Теміртау тұрғыны автокөлік жуатын сусабын ойлап тапты
Теміртау тұрғыны автокөлік жуатын сусабын ойлап тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының аясында несие алған Дмитрий Телебаев автокөліктерге арналған сусабын, яғни шампунь шығарады. Оның әрі арзан, әрі сапалы дүниесі дүкен сөрелеріндегі шетелдік жуғыш құралдарды едәуір кейінге ығыстырған.
«Сусабынды жасаудың технологиялық үдерісі аса қиын емес, - дейді кәсіпкердің өзі. - Арнайы құрамды белгілі бір температурада араластырып, тек соның рет-ретімен қосылуын қадағалап отыру керек».
«ХИМ-ГРУПП Қазақстан» ЖШС-нен алғашқы сусабындар «Бона» сауда маркасымен жақында ғана шығарылды, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
«Мен автосусабынның 17 түрін және полироль, балауыз, әйнек тазалағыш, мотор тазалау, дискі тазалау құралдары, терек бұтақтарынан, жәндіктерден қорғайтын құралдар сияқты жанама заттар шығарамын», - дейді Дмитрий.
Барлық өнімдерді техникалық нұсқаулықтар мен тиісті тәртіптеріне сәйкес өндіреді. Негізінен жергілікті шикізаттарды пайдаланып, отандық химия өндірісінде жоқ кейбір құрамдарға ғана шетелдік компанияларға тапсырыс беріп алдырады екен.
Цехтың өндіріс қуаты айына 40 тонна өнім шығаруға жетеді. Алғашқыда жарты тонна ғана өнім шығарылған еді. Қазірдің өзінде сатып алушы ұйымдармен келісімшарт жасалып, бірқатар тұрақты тұтынушылар пайда болды. Автосусабын көлік кірін бар-жоғы екі минутта жоқ қылады деседі. Бұдан соң, әрине, теміртаулық көлік жуушылар жаппай жергілікті өнімді пайдалануға көшкен. «Бізге осы сусабындардың сапасы ұнайды. Бұрын пайдаланып келгендерімізден әлдеқайда жақсы. Көлігін жудырғандар да мақтап кетеді. Оның үстіне, отандық өндірушіні қолдағанымыз дұрыс қой», - дейді көлік жуу орнының қызметкері Елена Марьянко.
Теміртаулық кәсіпкер күзге жақын жаңадан бес жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Күзде көлік әйнегін қыраудан қорғайтын құрал шығармақшы.
Өндіріс көлемін арттыру үшін Дмитрий тағы да мемлекеттік бағдарламаға арқа сүйемек.