Саясат

Жаңатас жаңару үстінде

Жаңатас жаңару үстінде

 Бейбітбек 

ЖАЙЛЫБАЕВ, аудан әкімі.

Биыл ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Осы жылдар ішінде ел бірлігінің арқасында алынбас асулар алынды. Өркениетті дамыған 50 мемлекеттің қатарына қосылдық. Көк туымыздың бейбіт күн аспанында желбіреп, ел тәуелсіздігінің тұғырлана түсуі елі сүйген, елін сүйген Елбасымыз Н.Назарбаевтың салиқалы, сарабдал саясатының жемісі екені баршамызға аян. Тәуелсіздіктің тұнық ауасымен тыныс алған жылдары аудан экономикасы да өсіп-өркендеу жолына қадам басты. Елбасымыздың жыл сайынғы Қазақстан халқына арналған Жолдаулары болашағымыздың бағдаршамына айналды. Атқарылар ауқымды істерге тың серпін берді. Әрбір салаға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында халық мүддесі, игілігі үшін өрелі істер кеңге қанат жайды. Елбасымыздың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауы мен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру бағытында үстіміздегі жылдың қаңтар–сәуір айларында бірқатар жетістіктерге қол жеткізілді. Негізгі қорға салынған инвестициялардың жалпы көлемі қаңтар–наурыз айларында 6217,6 миллион теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 42,5 пайызға артты. Сарысу және Талас аудандарындағы ең ірі өндіріс орны «Қазфосфат» ЖШС-ның филиалы – «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені де қазір даму үстінде. Фосфор өнімдері Еуропа және Азия мемлекеттері тарапынан үлкен сұранысқа ие болуда. Шығыс және Батыс Еуропаға, ТМД елдеріне, Қытайға өткеріледі және ішкі тұтынушыларға шығарылады. Кешенде барлық мамандықтар бойынша 2083 адам жұмыс істейді. Олардың орташа айлық жалақылары 92 000 теңгені құрайды. Қаңтар–сәуір айларында ауданда жүргізілген құрылыс жұмыстарының көлемі 2303,9 миллион теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,7 есеге артып отыр. 2016 жылдың қаңтар-наурыз айларында ауыл шаруашылығында өндiрiлген өнiм 996,6 миллион теңгенi құрады. Мемлекетіміз ауыл шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөлуде. Оның айқын дәлелі – агроқұрылымдардың ісін ілгерілетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар. Бірақ, жасыратыны жоқ, мұндай жеңілдіктер туралы қарапайым еңбеккерлер жете біле бермейді. Сол себепті, біз осы бағыттағы жұмысты жандандыруға бел буып отырмыз. Қазіргі таңда пайдаланылмай жатқан алқаптар жайы зерделеніп, талдау жасалынып, бірқатары конкурс арқылы нағыз иелеріне қайта берілуде. Бұл жұмыс өз нәтижесін беруде. Кезінде 12 мың гектарға дейін егін егілген егістік алқаптарымыз шаруа баққан жұрттың несібесі екені анық. Жүйелі жүргізілген жұмыстардың арқасында соңғы жылдарда ғана көсегенің көк жоны қайта түлетіліп, тұрғындар қызыл қырманның қызығын, ырзығын көре бастады. Ауданда егін шаруашылығы бойынша өткен жылдың қорытындысында 1,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілуі – соның айғағы. Бұл мақсатқа 17040 гектар жер пайдаланылды. Бұл – бұдан бұрынғы жылдарға қарағанда бірнеше есе жоғары көрсеткіш. Гектар қайтарымын арттыру үшін агротехникалық шараларға да барынша назар аударылуда. Әсіресе, шаруалар лизингке жаңа техника ала бастағалы жер өңдеудің сапасы арта түсті. Ауданда 24568 гектар егістік жер болса, оның 4547 гектары – суармалы егістік алқабы. Барлығы 17735 гектар алқапта ауыл шаруашылық дақылдарын орналастыру жоспарланған. Биылғы жылдың өнімі үшін 1300 гектар жерге күздік бидай егіліп, өсірілуде. Оның 95 пайызы (1231 гектары) «Казахинстрах» АҚ-ның агенттері тарапынан сақтандырылған. Мал шаруашылығы саласында да оң өзгерістер бар. Ауданда бүгінгі күні мүйізді ірі қара 19789, қой-ешкі 299708, жылқы 5865, түйе 2071 басқа жеткізіліп, ауылдық тауар өндірушілер күшімен 1762,5 тонна ет, 1559,4 тонна сиыр сүті, 1100,9 мың дана жұмыртқа дайындалды. Биыл саланы дамыту мақсатында 270 сиыр, 9 асыл тұқымды бұқа – «Сыбаға», 140 жылқы – «Құлан», 1600 қой – «Алтын асық» бағдарламалары бойынша сатып алынуы тиіс. Кәсіпкерліктің керегесін кеңейту де уақыт талабы. Бұл орайда ауданда 1954 кәсіпкерлік нысан тіркеліп, олардың саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 90 бірлікке немесе 4,8 пайызға артқаны байқалуда. Оның ішінде 13-і – орта, 1941-і – шағын кәсіпкерлік нысандары. Олардың бүгінде 1706-і белсенді жұмыс істейтіні анықталып отыр. Аталған нысандарда 5751 адамды уақытша және тұрақты жұмысқа орналастыруға, жалпы көрсеткіштің былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 1248 жұмыс орнының артуына қол жетті. Бұл тұрғыда «Индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір арқылы іске қосылған еліміздегі бірегей жоба – «Еурохим Тыңайтқыш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тау-кен өңдеу кешені де талай азаматтың жұмыспен қамтылып, отбасы игілігін үстеуіне зор мүмкіндік туғызып отыр. Кәсіпорын былтыр 319,8 мың тонна өнім өндірді, биыл фосфор өндіру көрсеткішін 640 мың тоннаға жеткізуді көздеуде. Өндірілген өнімдер шетелдерге жіберілді. Аталған серіктестік Жаңатас қаласындағы фосфаттарды қайта өңдейтін химиялық кешеннің екінші кезеңінің құрылыс жұмыстарын да қарқынды жүргізуде. Жоба 2019-2020 жылдары іске қосылмақ. Бұл да Жаңатас қаласының жылдан-жылға әлеуеті артып, болашағы жарқын бола түсетінінің нақты айғағындай. Кеншілер қаланың іргетасын жастар қалаған болатын. Қазіргі таңда мұнда тұрып жатқан көптеген ұлт өкілдері – сол тұстағы жалын атқан жастардың ұрпақтары. Бүгінде «Еурохим Тыңайтқыш» ЖШС жұмысының жандана түсуі тағы да ел жастарының көмегін, күш-қайратын қажет етіп отыр. Қала қай тұрғыдан да өсуде. Қайта жаңғырту мақсатында биылғы жылы бірнеше инвестициялық жоба іске асырылады. «Тараз көлік жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асфальт-бетон зауыты жобасы өңірлік индустрияландыру картасына 2015 жылы енгізілген. Салынатын инвестиция көлемі – 250,0 миллион теңге. Онда жылына 600 миллион теңгенің өнімін өндіру жоспарланып отыр. 50 жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірістік базада құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған, бүгінгі күні зауыт 1 200 тонна дайын асфальт пен 1000 тонна қиыршық тас өндірді. «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы бойынша зауытқа 57,0 миллион теңгеге электр желісін тарту құжаттамасы жасалып, мемлекеттік сараптамасы алынды. «Асыл тұз компаниясы» кәсіпорнының ас тұзын өндіру зауытына тартылған инвестициялық қаржы 700 миллион теңгені құрайды. Мұнда 75 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 50 мың тонна ас тұзын өндіретін болады. Зауыттың құрылыс жұмыстары қарқынды жүзеге асырылу үстінде. Сонымен қатар өзге де жаңа инвестициялық жобалар іздестіріліп, оны өндіріске енгізу жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, аудан орталығынан ашылуы жоспарланған «SODIUM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауытының өткен ақпан айынан бастап құрылыс жұмыстары қолға алынған. Кәсіпорын үшін қала аумағынан жер телімі белгіленіп берілді. Жоба құны – 262 миллион теңге. Жастар қаласы Жаңатастың байырғы даңқын қайта оралту жолындағы жасампаз істер одан әрі де жарасымды жалғасын таба беретін болады.

Сарысу ауданы.