Жеңілуден көз ашпаған «тараз»-ай!
Жеңілуден көз ашпаған «тараз»-ай!
Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 15-туры аясында турнир кестесінің соңғы екі орнында сүйретіліп келе жатқан Оралдың «Ақжайық» футбол клубы мен «Тараз» футболшылары өзара кездесті. Оралдағы ойында «Тараз» жеңіске жетсе, 11-орындағы «Ақжайықты» төмен сырғытып, бір саты жоғарылайтын еді. Алайда... Төреші ысқырығы естіле салысымен допты бақылауда ұстаған «Ақжайықтың» ойыншылары «Таразға» үш ұпай түгілі соқыр ұпай ұстату ниеттері жоқ екенін бірден байқатты. Салған жерден шабуылға иек артқан оралдық ұжым жылдам гол соғып та үлгерді. Ойынның он алтыншы минутында «Тараз» футболшыларының бірі айып алаңында ереже бұзды. Кездесудің бас төрешісі ойланбастан нүктені көрсетті. Он бір метрлік айып добын орындағын Ортиз былғары допты қақпаға шегедей қадады. Бұдан кейін де «Ақжайық футболшылары толассыз шабуылдар ұйымдастырды. Абырой болғанда алғашқы кезеңде «Тараз» қақпасына екінші гол енген жоқ. Кездесудің екінші бөлігін де оралдық команда ширақ бастады. Ұрымтал тұстардың бірінде ұтымды сәтті мүлт жібермеген Ортиз ойынның 54-минутында екінші мәрте қанжығасын майлап, есепті 2:0-ге жеткізді. Онсыз да алаңда мардымсыз ойынымен жанымызды жабырқатқан «Тараздың» есепті теңестіретініне енді үлкен күмәнмен қарай бастадық. «Тараз» гол соққанда да мол соғу керек. Алайда, шабуылда жеңіліп жатқан ұжымнан гөрі, жеңіске бір табан жақын «Ақжайықтың» шабуылы алмас қылыштың жүзіндей өткірлене түсті. Әйтеуір, «Таразды» бір тылсым күш қорғағандай көрінді. Әйтпесе, бірнеше гол жіберіп алар ма еді... Кездесудің жетпіс бесінші минутында жамбылдық ұжымның қатарына жаңадан қосылған Алиев жеке шеберлігінің арқасында бір футболшыны алдап өтіп, айып алаңының сыртынан шірене тартты. Гол! Үміт оты қайта лаулады. Қанша дегенмен, ойынның аяқталуына 15 минут бар ғой. Жоқ, «Тараз» қанша талпынғанымен есепті теңестіре алмады. Өкінішті. «Ақжайық» бізден төрт ұпайға ұзап кетті. «Тараз» алдағы уақытта да осындай сүреңсіз ойын көрсетіп, жеңіле берсе, бірінші лигаға топ ете қаламыз-ау.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».