Ұлт рухын жаңғыртқан жампоз еді
Ұлт рухын жаңғыртқан жампоз еді
Елімізге белгілі ғалым, археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетов өмірден озды. Ол – «Алтын адамды» алғаш болып тапқандардың бірі. Оның тынымсыз еңбегі отандық археология саласына өлшеусіз үлес қосса, қайсарлығы жастарға үлгі болып қалды. Сондай археолог-ғалымның қазасы елдің қабырғасына батады. Бекмұханбет Нұрмұханбетов бұрынғы Талдықорған облысындағы Қарасу ауылында туып-өскен. ҚазҰУ-дың тарих факультетінде оқыды. 1969 жылы Алматы маңындағы Есік қорғанын зерттеу барысында жас археолог пен оның ғылыми жетекшісі Кемал Ақышев бірегей ескерткіш тапты. Биіктігі алты метр болатын ежелгі сақ қорғанынан алтын киімді адам табылды. Археологтар мүрдеден төрт мыңнан аса әшекей тапты. Бұл әшекейлер таза алтыннан құйылған болатын. Зергерлік бұйымдар киімге тігілген күйі жақсы сақталған екен. Қорғаннан сонымен қатар, алтын жүзік, қола және алтын қару, түрлі ыдыстар да табылған. Осы ғылыми экспедицияның басы-қасында жүрген археолог-ғалым халқымыздың көне тарихи ескерткіштерін әлемге танытуда көп тер төкті. Алтын адам сақтарда мемлекеттік өркениет ертеден қалыптасқанын дәлелдеп берді. Алтын адам Қазақстанның азаттық символына айналды. Оның тұлғасы Алматының бас алаңына орнатылған. Ал Сақ патшасының бөркіндегі қанатты тұлпарлар Елтаңбамызда бейнеленген. Бекмұханбет Нұрмұханбетов ұлттың рухын жаңғыртып қана қоймай, әлемдік өркениетке қазақ елінің тарихы тым тереңде жатқанын дәлелдеуімен де абыройға бөленген еді.