"Абай оқулары" аясында
"Абай оқулары" аясында
Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен кемеңгер ақын Абай Құнанбаевтың шығармашылығын кеңінен насихаттауға арналған дәстүрлі «Абай оқулары» байқауы өтті. 15-21 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдері бақ сынаған байқауға әр ауданнан іріктелген кілең талантты жастар қатысты. Шараның салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева сөз сөйлеп, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейте түсу мақсатында ұйымдастырылып отырған «Абай оқулары» дәстүрлі байқауына қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі. Үш кезеңнен тұратын өнер аламанында ұлы ақынның шығармалары кеңінен қамтылды. Он ауданнан келген үміткерлердің басым бөлігі жақсы дайындықпен келіпті. Байқау қорытындысында қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Байзақ ауданының өкілі Карина Янға бұйырса, таластық Айшат Трамова бірінші орынды, қордайлық Матрим Абдрайымов екінші орынды, меркілік Екатерина Мыракина үшінші орынды иеленді. Жүлделі орындардан бөлек, үздік өнер көрсеткен бірқатар қатысушыларға Алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.
Жанар Әбсадық, ТарМУ-дың студенті.