Әдебиет

«Бозқақтан бұлттар ауғанда...»

«Бозқақтан бұлттар ауғанда...»

ақын Баймаханбет Ахметтің жаңа жинағы жарық көрді

Ақын Баймаханбет Ахметтің жаңа жыр жинағы жарық көрді. «Бозқақтан бұлттар ауғанда» деп аталатын жаңа жинақ Тараздағы «Сенім» баспасынан басылып шыққан. Оған ақынның осыған дейін әртүрлі мерзімдік басылымдарда жарияланған, сондай-ақ жаңадан жазылған жырлары, поэмалар мен балладалары енген. 

Қашаннан өзінің айра-жайра болмысын өлеңге өзгеріссіз түсіретін Баймаханбет ақынның шығармалары шынайылығымен, өрелілігімен бағаланып келеді. Қай тақырыпқа қалам тартса да, тереңнен сыр суыратын ақынның жаңа кітабында Отанға, елге, жерге, тарихқа деген құрметі мен сүйіспеншілігінен өрілген өлеңдер жинақтың мазмұнын арттырып тұр. Ол ғана емес, ақын махаббат, достық, көңіл күй лирикаларын да әдемі өрнектеген. «Аққудың өті», «Тау көтерген Толағай» секілді поэмалары да көпшілік назарына ұсынылған. Сонымен қатар, ақынның өлеңдеріне жазылған әндер де жаңа жинақтан орын алған. Осының бәрі сауатты сыншы оқырманға, жырсүйер жұтшылыққа арналған. Жинақтың алғысөзінің орнына жерлес ақын-жазушылар Рафаэль Ниязбек пен марқұм Нарша Қашағановтың бұрындары ақынның шығармашылығы хақында білдірген ой-топшылаулары берілген. Қос қаламгер де ағалық пейілдерімен Баймаханбет ақынның шығармашылығы жайлы орамды ойларын ортаға салған. Қорыта айтқанда, жаңа жинақ­тың айтары бар, берері мол.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».