Саясат

Шын жанашыр кім?

Шын жанашыр кім?

Елбасының қоғамда алаңдаушылық тудырған Жер кодексіндегі бірқатар түзетулерге мораторий жариялауы күллі жұртшылықтың көңіліндегісін тап басқан кесімді шешім болғаны анық. Бұл ретте аталған мәселенің мәнісіне терең бойлауға, жай-жапсарын анықтауға, кодекске енгізілуі көзделген толықтырулар мен өзгерістердің ұтымды тұстарын дүйім ел назарына ұғынықты етіп түсіндіруге байланысты құрылған арнайы комиссия бүгінгі күні аудан-ауылдарды аралап, тұрғындарымен кездесіп, кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осы орайда облыстық қоғамдық кеңестің түсіндіру тобы Ақтоған ауылының Мәдениет үйінде халықпен кездесті.

Облыстық қоғамдық кеңесті Қайрат Шотбақов бастап келді. Жиынға шаруа қожалықтарының жетекшілері, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты. Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Төленді Рысқұлбеков қоғамдық ахуалға тигізер зор пайдасы – әсіресе Жер кодексіндегі толықтырулар мен өзгертулер турасында халық арасында кереғар пікірлер туғызып, даңғазаға айналдырған кейбір топтың көлеңкелі әрекеттеріне қарсы тұру екенін атап өтті. Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Қайрат Шотбақов Үкімет пен халық арасындағы алтын көпір һәм оларды байланыстырар дәнекер осындай жиынның мән-маңызын айта кетіп, қалың бұқараны мазалаған сан сұрақтың көпшілігі жергілікті жерде-ақ тұшымды жауап тапса, өзекті, мемлекеттік маңызы зор жекелеген сауалдар ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевтың құзырындағы қоғамдық комиссияға жолданатынын айтып, жиналған жұртты ашық та бүкпесіз әңгімеге шақырды. Өзіне берілген уақытты ұтымды пайдаланып, өте жанды әңгіме өрбіткен облыс әкімдігінің жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы С.Тәпеев те Жер кодексіне байланысты өткір мәселені егжей-тегжейлі, жіктеп түсіндірді. Бұл заңнама аясында жыл өткен сайын күрделі мәселеге айналып келе жатқан азық-түлік қауіпсіздігінің алдын алу, жерді жекеменшікке беру арқылы оған деген көзқарас түбегейлі өзгеріске ұшырайтыны, соңғы ширек ғасырда тиісті агротехникалық ахуал күйзеліске тірелгенін, міне, осыларды еңсеру үшін жердің шын мәнісінде жанашыр иесі болуы уақыт талабы екендігін баса айтты. Жиында сөз алған өзге де азаматтар, ауыл тұрғындары түйіткілді мәселенің оң шешімін табар тұстарын тілге тиек етіп, өз ойларын білдірді.

Нұрболат Әлдибеков,  «Ақ жол».

Меркі ауданы.