Денсаулық

Алматылық егіз қыз ҰБТ-дан 125 және 119 балл жинап шықты

Алматылық егіз қыз ҰБТ-дан 125 және 119 балл жинап шықты

ҰБТ-дан 125 балл жинаған алматылық қыздың егізі де тестілеуден жоғары нәтиже көрсетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның түлектері Рәмзия мен Мәриям Оспанова "Алтын белгіні" ақтап шықты. Тестілеуде екеуі де бесінші пән ретінде ағылшын тілін таңдаған екен. Рәмзия берілген 125 сұрақтың барлығына дұрыс жауап берсе, Мәриям 119 балл жинады.

"ҰБТ-ны сәтті тапсыру үшін сабақ оқып, мектептен қалмау керек, басқа түлектердің де кеңесін тыңдаған жөн. Осындай нәтижеге жетуге үміттендім", - деді Рәмзия. Егіздер енді бір университетте білім алуды мақсат етіп отыр. Қазір олар Гонконг қаласының университетіне құжат тапсырып қойды, сонымен қатар, Назарбаев Университетінде немесе KIMEP-те білім алуы мүмкін.

Айта кетейік, ҰБТ-дан 125 балл жинаған тағы бір түлек - Аружан Мейірханова да осы мектеп-гимназияда оқыған.

 src= Рәмзия Оспанова мен Аружан Мейірханова.

Аружан Мейірханова да бесінші пән ретінде ағылшын тілін таңдапты. "Болашақта халықаралық қатынастар саласында жұмыс істегім келеді. 9 сыныптан бері Назарбаев Университетінде оқуды армандап жүрмін", - деді Аружан.

"Бұл менің ғана жетістігім емес. Бұған ата-анам да, мұғалімдер де еңбек сіңірді. Олар бізге сенім артты. Басынан бастап жоғары балл жинауды мақсат еттім. Тестілеу кезінде байқау сынақтарында кездеспеген сұрақтар болды, дегенмен оны логиканың, 11 жыл бойы алған білімнің арқасында шештім. Бастысы - қобалжымау керек, сонымен қатар, өз күшіңе сену өте маңызды", - деді "Алтын белгіге" үміткер Аружан Мейірханова.

 src= Аружан Мейірханова.

Айта кетейік, биылғы ҰБТ-ның алғашқы күнінде Қазақстан бойынша Алматының үш түлегі 125 балл жинады.

Биылғы тестілеу 2-10 маусым аралығында өткізіледі. Қазақстандық түлектер биыл соңғы рет ҰБТ-ны дәстүрлі форматта тапсырып жатыр.

ақпарат көзі tengrinews