Тараз – Аса жолы тақтайдай тегіс болады
Тараз – Аса жолы тақтайдай тегіс болады
«Тараз-Аса» бағытындағы автожолдың бірқатар бөлігі біраз уақыттан бері жөндеу көрмеген болатын. Биыл осы аралықтағы жолдың 12 шақырымына орта жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 296 миллион теңге қаражат қарастырылған. Оған тапсырыс беруші – облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Мердігер – Қайрат Жүнісбеков басқаратын «Арсико строй инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жұмыс басынан аталған компанияның техникалық директоры Мейірхан Тоқтасыновты жолықтырдық. Оның айтуынша, мұндағы жұмыс сәуір айының алғашқы күндерінде басталған. Игі іске он техника жұмылдырылып, 25 адам тұрақты еңбек етуде. Жалақылары көңілге қонымды. Орта жөндеуден кейін жол тақтайдай тегіс болады. Мұнда жұмыс тоқтаусыз жүргізілуде. Асфальт тегістеуші Жанболат Ақылов, жұмысшылар Арман Мамбеталиев, Саид Нойбов, Кенжебай Әлиханов уақытпен санаспай тер төгуде. Қазірге дейін мұндағы жөндеу жұмыстарының 35 пайызы еңсерілген. – Облыс басшысының жол құрылысына ерекше көңіл бөлуінің нәтижесінде осында орта жөндеу қолға алынды. Жоба толық жүзеге асқанда жолаушылардың облыс әкіміне, құрылысшыларға айтатын алғысы шексіз болады деп ойлаймын. Жұмыс барлық талаптарға сай, сапалы жүргізілуде. Оның сапасына облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан қатаң бақылау бар. Алдағы тамыз айының соңына дейін орта жөндеуді толық аяқтап, тапсыруды жоспарлап отырмыз, – деді Мейірхан Тоқтасынов.
Есет Жаңабайұлы.
Жамбыл ауданы.