Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған
Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған
байланыс қызметінің бүгінгі ахуалы қандай?
Пошта байланысы – қала мен даланы, елдер мен құрылықтарды байланыстырушы буын. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» Саланың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Байланыс мекемелерінің қызметіне деген сұраныс артты ма? «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Шыңғыс Тұрлыбековпен әңгімеміз осы тұрғыда өрбіді.
– Негізгі міндетіміз – тұрғындардан коммуналдық төлемақы қабылдау, еңбекақы, зейнетақы тарату, кәртішкелік қызмет көрсету, инкассация (аса бағалы металдарды тасу) секілді қаржылық, сондай-ақ пошта байланысы қызметтерін көрсету. Құрылымдық бөлімшелерімізде агенттік келісімдерге сәйкес лотерея, әуе және темір жол билеттері де сатылады. Оларға ауылдықтар облыс орталығына сабылып жатпай-ақ, жергілікті жерде қол жеткізе алады. Құзырымызға «Трансфер агенттігі» деген де қызмет түрі кіреді. Яғни, ірі компаниялардың құнды қағаздары біз арқылы сатылады. Өзіміздің жеке сайт, порталымыз бар. Міне, соларды пайдалану арқылы тұрғындардың коммуналдық қызмет төлемақысын төлеуіне, ақша салуына, жазылымдарды рәсімдеуіне, интернет-дүкеннен заттар сатып алуына мүмкіндіктері бар. Осы шаруаның бәрін де олар үйінде отырып-ақ жүзеге асыра алады. Бізде фельдегерлік қызмет көрсететін арнайы байланыс бөлімі де бар. Оларда арнайы жөнелтілімдер әкімшілікпен, әскери бөлімдермен, құқық қорғау органдарымен бірлесе жүзеге асырылады. Мекемемізде жалпы 100-ден астам қызмет түрі көрсетіледі, – деді Шыңғыс Ерланұлы. – Жалпы байланыс қызметінің бүгінгі ахуалы қандай? – Бізде әкімшілік өндірістік, сондай-ақ Тараз қаласы мен 10 аудандағы 260 құрылымдық бөлімшелер қызметкерлерінің бәрін қоса алғанда, 1150 адам жұмыс жасайды. Аудандардағы бөлімшелер ғимараттары, орталық аппараттағы кассалық бөлімшелер кестеге сәйкес жаңартылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Байланысшылардың қызметтік бірыңғай киім үлгілері дайындалуда. Басқа да ішінара өзгертулер бар. – Хат тасушылардың айлық жалақысының төмен екендігі жөнінде жиі айтылады... – Оның себебі – біреу ғана. Бүгінде шалғай ауылдар тұрғындарының мерзімдік басылымдарға жазылуы төменгі деңгейде қалып тұр. Жастар жаңалықты интернеттен, қалтафондардан оқып танысады. Газет-журналдарды бір ауылдағы мың тұрғынның, әрі кетсе, 100-і жаздыртып оқитын болар. Олардың өзі мұғалімдер, дәрігерлер, зейнеткерлер. Оның үстіне, аздаған ғана газетті тасымалдап жеткізу шығыны айтарлықтай артып отыр. Көлік шығынының құны өте жоғары. Сондай-ақ, қазір тұрғындар бұрынғыдай хат жазбайды, сәлемдеме (посылка) жібермейді. Байланыс бөлімшесі елді мекендердің бірінде бар, бірінде жоқ. Ауылдарда хат тасушылар жұмысы едәуір жеңілдеп қалды, түске дейін бар шаруаны бітіріп тастайды. Осы себепті олардың еңбекақыларын жарты ставка көлемінде болмаса, толық төлей алмаймыз. – Мерзімдік басылымдарға алдағы жартыжылдыққа жазылым деңгейі қандай? – Былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда сәл аздау. Дегенмен, негізгі міндеттеріміздің бірі болғандықтан, жазылым мәселесіне айрықша мүдделілікпен атсалысудамыз. Өз тарапымыздан үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, бұл мәселені аппараттық кеңестерде жиі көтереміз. Мерзімдік басылымдарға жазылуды ұйымдастырудағы көмектері үшін аудандық әкімдіктерге ризашылығымыз шексіз. Баспасөз – қоғамның көзі, құлағы да ғой. Қай кезде де өзінің маңыздылығын жоймайды деген сенімдемін. – Екінші жартыжылдықтан бастап мерзімдік басылымдарға жазылым бағасы өсті. Бұл «Ақ жол» газетіне жазылу бағасынан да байқалып отыр. Алғашқы жартыжылдықтағы бағаға шамамен 500 теңгедей үстеме қосылған. Осыған байланысты редакцияға қоңырау шалушылар көп. Олар мұның мән-жайын білгісі келеді... – Жалпы, жазылым бойынша бағалар он жыл ішінде екі рет қана арттырылған екен. Бұл қазіргі қолданыстағы тарифпен салыстырғанда 3-5 теңгені құрайды. Бұл тұрғыдағы бағаның артатыны жөнінде «Қазпошта» АҚ биылғы сәуір айының басында ескерткен-ді. ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті төрағасының былтырғы жылдың 20 қазандағы № 413-ОД бұйрығына сәйкес, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне өзгеріс енгізілді, атап айтқанда, бұрын бөлек тарифтелген «Қазпошта» АҚ мерзімді баспа басылымдарын «жеткізу», «тарату» және «жөнелту» қызметтері бір ғана «мерзімді баспа басылымдарын жазылым бойынша тарату қызметіне» біріктірілді. Осы өзгерістерге байланысты, сонымен қатар Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің 2016 жылғы 14 наурыздағы №30-30-3/1706 қорытындысы негізінде 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілетін жазылым арқылы МББ-ын тарату қызметінің бірыңғай тарифтері белгіленді. Компания осы қызметке арналған тарифтерді 2016 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап 3-5 теңгеге өсірген, жеткізуге арналған тариф өзгеріссіз қалдырылып, тек 30 грамнан (бірінші жартыжылдықтан бастап 30 грамнан артық салмақ үшін 0,109 теңге, сондай-ақ журналдар үшін екінші жартыжылдықтан бастап 0,164 теңге) артық салмақ үшін қосымша төлем енгізілген. Тәжірибе көрсеткендей, ондаған жылдар бойы инфляция деңгейіне сәйкес өзгертілмеген тарифтердің шекті деңгейін бірден күрт өсіру мүдделі тараптарға өте ауыр әсер етіп, тұрғындардың наразылығын тудыруы мүмкін. Осыған байланысты аталған кезең ішінде жанар-жағармай құны 2 есеге, бірқатар аумақтардағы коммуналдық қызметтердің төлемдері 30 пайызға өскенін тұрғындар есіне сала кеткенді жөн санап отырмыз. Міне, бұл жайлар еліміздің шалғайда жатқан, қатынасы қиын елді мекендеріне көрсетілетін жоғарыда аталған пошта қызметтері шығынын тым жоғарылатып жіберді. Дейтұрғанмен, биылғы 1 шілдеден бастап енгізілетін тариф те өзіндік құн деңгейін ақтай қоймасы белгілі. Алайда саланы дағдарыстан шығарудың басқа да жолдары қарастырылуда. Саланы трансформациялау, атап айтқанда, бизнес-үрдістерді оңтайландыру, автоматтандыру, инновацияларды енгізу, жаңа пошталық және қаржылық өнімдер мен қызметтерді нарыққа енгізу арқылы біз ауылдық бөлімшелердің қамтылуын арттыру бағытында жұмыс жасай беретін боламыз. – Сұхбатыңызға рахмет!
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».