Мәдениет

Мәңгілік майдан

Мәңгілік майдан

жауыздық, сатқындық, мейірімсіздік адамдардың рухани азғындауынан туындап отыр

Облыстық қазақ драма театрында орыс жазушысы Александр Володиннің «Қос жебе» драмасының премьерасы өтті. Бұл шығарманы қазақ тілінде сөйлеткен – Қажықұмар Төлеуіш. Қоюшы режиссері – Мәлік Ақүрпеков. Сондай-ақ, қоюшы суретшісі Рахат Сапаралиева болса, музыкамен әрлеген – Кенен Ембергенов. Шығарма оқиғасы ықылым замандарда ғұмыр кешкен бір тайпа адамдардың тіршілігі арқылы бүгінгі қоғамдағы келеңсіздіктерді, адамзаттың өз қолымен жасалатын жауыздықтарын көрсетуді мақсат етеді.

Қойылым кітапқұмар Ұзынтұраның азап шегіп, қиналып, өңкей төмен ойлы адамдардың арасынан лайықты орнын таба алмай аласұрған сәтінен басталады. Бір тайпа елдің ішіндегі кітап оқитын жалғыз кісі белгісіз жағдайда адамдардың қолынан мерт болады. Автордың идеясы мен режиссердің шешімі дүниені апатқа алып баратын бірден-бір жол елдің рухын өлтіру екенін ойға салу болғанын ұғындық. Оқиға одан әрі қалай өрбиді дейсіз бе? Арқасына қос жебе қадалып, жансыз жатқан Ұзынтұраны алдымен Бізтұмсық байқайды. Алайда кісі өліміне басты себепкер (күдікті) Қалқанқұлақ болып шығады. Оның дәлелі марқұмның арқасына қадалған екі жебенің иесі – Қалқанқұлақ. Бірақ, шын мәнісінде Қалқанқұлақ ондайға бара алмайтын адал, өз жолынан бұрылып көрмеген жан. Жүрегі жұмсақ адам. Ол Тасбақа-қызды ұнатады. Ұзынтұра жесірінің көздегені де Қалқанқұлақ. Тіпті, әлі топырағы кеппеген күйеуін ойламай, Қалқанқұлаққа «Мені әйелдікке алсаң, барлық күнәдан құтыласың» деуі – сатқындықтың, арсыздықтың ең жоғары сатысы екені анық. Қалқанқұлақ қанша азап шегіп тұрса да, оның дегеніне көне алмайды (өзінің Тасбақасына адалдық танытады). Бұл дау рулық кеңестің отырысында қаралады. Рубасының сөзін тыңдар-тыңдамастан барлығы Қалқанқұлақты ортаға алады. Тұс-тұстан талай түседі. Ақыры, айқайдан түк шықпай, кеңестің отырысы келесі күнге шегеріледі. «Тараңдар!» деп бұйырады Рубасы. Бұл сөзді айту – Жаусоғардың арманы. Осы түнде бірталай адамның екіжүзділігі көрініс береді. Ең алдымен сүйіктісі Тасбақа Қалқанқұлақтың тазалығына сенбейді. Осы түнде Бізтұмсық, Шешен, Жүргіш дегендердің де күнәдан таза емес екені, қолдары былғаныш екені анықталады. Ертеңгі кеңесте де бұлар бір байламға келе алмай, қырықпышақ болады. Ақыры сатқындық пен билікке таласу осы бір рудың өзара қырқысып, түгел қырылып кетуіне апарады. Рубасы жансыз жатқан руластарын көргенде жынданып, күйзеліп кетеді. Азапты күйге түседі. Іші қан жылап кетіп бара жатқанда Жаусоғар алдынан шыға келеді. «Бәрі бітті» дейді Рубасы күйзеліп. «Жо-жоқ, бәрі енді басталды» дейді Жаусоғар. Жаусоғар мұның рубасылық белгісіне қол созып, жұлып алады. Сол рубасылық белгіге көңілі толып, өзін бір тайпа елге басшы болғандай сезінеді. Әсіресе, қырылып, жансыз жатқан руластарына қарап, «Тараңдар!» деп бұйрық беруі оның жан дүниесінің қараң, жауыз, надан екенін байқатады. Қойылым осылай аяқталады. Қойылымға бірнеше жас актерлер атсалысты. Барлығы да өз рөлдерін жақсы, сенімді алып шықты. «Бұл – жаһандық апаттан кейінгі әрекет. Шығарманың тілімен айтсақ, постапоколиптикалық әрекет. Миллион жыл алдағы (әлі болмаған) жылдарды қамтыған қойылым. Рухани байлықсыз даму, өсу, өркендеу жоқ екенін байқатып, көрерменге ой салу. Жауыздық, сатқындық, мейірімсіздік те сол адамдардың рухани азғындауынан туындап отырғанын көрсету» дейді қоюшы режиссер Мәлік Ақүрпеков. Ой салатын бұл жаңа қойылым жалпы көрер­меннің көңілін қозғап, жүректерін тербегені, толқытқаны, тебіренткені рас.

Есет Досалы, «Ақ жол».