Шарқ ұрған шағаладай шарасыз хал...
Шарқ ұрған шағаладай шарасыз хал...
Фантастика! Ой ұшқырлығы. Иә, Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры сахнаға алдымен композитор Адольф Аданның Генрих Гейненің аңызы негізінде жасаған, әлемдік деңгейдегі «Жизель» атты екі актілі фантастикалық балетін алып шығуды жөн деп ұйғарыпты. Сен-Жорж, Готье, Кораллидің либреттосы мен Корралли, Перро, Петипалардың шығармашылық тандеміндегі хореографиясы ортақ үйлесім тапқан туынды таңдай қақтырмай қойсын ба?! Әр көріністе мифті әрі ысырып тастайтын пантомимолық әрекеттер, яки пластикадағы мәнер, па-де-демен жарасым тапқан сәттер (екі кісілік би партиялары) көзді сахнаға байлап тастайды...
Күн сәулесі көлбеу түскен шағын деревняда маңдайын нұрға тосқан қыпша бел, шие ерін, бейкүнә арудың әлдебір құстардың әніне елітіп, еркелеп, назданып тұрғанының өзі көңіл бұлтын сілкіп жіберері сөзсіз. Ол – Жизель. Сахнадағы көкорай шалғын баяу тербелетіндей. Жизель де сүйрік саусақтарымен Жер-ананың төл туындысын бүлдіріп алғысы келмегендей нәзік қана қимылдайды. Көңіл бұлтынан парлаған тамшылар шалғынның белін орай түскісі келеді. Бұл да бір қауышу, сағыныш, ностальгия... Жүрегі Жизель деп соғатын орманшы Ганстың сұлудың сүйіктісі Альберттің жай адам емес екенін қимыл-әрекетпен жеткізуі, Альбертке қарсы шығуы да нанымды бейнеленеді. Тіпті, Альберттің үйіне ұрлана кіріп, гербі бар күміс сапыны әшкерелеп, оның тегін жасырғанын айғақтауы – сұлу үшін алғашқы соққы болса, қарапайым қыз Жизельдің ауылына қосшыларымен қансонардан серуендеп келген Альберттің екінші өтірігінің ашылуы мәселені ушықтырады. Шағын ғана үй маңындағы пейзажға толы алаңда шаруа отбасы қонақтарды қуана қарсы алады. Алайда, осы маңнан Альберттің қалыңдығы, жүрісі паң Батильданың табылуы, билеп келіп гербі бар сапыны Ганстың көрсетуі – Жизельдің жүрегіне жүк түсіреді. Құдіреттей сенген сүйіктісінің қитұрқы әрекеті, күлі көкке ұшқан балауса арман. Адалдықтың атын аударған арамза пиғыл... Сеңдей соғылысқан санадағы сансыз ойлар Жизельді ақыл-есінен айырады. Махаббаттан қасіретке дейінгі қадам. Шарқ ұрған шағала сезім. Шағала тағдыр. Бір бұрышта бүк түсіп отырған Альберт, паң ханшайым, шындықты айтқанына риза Ганс. Төрт түрлі характер жиынтығын сөзсіз түсіндік. Ақ көйлекке оранған ақ қанат ару, бейкүнә шағала құсап әрлі-берлі заулайды. Айдын қайда қонатын, арман қайда орындалатын?! Бәрі де бекер. Қанатын күйік шалған шағала ақылынан алжасып, бақилық болады. Бойжеткендік романс, романтикалық сезім соңы сергелдең. Күзгі мұң. Тағдыр тәлкегі. Періште көкке ұшты... Бәлкім, арманы сонда орындалар дестік... Екінші бөлім түн қанатын қаққан сәттен басталады. Труппа тыста. Деревня молаларының ортасында сүйгеніне жетіп үлгермеген қалыңдықтың елесі – виллистер бейнесі ай жарығымен айқын көрінеді. Сезім сергелдеңіне түскен Ганс шыр көбелек айналып, Жизельдің зиратына аяқ басқанда, оны виллистер төрт жақтан қоршауға алады. Әлдебір тылсым Гансты құлап түскенше шыр айналдырады. Альберт те Жизельді сана төрінен өшіре алмай молаға келгенде құбыжықтай қоршаған виллистер Ганстың тағдырын қайталағысы келеді. Алайда ақ қанат періште Жизельдің көлеңкесі оны қорғайды. Мұндағы философия түйіні – махаббат ешқашан өлмейдіге саяды. Алаулап атқан таңның сәулесі жермен қауышқан сәтте елес-виллистер көз ұшынан ғайып болады. Жизель де жоқ. Айнала тұман. Алайда осы бір елестер Альберттің жүрегінде ажал отынан да әсерлі болып қала береді. Жан мен тәннің айқасы да, махаббаттың құдіреті де осы емес пе? Қойылым бітті. Бірақ, өзіміз сахнадан алшақтағанымызбен, көзіміз театр сахнасына байланып қала берді. Жизельдің қабіріне Альберт қойған шоқ гүлдер солмаған шығар... Соңынан залға жиналған жұртшылық тік тұрып, өміршең өнер иелеріне қол соқты. Сахнаға облыс әкімінің ықылас гүлі әкелінді. Туындыны көрермендер қатарынан табылған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов та тамашалады. Балеттің құдіреті – сөзсіз, тек қимылмен жүректі баурауы. Онда суретшінің жұмысы да, басқа да терең үйлесім табуы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде, суретші Анатолий Ненашевтің қоюшы балетмейстер Александр Селезневтің және режиссердің көмекшілері мен балетмейстер кеңесшілерінің, хореографтың және өзгелердің жүректерінің бір арнада тоғысып, үйлесім табуы шеберлік дестік. Келесі күні театр ұжымы «Кармен сюитасын», «Шехерезаданы» қойып, халықтың ризашылығына бөленді.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».