Егемен елдің Ата Заңы
Егемен елдің Ата Заңы
Нұржан Егінбаев,
облыстық әділет департаментінің басшысы.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіз ел болғанына да 25 жыл толды. Дербес, мемлекет болып, өз тізгінімізді өз қолымызға алғалы мемлекетіміз талай жетістіктерге қол жеткізді. Әлемдегі дамыған 30 ұлттың қатарына қосылуды көздеген Қазақстанның ширек ғасырдағы қол жеткізген табысы ауыз толтырып айтарлықтай. Өйткені, біз толайым табыстарға ел бірлігінің арқасында қол жеткіздік. Татулықты ту етудің арқасында өзгеге үлгі болдық. Ең бастысы бізде халықтың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ететін және баршаның тең құқылылығын сақтайтын өз Ата Заңымыз бар. Ата Заңымыздың қабылдануы – тәуелсіздіктің жемісі. Себебі, еліміз егемендік алған күннен бастап құқықтық мемлекет құруды көздеді. Ол Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғауға негізделді. 1995 жылы бүкілхалықтық талқылау арқылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы тәуелсіз мемлекетіміздің тарихындағы тұңғыш құжат еді. 1998 жылғы 7 қазанда Конституциямыз жаңа өзгерістер мен толықтырулардан өтті. 2007-2011 жылдары да елімізде конституциялық реформа жүргізу қажеттілігі туындап, Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сол өзгерістер саяси тұрақтылық, ұлтаралық татулықты нығайтуға бағыттала отырып, мемлекетіміздің жаңғырып, кемелдене түсуіне жол ашты. Соның арқасында қазақ елінің кез-келген азаматына тәуір өмір сүруге мүмкіндік жасалды. Бұл өз кезегінде ел экономикасы еселеніп, халықтың әл-ауқатының арта түсуіне септігін тигізді. Ал Мемлекет басшысы жүргізген салиқалы саясат кез-келген салада мол табысқа кенелуімізге, өркениетті, зайырлы, демократиялы ел ретінде әлемге танылуымызға себеп болды. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болған еліміз көк Туды көкте желбіретіп, шет мемлекеттерде Әнұранымыз шырқалды. Тарихымыз түгенделіп, өткеніміз жаңғырды. Кез-келген мемлекеттің өркениеті мен жүйелі даму деңгейі негізінен, сол мемлекеттің Конституциясына тікелей қатысты. Бұған елімізде табысты жүзеге асырылып жатқан құқықтық реформаның өз жемісін бере бастауы дәлел. Негізінен, кез-келген мемлекеттің даму деңгейі «Денсаулық және бастауыш білім беру», «Жоғары білім және кәсіптік даярлық», «Тауарлар мен қызметтер рыногының тиімділігі», «Еңбек рыногының тиімділігі», «Қаржы рыногының әртүрлілігі», «Технологиялық даму деңгейі», «Ішкі рыноктың мөлшері», «Компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі», «Инновациялық әлеует» секілді бағыттардың әлемдік бәсекеге қабілеттігімен өлшенеді. Осы өлшемдермен салыстырып қарағанда, дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы жыл сайынғы есептік жариясы бойынша былтыр бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстан әлемнің 140 елінің арасында 42-орынды иеленуі – көп нәрсені аңғартқандай. Мемлекетіміз ТМД елдері арасында Әзірбайжаннан кейінгі екінші орында тұр. Осының бәрі де тәуелсіздік тарту еткен сый, азаттық әкелген бақ. Ендеше, кез-келгеніміз елдің тұтастығы мен тұрақтылығының сақталуына, мемлекетіміздің өркендеп, өсуіне, тек қазақ елінде ғана емес, әлемде бейбіт өмір орнатуға, тәуелсіздігіміздің нығая түсуіне барынша атсалысуымыз қажет.