Сақтықта – қорлық жоқ
Сақтықта – қорлық жоқ
Облыс әкімі төтенше оқиғалардың алдын алуға тапсырма берді
Көктем, жаз айларында ауылшаруашылығы зиянкестерімен күресе отырып, аса қауіпті Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының және дала өрттерінің алдын алудың маңызы зор. Содан кейінгі бір жауапты міндет – суда құтқару қызметін жетілдіру. Бұлардың қай-қайсысының да адам өміріне және экономикаға тікелей қатысы бар.
Облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысын ашып, жүргізіп отырған облыс әкімі, комиссия төрағасы Кәрім Көкірекбаев осы мәселелерге мән бере сөйлеп, өткен жылы 22 адамның суға кетуіне және бір адамның кенеден қайтыс болуына жол берілгеніне өкініш білдірді. Биыл да сондай орны толмас өкінішті оқиғалардың орын алмауы үшін ерте бастан қам жасау және әрқашан қырағы күзетте болу керектігін ескертті.
Комиссия отырысында хабарлама жасаған облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Зиятхан Өмірәлиев Қазақстан Республикасы «Ветеринария туралы» Заңының 10-бабының талаптарына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесе отырып, халық денсаулығын жануарлар мен адамдарға ортақ аурулардан қорғауды ұйымдастыру және өзара ақпарат алмасуды жүзеге асыруда атқарылған және атқарылатын істерге тоқталды. Сонау 2003 жылдан бері облыстық бюджеттен және Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағы болып табылатын Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандары әкімдіктерінен кенемен күреске жеткілікті қаржы бөлініп келеді. Мәселен, 2014 жылдың өзінде вирус таратушы кенеге қарсы малды, мал қоралары мен аулаларды дезинфекциялық дәрілеуге республикалық бюджеттен – 30 миллион 895 мың, облыстық бюджеттен – 46 миллион 835 мың, аталмыш аудандар бюджеттерінен 20 миллион 853 мың теңге қаржы бөлінген. Іс барысында дезинфекциялау, залалсыздандыру және дәрілеу жұмыстарын үш рет жүргізу жоспарланған. Бүгінгі таңда мамыр айының ортасына дейін аумағы 3078776 шаршы метр 9268 аула мен қора залалсыздандырылып, 42806 бас мүйізді ірі қара, 389332 бас уақ мал, 6182 бас жылқы, 1887 бас түйе кенеге қарсы дәріленіпті. Бұл жұмыс жалғастырылуда. Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Қалдыбек Қазанғапов осы мәселеге баса назар аудара отырып, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының ошағы болып табылатын аудандар – Сарысуда – 6, Мойынқұмда – 6, Таласта 2 тоғытпа салынғалы жатқанын тілге тиек етті. Ол тоғытпалар елді мекендерге жақын орналасуы керек екенін ескертуді де ұмытқан жоқ. Онысы жөн-ақ, ірі шаруа қожалықтарымен қатар ауыл тұрғындарының азын-аулақ малының да қамын ойлағандықтан айтылған сөз бұл. «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» деген қағиданы қатаң ұстанған Қалдыбек Жақсылықұлы қауіпті дерттің ошағы саналатын Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандарының 49 қолайсыз елді мекенінде небәрі 12 тоғытпа ғана бар екенін айтты. Әр ауданда – төртеуден. Оның өзінде де Сарысудағы 2 тоғытпа іске қосылмаған. Өткен жылы наурызда облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілген кешенді жоспар бойынша осы аудандарда 15 тоғытпа салу жоспарланса, соның Мойынқұмда – екеуі, Таласта біреуі ғана салынған. Өкінішті мысал, жыл басынан бері кене шағудан тіркелген 193 адамның басым көпшілігі (136-сы) табиғи ошаққа жатпайтын аудандар мен Тараз қаласынан болуы. Кенеден зардап шеккендер 14 күндік медициналық бақылауда болып, 107-сі бақылаудан шыққан, 86-сы бақылауда болғанымен шағымдары жоқ. Осы жиынға арнайы қатысқан республикалық тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі санэпидқадағалау департаменті басшысының орынбасары Айтмағанбет Жолшоринов облысымызда кенеге қарсы күрес жолға қойылғанын айта келе: «Жамбыл облысының ісі өзгелерге үлгі етуге, тәжірибесі таратуға тұрарлық», – деді. Селекторлық режімде өткен отырыста комиссия төрағасы Кәрім Көкірекбаев Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының ошағы болып табылатын Мойынқұм, Сарысу аудандарының әкімдері Болат Мәдікенов, Қанатбек Мәдібек пен Талас ауданы әкімінің міндетін атқарушы Серік Дадабаевтарды тыңдап, оларға кенеге қарсы күресте ертерек қимылдау керектігін ескертті. Облыс әкімі бейбіт күнде адамдардың тілсіз жаудан ажал құшып жатқанына өкініш білдіріп, сөзді облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Суда құтқару қызметі» ММ басшысы Марат Нұржановқа берді. Оның мәлімдеуінше, 2013 жылы суға кеткендер саны арғы жылға қарағанда аз. 2013 жылы – 22, 2012 жылы 33 адам. Бірақ реті келсе, кісі өліміне жол бермеген жөн. Үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында 6 адам суға кеткен, оның 3-еуі жасөспірім балалар. Хабарламашы Тараздағы «Зербұлақ», Қаратаудағы «Жартас» көлдері маңайындағы құтқару құрал-жабдықтары, судағы қауіпсіздік шаралары туралы жүргізілген үгіт-насихат жұмыстары, ілінген көрнекі құралдар, тағы басқа атқарылған іс-шаралар туралы айтты. Биылдың өзінде далалық алқаптарда болған екі жану оқиғасында от 4 гектарды жайлап үлгерген. Дала өрті мемлекеттік өртке қарсы қызметтің қатысуымен сөндірілген. Жамбыл ауданында болған осындай оқиға кезінде ерікті өртке қарсы құрылымдардың қатыспағаны өкінішті-ақ. Өрт қаупі бар маусымда барлық мәндегі автожолдар мен теміржол бойында, орманмен шекаралас аумақтарда өртке қарсы жолақ жырту жасау – міндетті. Осы міндетті жұмыс Талас, Жуалы, Жамбыл, Меркі, Қордай және Шу аудандарында тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылауы бөлімінің басшысы, өртке қарсы қызмет подполковнигі Мақсат Әкімбаев комиссияға өз қызметтері жайында осылай баян етті. Осы тақырыпта хабарлама жасаған облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Болат Әмірғалиев өз ведомствосында өртке қарсы іс-шаралардың қалай ұйымдастырылып жатқаны туралы айтты. Басқармада 2007 жылғы Үкімет қаулысына сәйкес биыл 14 орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері жанынан алғаш рет өртке қарсы күрес қызметі құрылған. Орман қоры жерінде құрамында 356 адамы бар 42 өрт сөндіретін топтар жасақталыпты. Олар қажетті техника және өрт сөндіретін құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тіпті, үстіміздегі жылдың сәуірінен бастап облыс орман қорының 3,2 миллион гектар алқабы әуеден тікұшақпен күзетілуде. Басқарманың орман шаруашылықтарында 8 өрт сөндіру машинасының 5-еуі жүріп тұр, тағы 6-ауын алуға 44 миллион теңге қаржы қарастырылған. Б. Әмірғалиев өрттің алдын алуда жүзеге асырылып жатқан іс-шаралардың бірқатарын тілге тиек етті. Комиссия отырысын қорытындылаған облыс әкімі күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша барлық қызметтерді төтенше оқиғалардың алдын алуға дайын болуға тапсырма берді.
Болат Жаппарұлы, «Ақ жол».