Шымкентте 90 жасқа келген әжей екі университетте сабақ беріп жүр (фото)
Шымкентте 90 жасқа келген әжей екі университетте сабақ беріп жүр (фото)
Шымкентте есімі көпшілікке таныс Қапира Сәдуақасова есімді әжей тұрады. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент. Ол жасы 90-ға келсе де, университетте сабақ беріп жүр.Бұл туралы Замана басылымы жазады, - деп хабарлайды nur.kz. Алдағы 10-маусымда Қапира апаның жасы 90-ға толғалы отыр. – Қапира апа, енді бірер күнде 90 жылдық мерейтойыңызды атап өткелі отырсыз. Ал сізге қарап тұрып осындай жаста деп айту қиын. Сондықтан алдымен өзіңізді қалай күтесіз деген сұрақ қойғымыз келіп отыр... – Бәрі қимыл-қозғалысқа, өмір салтына байланысты ғой. Жастай еңбекке араластық. Адал өмір сүруге, қоғамға барынша пайдамызды тигізуге тырыстық. Жамандыққа жоламадық, қандайда бір түсініспестік бола қалса, кек сақтамадық, «ондай-ондай бола береді» деп тез ұмыттық. Өзім жас кезде гимнастикамен, коньки тебумен айналысқанмын. Жалпы, институтта оқып жүргеннің өзінде бізді көп нәрселерге үйрететін, біліктілікке, кісінің ала жібін аттамайтын адалдыққа тәрбиеледі ғой. Солай өмір сүрдік. Мүмкін соның арқасы шығар. – Туып-өскен ортаңыз, жастық шағыңыз жөнінде айтып беріңізші. – Мен солтүстік жақтың қызымын. Қазіргі Павлодар облысының Ақсу қаласында өмірге келіппін. Оны бұрын Ермак деп атайтын. Ата-анам колхозшылар болыпты. Ашаршылық жылдарында ол жақта көп адам қырылған ғой. Әке-шешем, көптеген туыстарымыз сол нәубеттің құрбаны болыпты. Қиын кезеңдерде Әшім Сәрсенбаев деген заң оқуын бітірген, қызметкер ағамыз панасыз қалған көп балаларды Семейге, Алматыға апарып орналастырыпты. Біз Алматыда өстік. 1945-жылы сондағы Қыздар педагогикалық институтына түстім. Оқуды 1949-жылы бітірдім. Біз – «ЖенПИ»-ді екінші болып аяқтаған түлектерміз. Оқуды бітірген жылы тұрмыс құрдым. – Жолдасыңыз Әсет ағамен қалай танысып-табысқан едіңіздер? – Ол соғыстан кейін тағы да екі жыл әскерде қызмет еткен ғой. Өзі соғысқа дейін де оқу бітірген екен. Елге келгесін оны жұмысынан Алматыдағы Жоғарғы партия мектебіне оқуға жіберіпті. Ол кезде «ЖенПи»-ді жігіттер көп төңіректейтін, әсіресе әскери азаматтар жиі барушы еді. Талай жастар табысып, өмірлік жұп құрды. Ол кездің жастары қандай десеңші! Қыздар өте әдепті, ибалы, тәрбиелі болатын, жігітпен қол ұстасып тұрып көзге түсіп қалудың өзін үлкен бір қылмыстай көріп қиналушы еді. Ал жігіттердің қыздарға деген құрметі ерекше болды. Киноға шақырар болса, қыздың достарын да елеусіз қалдырмайтын. Ағаларыңмен сол оқуда жүргенде таныстық. 1949-жылы шаңырақ құрдық. Содан бері шымкенттікпін. – Қазіргі тұрмысыңыз қалай? Балаларыңыз қайда тұрады, немен айналысады? – Құдайға шүкір, жағдайым жақсы. Отағасымен Жанат және Салтанат есімді екі қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп, өсірдік. Екеуі де жоғары білім алды. Жанат бүгінде Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің орыс бөлімінде химиядан сабақ береді, ғылым докторы, доцент. Салтанатым – математик, өзіміздің пединститутты бітірген, кезінде Қазақ Мемлекеттік университетінде еңбек етті, қазір бизнеспен айналысады. Бүгінде осы балалардан өрген екі немере, екі шөбереміз өсіп келеді. Ал немерелеріміздің екеуі де – банк саласының мамандары. – Сіз ұзақ жылдар ұстаздық еттіңіз. Жүріс-тұрысыңызға қарап сізді қазір де қарап отырады деу қиын. Бүгінде ішіңіз пыспай ма, немен айналысасыз? – Жалпы, мен зейнеткерлікке шыққасын да қарап отыра алмадым. Биыл «пенсияда» жүріп жұмыс істегеніме 19-шы жыл болып отыр екен. Бүгінде аптасына екі мәрте бір-екі оқу орнына барып сабақ берудемін. Кезінде өзім оқытқан шәкірттерімнің өтінішімен Оңтүстік Қазақстан педагогика институты мен Халықаралық қатынастар университетінде жұмыс істеп жүрген жайым бар. Мамандығым тарихшы ғой, тарих пәнінен дәріс беремін. – Екеуі қаланың екі шетінде дерлік екен. Автобуспен қатынайтын боларсыз? – Жоқ, жаяу барамын. Оның түк те қиындығы жоқ. Құдайға шүкір, аяқ-қолда қуат бар, еш қиналмай-ақ жаяу барып келемін.