Әлеумет

«Сендер –Тәуелсіз еліміздің мақтанышысыңдар!»

«Сендер –Тәуелсіз еліміздің мақтанышысыңдар!»

Облыс әкімі дарынды  оқушыларды қабылдады

IMG_1516Кеше облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өңіріміздегі ең үздік 100 дарынды оқушыны қабылдады. Білімге құштарлықтарының арқасында қатар-құрбысынан озып, өңір басшысымен кездесуге шақырылғандар – халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздары, биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде 124 балл жинаған түлектер еді. Жалпы, 2015-2016 оқу жылында облыс бойынша интеллектуалдық іс-шараларға 37624 оқушы қатысып, 7545 жеңімпаз атанған. Соның ішінде халық­аралық және республикалық білім додаларына қатысқан 272 оқушы­­ның 137-сі алтын медальға ие болған.

Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы дарынды оқушыларды қол жеткізген жетістіктерімен құттықтады. – Елбасымыз айтқандай, біздің жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылу арқылы еліміздің дамуына үлес қоса алады. Білім – бәсекелестіктің басты өлшемі екенін ұмытпауымыз керек. Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толып отыр. Тәуелсіздігіміздің әр сәті бағалы десек, осынау ширек ғасыр уақыт облыс өмірінде де алтын соқпағын қалдырды. Осы жылдар ішінде елімізде 1700 жаңа білім нысаны салынса, оның 92-сі біздің өңірде бой көтерді. Оның – 71-і орта мектеп, 20-сы балабақша, 1-еуі колледж. Бұны жас жеткіншектердің алаңсыз білім алуы үшін жасалған қамқорлық деп түсінуіміз керек. Мемлекет қамқорлығын сендер терең білім алып, оқуда озат болу арқылы ақтап отырсыздар. Сендердің қол жеткізген табыстарың осы еңбегіміздің далаға кетпегенін көрсетеді. Сендер – Тәуелсіз еліміздің мақтанышысыңдар! ҰБТ бойынша облысымыз 78,71 пайызды көрсетті. Оған 124 балл жинаған тараздық Сұлтан Көбеевтің, жуалылық Камила Мұратаева мен Санжар Наурызқұловалардың қосқан үлестері қомақты. Сендердің пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстарда, ҰБТ сынағында жеткен жетістіктеріңе ата-аналарың мен ұстаздардың сіңірген еңбектері өте үлкен. Сондықтан, осы жетістіктері үшін оларды да құттықтағым келеді. Алдағы уақытта да еңбектерің жанып, білім бәйгесінде олжалы бола беріңдер, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Облыс әкімінің сөзінде үлкен мән бар. Расында оқушы жетістігі – ұстаздардың еңбегінің, ата-аналардың перзентіне берген тәлім-тәрбиесінің жемісі. Облысымызда білім саласын дамытуға баса көңіл бөлінеді. Жамбылдық жас дарындардың республикалық пән олимпиадаларында бесінші жыл қатарынан командалық есепте бірінші орыннан көрінуі, ғылыми жарыстарда үздік команда атағын 4 рет қорғап қалуы – соның дәлелі. Облыс басшысы кездесуде озаттарды тәрбиелеген білікті ұстаздарды да Құрмет грамотамен марапаттады. Облыстық дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің оқушысы Данияр Әбесбек, облыстық «Дарын» мектебінің оқушысы Әсел Шайдозимова, математика және механикадан Ө.Жолдасбеков атындағы халықаралық ғылыми жоба жарысының қола медаль иегері Елжан Қолан, Тараз қаласы №24 гимназия оқушысы Шыңғыс Исабеков, №5 Жамбыл атындағы орта мектеп-гимназиясының түлегі Арын Тұрар білімді жастарға қолдау көрсеткен облыс басшысына алғыстарын білдірді. Олар Тәуелсіз еліміздің дамуына өз үлестерін қосатын елеулі азамат болуға, Елбасының және облыс басшысының сенімдерін ақтауға уәде берді. Облыс әкімі жиынды қорытындылап, дарынды балаларға үлкен өмір жолында сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ол облыстың мақтанышы болған шәкірттердің шетелге, өзге қалаларға білім іздеп барғанын құптайтынын айта келіп, Тараздағы университет, институттарда білім алуға шақырды. «Сендердің шет мемлекеттің таңдаулы университеттерінде оқығандарыңды, Астанада білім алғандарыңды мақтаныш етемін. Алайда туған өлкелеріңді, өскен ауыл, қаланы, білім алған алтын ұяларыңды ұмытпаңдар» деді Кәрім Нәсбекұлы. Жиын соңында марапатталған ұстаздар және дарынды жастар облыс әкімімен бірге естелік суретке түсті.

Есет Досалы, «Ақ жол».