Ауылға кел, қалқатай, білегіңді сыбанып
Ауылға кел, қалқатай, білегіңді сыбанып
Ауылдың әлеуеті көтерілмей, халықтың рухы көтерілмейді. Ауылды дамыту – өзге салаларды да дамытудың берік кепілі. Сондықтан, бүгінде ауылымның өсіп-өркендеуіне үлесімді қосамын деген жастарға мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетіліп, жағдайлар жасалуда. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы талай жастың қанаттанып, өмірден өз орнын табуына септігін тигізуде. Бір ғана облысымыздың өзінде 2009-2015 жылдары аралығында ауылға келген 2332 әлеуметтік сала мамандарына 392,4 миллион теңге әлеуметтік көмек берілсе, 2053,7 миллион теңге көлемінде 875 маманның тұрғын үймен қамтамасыз етілуі – осы сөзіміздің дәлелі.
Еңбек жолын ауылдан бастаған жастар Тараз қалалық Мәдениет үйінде облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Ауылым – алтын бесігім!» облыстық форумында бас қосты. – Бүгінде «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында жас мамандарды ауылдық жерлерде тұрақтандыру үшін оларға әлеуметтік көмек көрсетілуде. 2009 жылдың шілде айынан «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының бастамасымен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан жоба аясында 30 мыңнан астам жас мамандарымыз ауылдық жерлерге тұрақтанып, өз салаларында нәтижелі жұмыс атқаруда. Жоба аясында ауылдық жерлерге келген мамандарға әлеуметтік көмек ретінде 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік жәрдемақы, тұрғын үй сатып алуға арналған 0,01 пайызбен 15 жылға 1500 айлық есептік көрсеткіш көлемінен аспайтын жеңілдетілген несие қарастырылған. Соның ішінде өткен жылы облыста аталмыш жоба аясында ауылдық жерлерге жұмысқа орналасқан 173 маманға тұрғын үй алу үшін 484,5 миллион теңге және 440 маманға 109,3 миллион теңге көтерме жәрдемақы берілді. Ал үстіміздегі жылы 151 маманға тұрғын үй алу үшін 480,4 миллион теңге және 449 маманға 118,1 миллион теңге көтерме жәрдемақы беру көзделуде, – деді облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев. Форумда облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев ауылға барып еңбек етем деген жас маманға қамқорлық көрсетілетінін айтып, жастарға ақ батасын берді. Шара соңы облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».