Әлеумет

Кеңестік атаулар таскенедей жабысып тұра бере ме?

Кеңестік атаулар таскенедей жабысып тұра бере ме?

Биыл ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Ширек ғасырда әрісі патша үкіметінің, берісі кешегі кеңестік идеологияның пәрменімен қойылған ауыл, көше атауларының көбінен арылдық деуге болады. Әйтпесе, бұл жөнінен нағыз орыстанған аудан осы Қордай еді ғой. Столыпинның аграрлық реформасы кезінде қазақ жеріне орыс-украин шаруаларының келуімен пайда болған Георгиевка, Успеновка, Ново-Александровка, Мало Архангельское, Михайловка, Благовещенка, кейінірек кеңестік Красногорка, Красный Октябрь, Черная речка, Рисполе, Степное деген ірі-ірі елді мекендердің болғанын жұрт ұмыта қоймаған шығар. Ал осындай әр ауылдағы бірін-бірі қайталаған кеңестік көше атауларынан, тіпті, жаңылысуға болатын. 1995 жылдың қазан айында Үкімет жанындағы ономостикалық комиссияның шешімімен алдымен аудан орталығының Георгиевка атауы Қордай болып өзгертілді. Соның ізінше жоғарыдағы орысша атауларынан тіл күрмелетін елді мекендерге де Бетқайнар, Сұлутөр, Керу, Шыңбұлақ, Қарасу, Алмалы тәрізді бұрынғы жер-су аттары қайтарылған болатын. Одан кейінгі кезек орыстанған көше атауларын жаңғыртуға келіп, тәуелсіз Қазақстанның ұстанымына сай мәнді де, сәнді атаулармен алмастырыла бастады.

SAM_2178 SAM_2176 SAM_2167 SAM_217+5 SAM_21++78Әйтсе де Қордайда келмеске кеткен кеңестік көше атауларына әлі күнге кенеше жабысып айырылмай отырған ауыл бар дегенге сенесіз бе? Бұл аудан орталығынан кейінгі үлкен елді мекендердің қатарындағы Масаншы. Тұрғындарының саны жиырма мыңға жуық. Ауылдың жетпіс көшесінің отызға жуығының атаулары кешегі кеңестік кезеңнен бері қаймағы бұзылмаған күйінде. Қараңыз: «70-жыл Октябрь» (қазақшаланған сиқы), «Интернационал», «Коминтерн», «Правда», «Советская», «Комсомол», «Коммунистический»... Бұларды қойып, кешегі тоталитарлық жүйеден қалған, отарлық империя саясатының қолшоқпарлары болған қазан төңкерісі мен азамат соғысы жылдарындағы қолбасшылар мен кеңес қайраткерлерінің есімдерін әспеттеген көшелерден де көз сүрінеді. Лениннен бастап, Дзержинский, Ворошилов, Фрунзе, Жданов, Калинин, Киров, Куйбышев, Свердлов, Фурманов, Чапаев, Орджоникидзе, Горькийдің қайсысы осы өңірдің жергілікті тарихына, қала берді қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қаншалықты үлес қосып еді? Бұларды аз десеңіз, бұл ауылда ешқандай мән-мағынасы жоқ Береговая, Табачный, Северный, Механизаций, Почтовая, Школьная деген көше атаулары тағы бар. Масаншы ауылдық округінің әкімі Яргубе Искаков мырза мұншама көше атауларын бірден алмастыру қазіргідей дағдарыс жағдайында тым қымбатқа түсетін шаруа деп, жауырды жаба тоқиды. Сонда аудандық ономастикалық комиссия ширек ғасырдан бері қайда қарап жүрген?

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.