Саясат

Келісіп пішкен тон келте болмайды

Келісіп пішкен тон келте болмайды

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен кеңейтілген отырыста партияның облыстық филиалы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығының бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді. Оған партия белсенділері, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестік жетекшілері, «Қоғамдық келісім» мекемесі және «Жас Отан» жастар қанаты және Ассамблея жанындағы жастар қанатының мүшелері қатысты.

Жиында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат партия мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өзара байланыс орнатуға мүдделі болуының себебін түсіндірді. – Бұл байланыстың маңызы зор. Біз елдегі ішкі тұрақтылықты сақтау, татулықты, бірлікті нығайту бағытындағы жұмыстарды бұрын да бірлесе атқаратынбыз. Енді партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың белгілеген міндеттерді орындау үшін «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы өзара үндесе қимылдайтын болады. Қол қойылған құжат – осыған негіз. Бірлескен іс-шаралар жоспарында жылдың соңына дейінгі мерзім қамтылды. Соның ішінде Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын насихаттау, Елбасымыздың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі аясында іс-шараларды бекіту, жастар арасында кездесу, лекциялар ұйымдастыру, қазақ халқының тарихын, мәдениетін және өзге ұлт өкілдерінің де ұлттық құндылықтарын насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлінген, – деді Шәбден Тоқтасынұлы. Іс-шаралар жоспарында «Қазақстан – 2050» Стратегиясын тиімді жүзеге асыру, Президентіміз ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары мен «Нұрлы жол» бағдарламасын ілгерілету, сараптамалық және пікір алмасу алаңдарын ұйымдастыру, «Достық үйі» мен «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдаулары негізіндегі әріптестік-әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру көзделген. Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева этномәдени бірлестіктермен жұмыс жайын сөз етті. «Елбасы саясатының басты бағыты – саяси тұрақтылық пен қоғамдық және ұлтаралық келісімді нығайту. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін екі мекеме өз әлеуеті мен мүмкіндіктерін бірлесе пайдалануға бел буып отыр. Бұл жоспар өзін-өзі басқару жүйесін дамыту, азаматтық қоғам институттарын нығайту және мемлекеттік органдармен өзара әріптестіктің жаңа форматтарын енгізу, елде жүргізіліп отырған реформалардың азаматтар тарапынан қолдау табуы мен халықтың азаматтық белсенділігін арттыру, қазақстандықтардың біртектілігі мен бірлігі, «Мәңгілік Ел» идеясының жүзеге асырылу бағыттарына жаңа леп береді. Жаңа іс-қимыл жоспары – бұл халықпен тұрақты пікір алмасу және кері байланыс жүйесі, бұл біздің жергілікті жерлердегі құрылымдарымыздың нақты, бірізді әрі келісілген іс-қимылы», – деді. Басқосу барысында бірлескен іс-шаралар жоспарын бекіту туралы құжатқа қол қойылды.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».