Жаңалықтар

Батыр бала Болатбек шоқпардан шыққан

Батыр бала Болатбек шоқпардан шыққан

Мейрамбек-ТолепбергенМейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Біздің ма-қаламызға тақырып болып отырған бұл әуенді сөздер 1960 жылдары бүкіл қазақ мектеп оқушыларының аузынан түспей айтылған кәдімгі «Батыр бала Болатбек» деп аталатын ән мәтінінен алынған. Белгілі ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың сөзіне жазылған әннің авторы – әйгілі Әбілахат Еспаев. Батыр бала арқалаған ел жүгін, Көрсетті де пионерлік ерлігін. Отан үшін жау қолында жан қиды, Сол үшін де ұмытпайды ел бүгін. IMG-20160504-WA0001Ерлігіңді біледі ел, Ұмытпайды, сүйеді ел, Батыр бала, батыр бала Болатбек, Батыр бала – советтік жас пионер. Аға ұрпақ өкілдері бұл әнді жақсы білетін болар. Барабан соғып, кернейлетіп ән салған кешегі пионерлердің, бүгінгі егде кісілердің қай-қайсысынан болсын, «Бұл ән кімге арналған еді?» деп сұрай қалсаңыз, еш мүдірместен «Батыр бала, пионер Болатбекке» деріне еш шүбәміз жоқ. Солай екені, солай ғой. Ал енді, «Ол кім болған?» десеңіз... Тек қана Болатбек Омаровты «Ол қазақтың Павлик Морозовы еді» деп сол өздері өмір сүрген уақыт пен саясат насихатына сәйкес дәлелдеп жатуы екіұдай ойға қалдыратынын жасыруға болмайды. Кеңес өкіметін құруда пионер ұйымының қолқанат болып атқарған қызметі тарихтан белгілі. Соның бірі саяси науқан кезінде таптық мүдде күресіне белсене қатыстыру арқылы ерлікке баулу еді. 1933–1934 жылдары біздің республикамызда да алғашқы пионер ұйымдары құрылып, жас балалар қоғам ісіне араласа бастады. Әсіресе, олар ұжымдастыру саясатына іштей қарсылық көрсеткен кешегі бай-кулактардың теріс әрекеттерін әшкерелеуге жұмылдырылады. Әлі де болса оң-солын жете танып білмеген, үлкендер не айтса, соның бәрін дұрыс санайтын өршіл әрі балғын балалар не істесе де, адалдық танытуды ойлады. Көп ұзамай саясат сахнасында Павлик Морозовтың, Коля Мяготиннің, қырғыздың батыр пионері Қышан Жақыповтың, сібірлік батыр пионер Кира Баевтың есімдері жарқын ерлік иелері мағынасында естіле бастайды. Жас балалардың бойында ерлік жасауға еліктеу, өз қатарластарынан қалмай, ұқсап бағу қасиеттері басым болатыны өз-өзінен түсінікті де. Бұл батыр пионерлердің жаңа қоғам орнатуға белсене атсалысып, мемлекет пен қоғам мүлкін қорғауға шақыруға үндейтін батылдықтары ең әуелі таптық күрес идеясынан туындағанын аңғару еш қиындыққа соқпайды. Сол идея үшін құрбан болған деген түсінікті де санаға сіңіру арқылы бай-кулактарға, яғни елімізде астық өнімін молайтып, ұжымшар малының басын көбейтуге кедергі келтіріп жүрген «жат элементтерге» деген жеккөрушілік сезімін әкелу адамдар арасында алабөтен оқиғалармен де ұласып жатты. Қазақстанда батыр пионерлерге лайықты ерлікті Болатбек Омаров та қайталады деген жалпы түсінік пайда болды. Алайда, болған оқиғалар мен іс-әрекеттердің шынайылығына үңілер болсаңыз, Болатбек Омаров қазақтың Павлик Морозовы деп атауға еш келмейді. Кім қандай ерлік жасады, оның себебі мен салдарына, мазмұны мен мағынасына жете мән берер болсақ, қазақ баласы қоғам малын қорғау үшін күресті. Ал Павлик Морозовтың жөні басқа. Ресей тарихшылары мен осы аты аңызға айналған пионердің тарихын зерттеушілердің тоқтам жасаған пікіріне жүгінер болсақ, ол туған анасының абыройын қорғау мақсатымен өзінің туған әкесіне кектеніп, содан өш алуды ойлаған. Мұның ақыры сұмдық өкінішті болады. Кешегі кеңестік дәуірде П. Морозов коммунизм идеясына жан-тәнімен беріліп, өзінің әкесі-кулак жайында бар шындықты жайып салғаны үшін жау қолынан 1932 жылы 3 қыркүйекте құрбан болады. Оның өзінде де әкесінің туыстары өлтірді делінген дерек айтылып та, жазылып та келді. Әрине, бейкүнә баланы ұрып-соғып өлтіру – адам шошырлық, жантүршігерлік, еш ақтауға келмейтін қанды оқиға, оны естіген әрбір адам қандай күйге түсетіні белгілі. Кінәлі адамдар бірінен соң бірі ең ауыр жазаға кесіледі де. Жас пионер сол заманның жас батыры болып танылады. Батыр пионердің есімі мен ерлігі көпке үлгі болып жаппай насихатталады. Дей тұрғанмен, арада қаншама жылдар өтіп, қаншама су ақса да «мәңгі мызғымас» кеңестік кеңістікке аңыз боп тараған оқиға жайында түрлі ақиқат пен жорамалдар, сан қилы тұспалдар әлі де пікірталасқа арқау болып келеді. Сондай бір мақала 2009 жылы «Аргументы и факты» апталығында (№20) «А был ли Павлик?», «Погибший мальчик никогда не был пионером» деген тақырыппен жарық көрді. Мақала авторы В. Оберемко осы тақырыпқа көп жылдар қалам тербеп, жаңа зерттеулер жүргізген ғалым-жазушылардың түйінді пікірлерін келтіреді. Тұжырымдап айтсақ, Павлик ешқашан пионер болмаған, себебі ол оқыған мектепте пионер дружинасы құрылмаған. Морозовтар отбасында кикілжің туып, әкесі басқа әйелге кетіп қалады да, осы арада жас бала анасын жақтап, әкесі жайында жағымсыз хабарлама жасауға көмектеседі. Ең бастысы – Павликті әкесінің туыстары емес, НКВД-нің жендеттері өлтірген деген жаңа жорамал жасайды. Солай деуге негіз де, дерек те табылған. Себебі, деревняларда ұжымдастыру жұмысын жедел әрі кеңінен жүргізу үшін осындай жантүршігерлік оқиға арқылы адамдарды үркітіп-қорқытуды көздеген, оның үстіне, XX ғасырдың 30-жылдары Павелдің образы таптырмайтын жалпыелдік модель ретінде ұсынылып, «Павлик сияқты болсаң, жарқын болашақты өзің жасайсың» деген саяси ұран қажеттілігін де ойластырған. Тап жауларына деген қарсы қатыгездік қарапайым адамгершілік қасиеттерден де аттап кетті емес пе? Әке мен бала арасында онсыз да бітпейтін өзекті мәселені қасақана, әдейі, зұлымдықпен ушықтырудың зардабын бастан өткізгенін аға ұрпақ ұмыта қойған жоқ. Біздің Болатбек болса, қоғам мүлкіне бас-көз болып, қырағылық танытқан адалдығымен аты шыққан қарапайым қазақ баласы ғана еді. Сонау 1934-1935 жылдары Алматы облысы, Қаскелең ауданында пионерлер қозғалысының ең белсенді мүшесі болып, өжеттігімен және тап жауларына қарсы күресте батылдық танытқан істерімен берісі республика, әрісі одаққа танылған. Атақты ел азаматы Ораз Жандосов сияқты кісілермен аралас-құралас болып, өзінің өмірлік ұстанымы мен көзқарасын қоғамдық мүдде идеясымен ұштастыруға ұмтылған жалынды баланың тұлғалық деңгейге көтерілу дәурені де ерте оянған тәрізді. Алайда, бір таңғаларлығы, көпшіліктің Болатбек Омаровты батыр пионер деп жаппай тануы Морозовтың атағы кең тараған 30-жылдарда емес, тіптен кеш, 1960 жылдардың басында орын алды. Осы арада шынайы деректерге назар аударуға тура келеді. – «Қазақстан пионері» газеті редакциясында қызмет істеп жүрген кезім. Бір күні жұмыстан кейін Қазақ КСР Орталық мемлекеттік музейінде ғылыми қызметкер болып істейтін Кәдіршат Шүленбаев деген досыма кездестім. Әңгіме арасында ол: – Біздің музейде бір ескі сурет бар. Пионердің суреті. Сен соны көрші, – деді Кәдіршат маған. Ертесінде музейге келдім. Суретті дайындап қойған екен. Баланың кішкентай ескі суреті көп уақыт жатқандықтан сарғайып кеткен. Мойнында қызыл галстук. Басындағы киімінде «Черноморский флот» деген жазуы бар. Бет-әлпеті, көзқарасы пайымды, ақылды, өткір бала болғанын айтпай-ақ көрсетіп тұр. Сурет сыртында «Колхоз малына зиянкестік жасаған кулактарды әшкерелеген батыр пионер Болатбек Омаров. Қаскелең ауданы» деп жазылған екен, – дейді өз естелігінде белгілі жазушы Мұхамеджан Етекбаев, – Болатбектің суретінің көшірмесін түсіріп, «Қазақстан пионері» газетінде «Болатбек батырды кім біледі?» деген редакциялық мақала жаздық. Бұл 1963 жылы көктем күндерінің бірі еді. Болатбек туралы бар дерек осы ғана еді. «Қазақстан пионері» газетінің 1963 жылғы 30 наурыз күнгі нөмірінде жарияланған редакциялық мақаладан соң республикалық басқа басылымдар да бұл тақырыптан тыс қалмайды. Сонау 30-жылдары аты республикамызға кең тарап, белгілі болғанымен, одан кейінгі жылдары әртүрлі себептермен ұмытылып қалған батыр пионер жайында мол дерек жиналады. Мұхамеджан Етекбаев, Ауданбек Қуандықов секілді қаламгер-журналистер ел ішін аралап, көз көргендер мен тірі куәгерлердің естеліктерін жинастырып, мерзімді басылымдарда, әсіресе, «Қазақстан пионері» газетінде бірнеше дүркін зерттеу мақалаларын жариялайды. Жұртты елең еткізген батыр пионердің албырт әрі өжет мінезге толы кескін-келбеті мен тағдырын білуге деген құмартушылық сезіміне сол кездің саясаты қосылып, халық өзінің жас батырын қайта тапқандай қуанады. Кеңес өкіметін құру жолында партия әкесі мен комсомол ағасына адам айтқысыз көмек көрсеткен пионер ерлерінің есімі белгісіз болып қалуы мүмкін емес делінген қоғамдық пікір қалыптасады. Олар кезінде бай-кулакқа, халық жауларына қарсы күресте қаза тапты, деп жиі қайталанатын идеялық ойға суарылған себеп те бар еді. Ал енді өзі үшін емес, қоғам үшін ерлік жасаған Болатбек Омаров қандай еді? Ол 1922 жылы 5 мамыр күні Жамбыл облысы, Шу ауданына қарасты Шоқпар стансасының маңындағы Қызылшоқы деген жерде Ысты ағайынның қарапайым отбасында дүниеге келген. Жастайынан әке-шешесі өліп, жетім қалған Болатбек ағасы Сүйербек екеуі 1927 жылы Алматы облысы, Қаскелең ауданындағы туған әпкесі Биғайшаның қолына келеді. Болатбектің жездесі Мүсірәлі Қиқымов сол кездегі «Политотдел» ұжымшарының төрағасы еді. Ол көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың туған інісі болатын. Жас өскіннің жақсы тәрбие алуына, мінезінің, ақыл-ойының қалыптасуына осы қайраткер азаматтың көп ықпалы тиеді. Ораз інісі Мүсірәлінің үйіне келгенде немесе туған ауылы Шамалғанға барғанда, тіпті атқа мініп, Үшқоңыр жайлауының тарихи, атаулы жерін аралаған кезінде жиі көріп, көп үлгі алған. Бұл Болатбектің ерте есейген өміріне көп сәуле түсірген жағы болса, сонымен бірге 1937 жылдары «халық жауы» атанып, бірі атылып, бірі ұзақ жылға сотталып, азапқа тап болған Жандосовтар әулетіне жақындығы бары жеке тағдырына тосын ауыртпалық әкелген-ді. Батыр пионердің ерлігі дер кезінде лайықты бағаланбай қалуы, «жасырынған тап жаулары қолынан қаза табуы» (бізге жеткен ауызша және жазбаша деректе осылай түйінделген) жалпылай айтылып, адам өліміне қатысты ешбір тергеу материалдарының сақталмауы (егер кінәлілерді табуға әрекет жасалса) нақ осындай ойға еріксіз итермелейді. Біз әлі күнге шейін басы толық ашыла қоймаған мәселенің ұшын ғана шығарып отырмыз. Себебі – біреу, Б.Омаровтың өліміне кінәлі адамдарды анықтауға келгенде сол кезеңдегі жергілікті биліктің соншалықты дәрменсіздік танытып, шулы істі жылы жауып қоя салған секілді. Қазақстанның 10 жылдығы атындағы (қазір Қаскелең ауданындағы Жамбыл ауылы) мектепте оқыған Б. Омаров жұрттың көзі тимесе де, сол заманда ұжымдастыру саясатына өлердей қастасып, өштескен кейбір кісілердің көзіне күйік болғаны анық. ХХ ғасырдың басында-ақ, 1918 жылы Қаскелең ауданында тұңғыш қазақ мектебін ашқан педагог, күрескер де қайраткер азамат Әбіжан Байсалбаев секілді ұстаздардың тәлім-тәрбиесін алған Болатбек жастайынан-ақ жанып тұрған, тумысынан болар бала екен. Ежелгі Үшқоңыр жерінен түлеп ұшқан батырлар мен қайраткерлердің әсері де тиген. Жаңа қоғам орнату идеясына шынайы берілген жас баланың үн қатқан жарқын даусы естіліп, өзі жол бастайтын қабілетке де ие болған. Айталық, 1933 жылы республикалық жастар ұйымы барлық пионерлерді жаңадан ұйымдасқан ұжымшардың шаруашылық жұмыстарына көмектесуге шақырады. Бұл үндеуге ең әуелі қаскелеңдік пионерлер қолдау көрсетіп, ұжымшар малын аман өсіру жөнінде бастама көтереді. Жас төлшілер үйірмелері құрыла бастады. Солардың бірі Б.Омаров бастаған пионерлер еді. Қоғам мүлкіне пионерлердің қырағы болуына жасырынып жүрген бай-кулактар астыртын қарсылық жасап, кедергі келтіреді. Қара ниеттегі адамдарға, әсіресе, Болатбектің ерекше белсенділігі ұнай қоймаса керек. Балалар болса, бай-кулактардың зымияндық әрекеттеріне қарсы күреседі. Содан не керек, «Пионер Казахстана» газетінің 1934 жылдың 26 шілдедегі нөміріндегі «Сторожев біздің торай өсіруімізге кедергі жасайды» деген хат саяси билік ұйымдарын да елең еткізеді. Хатты жазған пионер Болатбек Омаров еді. Ол жасырып жүріп, аяқтан шалған кулактардың қылмысты ісін ашып береді. Е. Сторожев деген кулактың ұжымшар малын зиянкестікпен құртып отырған теріс, қастанды әрекетін әшкерелейді. Болатбектің тап жауларына деген ымырасыз күресі күллі пионерге өнеге болып тарайды. Сол жылдың жазында Алматыда екпінді пионерлердің республикалық слеті ашылады. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 220 пионер келеді. Слетте Қазақстан комсомол жастар ұйымының хатшысы Қайсар Тәштитов баяндама жасап, Болатбек Омаров, Ержігіт Бақтыяров, Тәліп Ысмайылов, Роза Шамжанова тағы басқа да пионерлердің ұжымшарды ұйымдастырып, шаруашылығын жүргізуге белсенді атсалысқандары атап өтіліп, көпшілікке үлгі етіп ұсынылады. Сол жолы Болатбек Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы Ораз Жандосовқа жолығып, пионерлердің көктемгі егіске көмектесуі жөнінде ой тастады. Бұл тілегі қабыл болып, ол обком басшылығы тарапынан жан-жақты қолдау табады. Арада бір жылдай уақыт өтісімен, 1935 жылы Қаскелеңде екпінді пионерлердің республикалық 2-слеті өтіп, биік мінберден Б.Омаров жарқын сөз сөйлейді. Сол жылы жазда Мәскеуден Бүкілодақтық бесінші экспедиция Алматыға келді. Жас натуралистер мен үздік пионерлердің басын қосып, «Колхозные ребята» газеті редакциясы ұйымдастырған жиынға біздің республикамыздан таңдаулы 10 пионер қатысады. Соның бірі Болатбек еді. Оның қасында сыныптасы, кейін 1960 жылдары Болатбек туралы тамаша естелік айтып, фотосуреттер мен өте құнды деректерді ұсынған Анисия Холкина бар болатын. Бір қызығы, бұл экспедиция атақты ғалымдар мен одақтық ғылыми-зерттеу институттарының айтулы мамандарының жетекшілігімен Алматы облысы, Кеген ауданының таулы өңірінен солтүстікке өсіруге болатын жеміс, пияз бен сарымсақ түрлерінің ұрығын жинау жұмысын жүргізеді. Аз уақыт ішінде едәуір ысылып, жұртқа танылған Болатбек 1935 жылдың 15 шілдесінде Артекке аттанып, одан қыркүйек айында оралады. Осы жылы Болатбек бастаған 126 пионер Қазақстанның 15 жылдық мерекесіне арналған белгімен марапатталады. Мұнда да ауылдас құрбысы Анисия Холкина бар. Бұдан кейінгі Болатбектің тағдыры мен тарихы мүлдем басқаша бет бұрады. 1938 жылы 26 тамызда ұжымшар малын бағып жүрген жерінде батыр пионер Болатбек Омаров жасырынған тап жаулары-кулактардың қолынан қапыда қаза табады. Кейбір деректерде өзен жағасында сиыр бағып жүрген оны аңдыған дұшпан қапыда қолға түсіріп, буындырып өлтірген де, аттың үзеңгісіне аяғын іліп жіберген делінеді. Осы ақиқат ретінде жиі қайталанып, жазылып келеді. Бірақ архивтік құжаттарда дәл осы соңғы сағаты жайлы, өліміне қатысты жағы айтыла бермейді. 1963 жылы «Қазақстан пионері» газетінде «Болатбек батырды кім біледі?» деген тақырыппен жарияланған мақаладан соң батыр пионердің дерегін іздестіру басталды, – деп еске түсіреді Болатбектің сыныптас досы, 90 жастан асқан шежірелі қария, ардагер журналист Үсенбай Тастанбеков, – шынында да ол өте алғыр еді. Ал енді оның есімі мен ерлігін жалпақ жұртқа жария етіп, оның өліміне кінәлі адамдарды нақты табуды сөзбұйдаға салудың себебі бар. Сол 1937-1938 жылдары жақын адамдары болып келетін Ораз Жандосов атылып кетті. Мүштай аға саяси қуғын-сүргінге түсті де, Болатбек туралы әңгіме ұзақ жылдар бойы үнсіздікпен қозғаусыз жатты. Адамдар саяси зұлымдықтың құрбаны болудан үркіп, бойларын қорқыныш биледі. «Халық жауы» Жандосов пен батыр пионер Болатбек жақын туыс деген сөз теріс мағынаға ие болды. Батыр пионер болып ел есінде сақталған оның есімін аға ұрпақ, одан кейінгі толқын білмесе, бүгінгі жеткіншіктер мүлдем хабарсыз. Өйткені тарихи-әдеби жинақтарда ол жайында енді ештеңе айтылмайды. Тым болмаса «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының «Пионер» деген тарауында ауызға да алынбайды, ескі тарихты мүлдем сызып, өшіріп тастауға болмайтын ұғым тұрғысында ескерілуі керек-ақ еді. 1971 жылы «КИЗ» елді мекенінің тасжол бойында сән-салтанатпен қойылған ескерткіш те елеусіз қалды. Көзге көрінбейтін тасада тұр. «Кезінде сол ескерткішті қою үшін қаншама жұмыс жүргізіп едік. Енді қараңызшы, күл-талқан боп жатыр» деп өкініш білдірген Шәмша Беркімбаева – сол уақытта Алматы облыстық жастар ұйымының жетекшісі болған қазақ қызы. Иә, енді өз заманымыздың үлгілі адамдары болғандары емес, қазіргі байлар мен алпауыттардың күдік-күмәнді әкелері немесе аталары аяқастынан «елі үшін еңіреп туған ерлер» болып танылып, олардың есімдері көшелер мен мектептерге, жеке мешіттерге ақша-дүние буымен беріліп жатқанда, тарихта бар нәрсенің бағасына жете алмай жүргеніміз өте өкінішті. Уағында жазушы Мұхамеджан Етекбаев батыр бала Болатбекті бір емес, үш бірдей повестің басты образы етіп алғанын жақсы білеміз. Ардагер журналист Ауданбек Қуандықов та оның есімін жаңғыртуға елеулі үлес қосты. Жазушы Бек Тоғысбаев пьеса жазды. «Баламыз Болатбектей батыр әрі танымал азамат болсын» деп, нәрестелерінің атын ырымдап қойған адамдар қаншама. Ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың сөзіне Ә. Еспаев ән шығарды дедік. Сол әнде «Батыр бала Болатбекті біледі ел. Жотадағы ескерткіштің маңына, мәңгі бақи жас ұрпақтар гүл егер» деген өлең шумағы бар. Шығармашылық талант пен көркем ойдың нәтижесінде туындаған осы дүниелердің бәрі босқа кеткен, еш болған еңбек пе? Әрине, олай емес. Олардың да мәңгілік өмірдің қалтарыстарында ой қосатын тағылымы мен иірімдері бар. Болатбекпен мектепте бірге оқып, бала досы жайында көп құнды деректерді білетін, терең ой қосуға әзір Үсенбай Тастанбеков ақсақал бәрін де үнсіз ғана ой елегінен өткізеді. «Әр нәрсе өз заманында екен ғой» дейді қарт кісі ақырын ғана бізбен әңгімесінде. Соның өзінде де бүгінге, келешекке тағылым үшін батыр пионер Болатбектің тағдырын біле жүргеннің еш артығы жоқ. Алматыдан шыға берісте көзден тасада қалған Болатбектің мүжілген ескерткішін көріп тұрып, іштей налисың, кешегі бар баланың тұла бойында елдік, адалдық қасиеттерді лаулатқан өмір ақырын-ақырын артта қалып бара жатқандай. Ал күретамыр – темір жол бойында жатқан Шоқпар стансасының жұрты Болатбек Омаров сықылды заманында жарқ еткен бейкүнә баланы білер ме екен? Бәрі де тарих жолының өшпес тарауындай өте береді.