Жарты жылда 33 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырған
Жарты жылда 33 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырған
Асқар Туғанбаев 2007-2010 жылдары Қордай ауданы, Гвардейск қалашығындағы №21450 әскери бөлімінде командир орынбасары болып қызмет еткен екен. 2014 жылы күз айында қаржы полициясы сол бөлімге тексеру жүргізіп, командир орынбасарының 31 936 964 теңгені «жымқырып» кеткенін анықтаған. Бұл кезде ол Т. Рысқұлов ауданы, Луговой стансасындағы №42062 бөліміне ауысып кеткен болатын. Сондықтан, Туғанбаев бұрынғы қызметіндегі шығынын жаңа қызметін пайдалану арқылы жапқысы келген. Ол қарамағындағы қызметкерлерінің жалақы алатын карточкасының нөмірін пин-кодымен бірге біліп алып, электронды түрде төленетін өтірік шоттар ашып, оны жалған мәліметтермен толтырады. Оны өзінің электронды цифрлық қолтаңбасымен нақтылайды. Жалған құжаттарға бөлімнің бұрынғы командирлері Беркінбаев, Тәжібаев және штабтың бұрынғы бастығы Жолдасбаевтың орнына қол қояды. Мәліметке сүйенсек, Асқар Эльрусұлында қызметтестерінің де электронды цифрлық қолтаңбалары болған екен. Осылайша ол 2014 жылдың қазанынан 2015 жылғы наурызға дейін Дәуренқұлов, Тұрапов, Маңқаев, Шүйіншібаев сияқты қызметкерлердің карточкасына заңды түрдегі жалақысынан бөлек, іссапар шығыны, сауықтыру өтемақысы тағы басқа мақсаттарға қосымша қаржы аударып отырады. Жарты жылдың ішінде осы «тәсілмен» 33 миллион 244 017 теңге жинаған. Бұл ақша қарызын түгел жауып, өзіне тиесілі «сыбағасын» алып қалуға толық жететін еді. Бірақ, оның алаяқтық әрекеті жүзеге аспады. Сот Асқар Туғанбаевты қызметін асыра пайдаланып, өзіне сеніп тапсырылған өзгенің мүлкіне қол сұққаны үшін айыпты деп тапты. Мүлкін тәркілеп, 7,5 жыл бас бостандығынан айыру туралы жаза кесті.