Білім

Ұстанымы биік ұстаздар әулеті

Ұстанымы биік ұстаздар әулеті

Қаламаңындағы ауылдың тұрғыны, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ы.Алтынсарин атындағы қазақ білім академиясының академигі Қалдыбек Бөлеев өмір жолы мен еңбек жолы – өскелең ұрпаққа үлгі. Қалдыбек ағаның өмірлік ұстанымы – ата-баба мұрасын жас ұрпаққа аманаттау. Ол осы жолда тынымсыз еңбек етті. Ұстаз ұстанымы осындай болуы керек. Жалпы, Бөлеевтер әулетін ұстаздар отбасы деуге болады. Қалдыбек ағаның жұбайы Сая Құсайынова – педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, «Ұлттық тәрбие», «Абай атындағы ҚазҰПУ жаршысы», «Қазақстан мектебі», «Ғылым жолы» журналдарының редакция алқасының мүшесі. Ұлы Талант – Ресей Федерациясы және Қазақстан Республикасының педагогика ғылымдарының докторы, халықаралық психология ғылымдары академиясының мүшесі, Ұлттық мемлекеттік саяси мектебінің «Әлеуметтік-басқару технологиялары» кафедрасының профессоры. Келіні Айдана Сембекқызы – «Назарбаев зияткерлік мектебі» директорының орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты. Қызы Махаббат – Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінде қызмет атқарады, физика-математика ғылымдарының кандидаты. Күйеу баласы Батырбек Сүлейменов – Қ.Сәтбаев атындағы ұлттық ғылыми техникалық университетінің «Автоматтандыру және басқару» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы, профессор. Қыздары – Ләззат пен Перизат екеуі де доцент, педагогика ғылымдарының кандидаты. Кенже қызы Салтанат Назарбаев мектебінің 10-сыныбында оқиды. Оқуда озат. Қалдыбек Бөлеевтің 76 жасқа келсе де, белсенді өмір салтын ұстанатыны – ұл-қызына өнеге. Қалдыбек Бөлеев тек ұл-қызына ғана емес, шәкірттеріне де сапалы білім, саналы тәрбие берді. Бұл еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол нағыз ұстазға берілетін Ы.Алтынсарин медалінің иегері. Иә, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған Қалдыбек аға отбасында орныққан жарасым – жастарға өнеге.

Дүйсенбек Орманов, журналист.

Жамбыл ауданы.