Әлеумет

балдәуреннің қызығы

балдәуреннің қызығы

балғындар 25 килограмдық тортқа бір тойды

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында «25 мейірімді іс: «Нұр Отан – балаларға!» атты қайырымдылық акциясы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізілді. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Тараз қалалық Мәдениет үйінде өткен шарада Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушілерінің қолөнер көрмесі көрсетілді. Мерекелік шарада «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Арын Асқарбеков жас жеткіншектерді мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының мүшесі, №45 гимназияның оқушысы Саяжан Батырша да өзінің құттықтау лебізін білдіріп, құрбы-құрдастарын саламатты өмір салтын ұстануға, әрқашан үлгілі болуға шақырды. Бұл кеште Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері мен «Болашақ» мектеп-интернатының оқушылары өнер көрсетіп, мүмкіндігі шектеулі балаларға шаттық сыйлады. Концертте «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында түсірілген бейнеролик көрсетілді. Бұл көрсетілім балалардың көңілінен шықты. Облыстық «Бала даусы» конкурсының жеңімпазы Айлун Заушева да осы концертте ән салып, қатарластарына керемет көңіл күй сыйлады. Шараға белсене қатысқан балаларды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Айнұр Келімбетова алғыс хаттармен марапаттап, сыйлықтар табыстады. Марапаттау рәсімінен кейін балаларға Тәуелсіздіктің 25 жылдығы келіп жеткеніне орай арнайы әзірленген 25 килограмдық торт пен шырын таратылды.

Әзиза Әбдірайымова, ТарМУ-дың студенті.