ӨРТ – ТІЛСІЗ ЖАУ
ӨРТ – ТІЛСІЗ ЖАУ
Өткен жылы облыс аумағында далалық алқаптарда 2683 гектар жерді қамтыған өрт оқиғасы тіркелген екен. Оның көпшілігі Шу, Жуалы, Сарысу, Байзақ, Қордай, Талас және Жамбыл аудандарында орын алған. Ол өрт алдыңғы жылмен салыстырғанда жану оқиғасы бойынша 2 есеге, ал аумағы бойынша 3,4 есеге көп болған. Облыс әкімдігінің табиғи өрттерді алдын алу туралы қаулысына сәйкес ауылдық округтерде бүгінде 2368 жеке құрамы бар 171 ерікті өртке қарсы құрылымдар құрылған. Табиғи өртті сөндіруге жұмылдыру үшін ауылдық округтерде 303 дана тіркемелі трактор, 34 су тасығыш техника, 228 бейімделген техника, 24 өрт мотопомпасы, 78 аспалы өрт сөндіргіш және 2753 дана қоласты өрт сөндіргіш құралы дайындалыпты. Сонымен қатар, округтерде 194 тонна, орман шаруашылығы мекемелерінде 18,6 тонна жанар-жағармай қоры жасалған. Ал облыстық бюджеттен 6 миллион теңге қаржы бөлініп, оған ғарыш мониторингі енгізілген. Орман қорын «Қазорманкүзету» мекемесінің тікұшағымен күнделікті әуеден ұшу арқылы бақылау жұмысына қазіргі таңда республикалық бюджеттен 72 миллион теңге, орман қорының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 33 миллион теңге бөлінген. – Облыс әкімдігінің 118-қаулысы талабына сәйкес автокөлік және темір жол бойларында өртке қарсы жолақ жырту жұмысы 25 мамырға дейін толық аяқталуы тиіс болатын. Бірақ, қазіргі таңда бұл жұмыс республикалық жол бойында Т.Рысқұлов, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Жуалы, Байзақ, Жамбыл және Шу аудандарында аяқталған жоқ. Облыстық мәні бар жол бойында жолақ жырту Байзақ ауданында әлі де жалғасуда. Темір жол бойында жолақ жырту жұмысы Меркі ауданында әлі басталмаған және Байзақ, Т.Рысқұлов аудандарында толық жүргізілмеген. Департамент тарапынан жол қызметтеріне бұл жұмысты жандандыру қажеттігі туралы ақпараттық хаттар жолданды. Облыс аумағында 320 мың гектар жерде дәнді дақыл егілген астық алқаптары айналысында 228 шақырым қашықтықта өртке қарсы жолақ жырту қажет, бірақ бұл жұмыс 60 пайызға орындалды. Облыс аумағындағы 14 орман шаруашылығы мекемесіне өрт-техникалық тексерулер жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған 12 лауазымды тұлғаға 381 мың 780 теңге айыппұл салынды. Облыстағы 138 жанар-жағармай құю стансаларын аралап, онда қызмет атқаратын 252 жұмысшыға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және құрғақ шөптен тазарту туралы нұсқаулық берілді. Бұл талаптарды орындамаған 3 жанар-жағармай құю стансасына 318 мың теңге айыппұл салынды. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасуда, – деген төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Талғат Сабиров. Ол осы жылдың басынан бері суға кеткен адамдардың қаза болу себептері туралы ақпарат берді. Суға кетіп қаза болу жағдайлары Талас ауданында – 3, Тараз қаласы мен Шу, Байзақ аудандарында – 2 оқиғадан, Т. Рысқұлов, Жуалы және Мойынқұм аудандарында 1 оқиғадан тіркелген. Ал табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақов орман өртімен күресуге биыл облыстық бюджеттен 33,6 миллион теңге қаржы бөлінгенін, орман қоры жерінде 57 өрт сөндіретін топ құрылып, олардың құрамында 452 жасақ бар екенін айтты. Сонымен қатар, орман шаруашылығы мекемелері жанынан мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет құрамында 9 адамнан, барлығы 126 бірлік жасақ дайындалыпты. Баяндамаларды мұқият тыңдаған облыс әкімі тілсіз жаудың алдын алуда бірқатар нұсқау берді. «Біріншіден, биыл шөп жылдағыдан бірнеше есеге молынан шықты. Осыны пайдаланып, шөп қорын артығымен жинап алған абзал. Екіншіден, «таяқтың екінші ұшы» секілді, шөптің мұндай қаулап өсуі өрт қаупін күшейтеді. Сондықтан, аса сақ болған жөн. Республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдарда қауіпсіздік жолақтарын жасау жұмысын жандандыру керек. Алқаптарды жіті бақылауда ұстау қажет» деген облыс басшысы, әсіресе, шекарадағы әскери бөлімдермен біріге отырып, өзара келісім жағдайында жұмыс жасауға шақырды. Нақтырақ айтқанда, шекара қызметіндегілер үнемі әскери мұнаралар арқылы алыс аумақты бақылауда ұстайды. Ал олар қайсыбір жерде өрт басталғанын байқаған жағдайда тез арада тиісті тұлғаларға хабар берсе деген ұсынысын айтты. Бүгінде екі рет тендер өткізілгенімен, өртке қарсы қызметке қажетті тікұшақпен қамтамасыз ететін компания табылмай жатқанын айтқан мамандардың өтінішін ескерген облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиевке бұл мәселені жедел шешуге қатаң тапсырма берді. Сондай-ақ, өрт пен шомылу маусымы кезінде орын алатын қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетоваға жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».