Денсаулық

Қазақстан электролиз зауытында автокөліктерді жер серігінен бақылау жүйесі іске қосылды

Қазақстан электролиз зауытында автокөліктерді жер серігінен бақылау жүйесі іске қосылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысындағы Қазақстан электролиз зауыты автокөлікті жаңа деңгейде бақылауға көшті. Кәсіпорын GPS жүйесін жаңартуға кірісті, деп хабарлады  кәсіпорынның баспасөз қызметі.

«Қазақстан электролиз зауыты» АҚ көлік цехы өткен жылдан бері жаңа жүйелерді енгізе бастады. Атап айтқанда көліктерге бейнетіркегіштер, GPS-трекерлер мен жанармай деңгейін қадағалау құрылғылары орнатыла бастады. Ендігі кезекте жер серігі арқылы жұмыс істейтін автокөліктің қозғалысын бақылауға арналған жүйе іске қосылмақ. Оның артықшылығы өте көп, мәселен КЦ операторы онлайн режимінде қозғалыс бағытын, жылдамдық пен жанармай шығынын қадағалай алады.

26 автокөлікке ГЛОНАСС, GPS, GSM технологияларының базасындағы борттық контроллер мен жанармай деңгейін қадағалайтын құрылғылар орнатылды. Бірнеше жыл бұрын осындай жүйені енгізу жоспарланған болатын. Ол үшін 2011 жылы барлық  керекті құрылғыларды сатып алуға екі миллион теңгеге жуық ақша жұмсалды. Көлік цехының басшысы Алексей Боряковтың айтуынша, көптеген алдыңғы қатарлы ірі заманауи кәсіпорындар осындай мониторингке көшкен. Жүйенің тиімділігі жоғары, пайдасы мол.

─ Автокөлікті жер серігінен бақылау жүйесі өзінің тиімділігін әлдеқашан дәлелдеп берген. Жаңа технологияларды орнату автокөліктерді босқа пайдаланудан, ұрлық жасау мүмкіндігінен сақтап, қызметкерлердің  тәртібін жақсартуға және автопарктің жұмысын оңтайландыруға сеп болады, - деді Алексей Боряков.

Нақты уақыт режимі орналасқан жерді қадағалауға, сонымен бірге орын ауыстыру тарихын сақтауға және автокөлікті пайдаланудың есептемесін алуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, көлік жымдамдығын қадағаудың арқасында жүргізушілерді тәртіпке салып, өндірісте қауіпсіздікті сақтауға ықпал етпек.

Алдағы бір ай бойы автокөлікті жер серігінен бақылау жүйесі тестілеу режимінде жұмыс істейді. Оған дейін «ҚЭЗ» АҚ көлік цехының мамандары керекті параметрлерін тауып, бірыңғай көрсеткіш стандартын сәйкестендіреді. Кәсіпорын жеңіл көлікке, нақтысы 20 көлік құралына заманауи жүйені орнатуды жоспарлап отыр.

ақпарат көзі kazinform