мұны қағаздарды толтыруға отырған беті еді, кабинетке күйеуі кіріп келгені. Қолында қорабы бар. – Неғып жүрсің? Күйеуі жауап берген жоқ. Қорапты ұстаған күйі алдына келді де, қағаздар жатқан үстелдің үстіне қоя салды. Неге екені, осы кезде Майраның жүрегі тулап кетті. Бірақ онысын білдірмеуге тырысты. Қорапты көрмеген адамдай, ол туралы ештеңе сұраған жоқ. Күйеуі болса оқушы бала секілді түп-түзу бұрылды да, анадай жердегі орындыққа барып отырды. Майра енді күйеуінен жұмысын, кенжесінің сабағын, малдың жайланған-жайланбағанын сұрай бастады. Серәлі де түскі аста ғана айтылған, белгілі нәрселерге мағынасыз жауап беріп, өзінен-өзі қипақтап, сәл отырды. Сосын тұрды да, үндеместен кабинеттен шығып жүре берді. Күйеуі шығып кеткен соң, Майра қызыл түсті әдемі жіппен байланған қорапты аша бастады. Ашып қараса... ішінде шаш кептіретін фен екен. Жылтыр қағазға әдемілеп оралыпты. Майра өлімнің аузынан қайтқаннан кейін, есі кіріп-шығып жүргенде бүгін өзінің туған күні екенін де ұмытып кетіпті. Өмірінде бірінші рет күйеуінен сыйлық алып тұрғанда есіне бір-ақ түсті.

Арман Әлменбет.

Алматы.