Мәдениет

Белгіленген мақсаттар мен міндеттер орындалуда

Белгіленген мақсаттар мен міндеттер орындалуда

Әділет министрі Берік Имашев бейнеконференция өткізіп, халық алдында есеп берді. Министрліктің ағымдағы жылдың 5 айында атқарған жұмыстарының есебін тікелей бейнебайланыс арқылы әділет органдарының ардагерлері, сала қызметкерлері мен кәсіпкерлер тыңдады.

Берік Имашевтің айтуынша, министрлік соңғы жылдары ұлттық заңнаманы қалыптастыру, құқықтық қызмет көрсетуді, зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды және сақтауды ұйымдастыру, атқарушылық іс жүргізуді қамтамасыз ету, сот-сараптама қызметін ұйымдастыруда бірқатар тиімді шараларды қабылдаған. Соның нәтижесінде, стратегиялық жоспарда өткен жылы белгіленген барлық мақсаттар мен міндеттер орындалған. Әділет министрлігінде бекітілген индикаторлар бойынша жиынтығында 45 позицияға жоғарылауға қол жеткізілген. Бұл ел көрсеткіштерінің жалпы рейтингте 41 пайызға жақсаруына септігін тигізіп отыр. Бейнеконференцияда министр кездесуге қатысқан азаматтардың ғана емес, сондай-ақ өңір тұрғындарының сұрақтарына да жауап берді. Қойылған сұрақтардың басым көпшілігі – атқарушылық іс жүргізуге және құқықтық қызмет көрсетуге қатысты мәселелер. Алимент өндіруге байланысты және басқа да жеке мәселелер бойынша сауал жолдағандар да бар. Астана қаласының тұрғыны қойған сауал қазіргі кездегі өзекті тақырыптардың бірі болып отырғанын айта кету керек. Жеке сот орындаушылары банк шоттарындағы ақпаратты алғаннан кейін оны өз пайдасына қолданып кету қаупі туралы сұраған тұрғынға министр: «Жеке сот орындаушыларын мемлекеттiк органдар мен банк шоттарының мәлiметтер базасына қосу мәселесiн министрлікте ұзақ уақыт талқыладық. Бұған көбісі қарсы шықты. Алайда, сот орындаушыларын мемлекеттік немесе жеке деп бөліп қарауға болмайды. Бірінші кезекте олардың алдында тұрған мiндеттерге назар аударғанымыз жөн. Қандай жағдай болмасын, сот орындаушыларына артылар міндет бірдей. Көпшілігіміз мемлекеттiк сот орындаушысының жұмысы жекеге қарағанда үнемі бақылауда тұрады деп ойлаймыз. Жүйеге енгізіліп отырған өзгерістерде мұның барлығы қарастырылған. Жеке сот орындаушы мәлiметтер базасына, ақпараттық жүйеге қолындағы iс бойынша ғана қарауға құқығы бар. Әуелі мәлiмет алу үшiн сот үкiмiн көрсетiп, iске қатысы бар нақты соманы белгiлеуі тиіс», – деп жауап берді. Берік Имашев жеке сот орындаушыларының міндетіне соттың рұқсатымен ғана жүзеге асатын жұмыстар кіретінін айтты. «Банк тарапы оған рұқсат бермес бұрын сот базасының ресми сайтына кiрiп, үкiм мен сот орындаушының бар-жоғын тексеруіне құқығы бар. Бұл жерде ешқандай қорқатындай жағдай жоқ», – деді ол. Кездесу барысында министр өзінің атына жолданған көптеген сауалдардың ауқымы кең екенін, соған байланысты кеңседе қаралатындығын және сол бойынша он күн ішінде тиісті жазбаша жауап беретіндігін айтты.

Наурызбек САРША,  «Ақ жол».