Әлеумет

Өткеннің өкініші ұмытылмайды

Өткеннің өкініші ұмытылмайды

облыс жұртшылығы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды

Кеңестік тоталитаризмнің солақай саясаты мен зұлмат әрекетінің салдары сұмдық болды. Шаруаның қолындағы малын тартып алып, аштыққа ұрындырып, баудай түсірді. Бас көтерер азаматын «халық жауы» деп қудалап, көктей солдырды. Деректерге сүйенсек, 1920-1950 жылдары Кеңес Одағында миллиондаған адам саяси қуғын-сүргінге ұшыраған екен. Соның ішінде қазақтың қаншама қабырғалы тұлғалары сол солақай саясаттың құрбандарына айналды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранымен науқанға кіріскен белсенділер республикадағы 40 миллионнан астам мал басының қырылуына әкеп соқтырды. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Ашаршылық жылдарында елімізде 1,5 миллионға жуық адам опат болды. Зұлмат жылдар қазақ тарихының күнтізбесінде ақтаңдақ болып қалды. 

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осы күні таңертең облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған топ облыс орталығындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған стелаға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Алдымен, жиналған жұртшылық қасіретті жылдардың құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алды. Одан соң облыстың зиялы­лары, мекеме басшылары бастаған топ лек-легімен қуғын-сүргін құрбандарына арналған стелаға гүл шоқтарын қойып, сола­қай саясаттың құрбаны болған азаматтардың рухына тағзым етті. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған шарада облыс әкімі халқымыздың тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлермен қатар, тар жол тайғақ кешкен тақсіретті кезеңдердің де аз болмағанына тоқталды. Ашаршылық, репрессия оқиғалары тек қазақ халқына емес, Кеңес Одағына кірген барлық мемлекеттерге ауыр тигенін айтып өтті. – Тәуелсіздік жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих – өткеннің сабағы. Біз өткенімізге қарап, ертеңімізді түзеуіміз керек» деген сындарлы сөзі тарихи сананы жаңғыртуға, ұлттық рухтың өрлеуіне жол ашты. Егемендіктің ширек ғасырында ел тарихының көмескі беттері қайта ашылып, мемлекетіміздің соңғы жүз жылдықта жүрген сүрлеуіне жаңаша баға беріліп жатыр. Еліміздегі бейбітшілік пен тыныштыққа халықтың алғысы шексіз, – дейді қала тұрғыны Бакайдар Тұрғынбекұлы.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Тараз қаласы.