Саясат

ПАРАСАТПЕН ШЕШІЛЕТІН ШАРУА

ПАРАСАТПЕН ШЕШІЛЕТІН ШАРУА

Жер кодексіне өзгеріс енгізгендегі мемлекеттің негізгі бағыты жерді жекеменшікке беру, капиталдандыру болып табылады. Сондықтан жерді өз қожайынына беріп, тиімді пайдалану керек. Шынында да, оны иеленгендер көп, бірақ қайтарымы аз болып тұр. Қазақстан нарық қатынасына көшкендіктен, жер капитал болып есептеледі. Бұрынғы Заңға сәйкес ол көп жағдайда 49 жылға дейін жалға берілді. Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес жердің тек елімізде тұратын Қазақстан азаматына сатылатыны, сатудың нақты тәртібі бар екені, сондай-ақ жер шетел азаматына немесе Қазақстан азаматы болып табылмайтын тұлғаға 25 жылға жалға берілетіні жазылған. Жұрттың түсінбей жатқан жері осы. Ол мерзім біткенде мемлекетке қайтарылады. Себебі жер – стратегиялық нысан. Қандай алпауыт оны жалға алса да, кез-келген уақытта мемлекеттің қайтарып алуға мүмкіндігі бар. Бұл мәселені саясиландырудың керегі жоқ деп ойлаймын.

Заңның көздегені – жерді шаруаның қолына беру. «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» дегендей, жекеменшікке өткен жер жұмыс істейді. Біздің барлық жеріміз жекенің қолына өтпейді. Өз басым жердің мемлекеттік те, аралас та, жекеменшік те болғанын қалаймын. Ең бастысы, жекеге қарағанда мемлекет құзыреті жоғары тұруы тиіс. Яғни кез-келген уақытта жерге қатысты мәселе туса, мемлекеттің оны қайтарып алуға жоғары құзыреті болуы қажет. Елімізде кімнің қанша жері бар деген ақпарат ашық жарияланғаны жөн. Оны сатуға қатысты конкурс ашық, әділ болуы тиіс. Өз басым жеке алпауыттың монополия жасауына жол бермеу керек деп санаймын. Мысалы, қалада тұратын қалталы адамның ауылдағы жерді сатып алып, жұртты жалгер сияқты жұмыс істетіп қоюына мүмкіндік берілмеуі тиіс. Жермен айналысатын қарапайым шаруа, фермер, қожалық иесіне – өзіміздің азаматтарымызға ғана сату керек. Тағы бір қосып айтарым, жердің үсті ғана жекеменшікке сатылады. Мысалы, егін еккен шаруаның жерінің астынан қазба байлық шықса, мемлекет дереу өз меншігіне қайтарып алады. Жер кодексінде осындай бап бар. Жер мәселесі – өткір мәселе. Әлемдегі көптеген қанды қақтығыстар, мемлекетаралық соғыстардың негізгі ошағы осы мәселеден туындап жатқанын көріп отырмыз. Осының бәрін ескерген, таразыдан өткізген дұрыс. Жерге байланысты дау тек ұлттар мен мемлекеттер арасында ғана туындамайды, кейде ішкі мәселені дұрыс шеше алмаған кезде де от алып жатады. Сондықтан нарық заңы осы екен деп, жерді оңды-солды сатуға және жалға беруге болмайды. Әсіресе, шетелдіктерге жалға бергенде қатаң бақылау болуы керек. Бұл мәселе сонау өткен ғасырдың басында, яғни 1913-1918 жылдары алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың басшылығымен шыққан «Қазақ» газетінде де ұдайы көтеріліп отырды. Өйткені, қазаққа жер керек. Ол жер өзгенің иелігінде кетуі тиіс емес. Бүгінге келетін болсақ, Жер кодексіне байланысты халық өз пікірін айтты. Ал Президент әрқашан халықпен бірге екенін, қашанда өзіне сенген халықтың пікірімен санасатынын көрсетті. Жерді бауырына басып қалғысы келген аз ғана топтың айтқанымен кеткен жоқ. Міне, Президент Н.Назарбаевтың халқын сүйетіні, жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын азамат екені осы жерде танылды. Ендігі міндет Жер кодексіне үлкен сараптама жасала отырып, халықтың көңілінен шығатын заң жасау керек деп ойлаймын. Қазақ үшін киелі үш нәрсе бар. Ол – жері, тілі және тарихы. Егер осыларға қиянат жасалса, халық пікірін білдіреді. Сондықтан Президент Жер кодексінің қоғамда қозғау тудыратын бірқатар нормаларына 2017 жылға дейін тоқтау салды. Ендігі міндет кодекске жаңаша толықтырулар мен өзгерістер енгізілуі керек. Елбасының республикамыздың агроөндірістік кешенін жандандыруға байланысты көтерген бастамаларын қоғамның барлық деңгейінде жаңғыртып, халықтың санасына жеткізу парызымыз деп ойлаймын. Ол үшін «ауыл шаруашылығының өркендеуі – мемлекетіміздің өркендеуі» деген Елбасының сөзін естен шығармауға тиістіміз. Сол себепті жер қатынастарын реттеу ашық, жариялы болуы тиіс. Бұл бағытта бізде де бірқатар түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, тау-кен өндірістік кәсіпорнында «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымдарымен бірлесіп, Жер кодексіндегі өзгерістер жөнінде түсіндірме жұмыстары өткізіліп келеді. Ұжымда «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымдары, кәсіподақ ұйымдары мүшелерінен насихат тобы құрылды. Барлық цехтар мен бөлімшелерде насихат тобының қатысуымен жиындар өткізілуде. Өндірістік кеңес отырыстарында да жер мәселесінің маңыздылығы түсіндірілуде. Жер – біздің халқымыздың басты байлығы. Жер кодексінің даулы нормаларының күшіне ену мерзімі кейінге шегерілген мүмкіндікті пайдаланып, оларды қайтадан мұқият сараптамадан, елдің және мамандардың талқылауынан өткізіп барып, шешім шығады деп сенемін. Бұл жерде Үкіметтің алдына екі бірдей міндет қойылды: біріншіден, ауыл шаруашылығына және жерге қатысты реформаларды халыққа түсіндіру. Екіншіден, комиссия арқылы заңнаманы пысықтау. Біз де жер мәселесін жан-жақты қарап, халықтың көңілінен шығатын заң жасауға белсене атсалысуға тиіспіз.

Мұратқали  Сәрсенов, «Қаратау» және  «Шолақтау» тау-кен  өңдеу кешендерінің  директоры,  облыстық  мәслихаттың  депутаты. Жаңатас қаласы, Сарысу ауданы.