Саясат

Басты байлығымызға байыппен қарайық

Басты байлығымызға байыппен қарайық

 Мен ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келемін. Сондықтан, жер жайын, мал қамын жақсы білемін деп айта аламын. Жалпы, жердің қадірін онымен айналысатын адамдардан артық ешкім білмейді. Ұлан-байтақ жеріміз бос жатса, оның ешкімге тигізер пайдасы да болмайды. Ал оны дұрыстап күтіп-баптап, игерсек, Жер-ананың бізге берер ризығы да аз емес.

Біздің Бетқайнар ауылдық округінде бес жарым мың гектарға жуық астық өсіріледі. Оның тең жарымы күздік бидай болса, қалғаны – арпа мен дәндік жүгері. Бұл жерлер жүзден астам шаруа қожалығы мен бір жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің еншісінде. Cеріктестігімізге тиесілі алқаптың жалпы аумағы 1273 гектарды құрайды. Оны 49 жылға жалға алғанбыз. Жұмысшылардың талмай еңбектенуінің арқасында жерді тиімді пайдаланып, сәтімен игерудеміз. Ең бастысы, қазіргі заманға сай еңбек ұжымын құра білдік. Жер өңдейтін, өнім жинайтын техникамыз жеткілікті. Бес жылдан бері қапысыз жұмыс істеп келе жатқан америкалық «Челенджер» комбайнымыз бар. Техникамыздың қатарын соңғы жылдары алымдылығы жоғары «Вектор» комбайнымен, «МТЗ-12-21» тракторымен, пішен тайлағыш, шөп маялағыш, жаңбырлатқыш секілді ауыл шаруашылығы машиналарымен толықтырдық. «Катушка» аталатын жаңа үлгідегі екі жаңбырлатқыш қондырғы «Агроқаржы» АҚ арқылы лизингке былтыр алынды. Әрқайсысы 17 миллион теңге тұрады. Олар жоңышқа мен жүгеріні суаруға пайдаланылуда. Бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған ылғал үнемдеу технологиясы да бізге жат емес. Өткен жылдан бастап 40 гектар алқапта пиязды, картоп пен қызанақты тамшылатып суару технологиясымен өсіріп жатырмыз. Былтыр жауын-шашынның молдығынан тәлімі жердегі астықтың өнімділігі орташа есеппен гектарына 25 центнерден айналды. Биыл да бұл көрсеткіштен төмен болмайды деп сенеміз. «Не ексең, соны орасың» демекші, күздік бидайдың «Стекловидная-24», «Безостая», «Богарная-56» тәрізді Қордай топырағына әбден жерсінген, аудандастырылған тұқымдарын таңдап сепкеннен жақсы нәтижелерге жетудеміз. Ауыспалы егіс жүйесін де ұмытқан емеспіз. Өз иелігіміздегі жерді көптен пайдаланып келе жатқандықтан, оның бар қасиетін ұғындық дей аламын. Қай жерге, қашан, қандай дақыл егу керектігі көкейімізде сайрап тұр. Жердің жайын онымен айналысатын адамдардан артық ешкім білмейді деуім сондықтан. Жер сатылса да, жалға берілсе де тек жердің қадірін білетін, бағалай алатын адамдардың құқы үстем болғаны жөн. Елбасымыз ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтары мен компанияларына сату туралы мәселе жоқ екенін шегелеп айтқан болатын. Сондай-ақ, жерді бұрыннан пайдаланып келе жатқан шаруа қожалықтары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер өз жерлерін оның кадастрлық құнының 50 пайызы мөлшеріндегі бағаға 10 жыл бойы бөліп төлеу шартымен сатып ала алатыны, сонымен қатар, олар жерді жалға алуды әрі қарай жалғастыру құқына ие екенін атап өтті. Сондықтан, жер заңнамасына қатысты алыпқашпа әңгімелерге ермей, оның отандастарымыздың қамы үшін қолға алынып жатқан игілікті іс екенін ескергеніміз абзал. Бұдан бөлек, Елбасымыз Н. Назарбаевтың кодекстегі түзетулерге мораторий жариялауы дер кезінде қабылданған дұрыс шешім деп есептеймін. Жер біздің басты байлығымыз болғандықтан, оған қатысты мәселелерге байыппен қарауға тиіспіз.

Дүйсен  ОНГЕЛДИЕВ, «НұрАл» ЖШС-ның төрағасы.

Қордай ауданы.