«Шетелдік» шегірткелерден абай болайық
«Шетелдік» шегірткелерден абай болайық
Облысымызда шегірткенің марокколық, италиялық және азияттық үш түрі анықталып отыр
Биылғы «шегірткелер шеруі» әдеттегіден өзгеше. Жылдағыдай емес, ағымдағы жылы олардың қарасы әжептәуір қалың. Зиянкес жәндіктер тобының өңіріміздегі бірқатар жайылымдық жерлерді үдере жайлап алуы дабыл қағарлық. Сол себепті облыс әкімдігі жанынан арнайы штаб құрылып, зиянкес жәндікпен күрес күшейтілді. Жалпы, алқаптардағы шегірткемен күрес барысымен танысу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев Жамбыл, Байзақ аудандарындағы жайылымдық жерлерді аралап, көріп қайтты.
Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, елімізде шегірткенің 100-ден астам түрі кездеседі. Олардың 10-нан астамы – ауыл шаруашылығы мен адамға зиян келтіретін шегірткелер. Тіршілік ету өзгешелігіне қарай олар екіге бөлінеді: топтанып жүретіндер, саяқ жүретіндер. Топтанып жүретін шегірткелерге өніп-өсе бастаған кезінен бірлесіп тіршілік ететін, топтанып ұшатындар жатады. Бұл көкқасқа шегіртке көлдердің жағалауында, осы көлдерге құятын жерлерде өніп-өседі. Қаратал, Аягөз, Шу, Талас және басқа өзендерінің бойы, Арал, Каспий теңізі мен Зайсан көлінің жағалары олардың қолайлы мекені болып табылады. Топтанып жүретін шегірткелердің бір түрі – марокко шегірткесі Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында тіршілік ететіні белгілі болған. Топтанып жүретін шегірткелер ордасы ұша бастаған кезде шаруаға үлкен қауіп туғызады. Шегірткеден қорғану үшін олардың өніп-өсетін жерлерін бақылап, дер кезінде күрес жүргізу қажет. Мамандардың айтуынша, әзірге егістік алқабына өте қоймаған шегірткелерден аса қорқыныш жоқ көрінеді. – Облысымызда шегірткенің марокколық, италиялық және азияттық үш түрі анықталып отыр. Биыл шегірткенің марокколық түрі көп кездесуде. Олар Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов, Талас, Қордай аудандарында тіркелген, өңіріміздегі 7990 гектар аумақты қамтып үлгерді. Әсіресе, басым бөлігі Жамбыл ауданында байқалуда. Қазір осы аудандағы «Көделі» жайлауындағы желекті жайылымда қара құрым шегірткелер үйірін жою жұмыстары қызу жүруде. Байзақ ауданымен шекаралас болғаннан соң олар көрші ауданға көшуде. Алайда, бір айта кетерлігі қазір жәндіктердің шағылысуы жүруде. Яғни, олар бұл кезеңде ешқандай қауіп төндірмейді. Қайта шағылысқан жәндіктер өздері көп ұзамай, әлсірей бастайды, – дейді облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Нұрби Жігітеков. – Аудан бойынша марокко шегірткесі 5090 гектарды жайлап отыр. Олармен күрес қарқынды түрде жүргізіліп, «Доклоприд», «Комбат» препараттарымен дәріленуде. Олардың әсер ету күші шамамен 90-92 пайыз деп айтуға болады. Бұлар қазір жерде қимылдап жүргенімен, белсенділігін жоғалтып отыр. Кейбір дәріленген аумақтарда жаппай қырылып жатыр. Олардың тек қанаттары мен аяқтары ғана қалады, – деген Жамбыл аудандық инспекцияның басшысы Сейітмахан Қошмағанбетов шегірткенің тығыздығы бір шаршы метр аумақта екі жүзден асып отырғанын жеткізді. Ал Жамбыл аудандық фито-санитарлық болжамдау әдістемелік орталығының басшысы Бикен Сүлейменова жоспар бойынша залалсыздандыру жұмыстары тиянақты жүргізіліп, бұл жұмысқа екі техника тартылғанын, бүгінгі күнге дейін белгіленген аумақтың жартысына жуығы, яғни екі мың гектардан астам алқабы залалсыздандырылғанын айтты. Өсімдік зиянкестері жайлаған жайылым басындағы жұмыстармен танысқан облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев дәрі сепкіш арнайы шағын ұшақты іске қосу жолдары қарастырылып, қосымша дәрі-дәрмектер алынып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, қаптаған зиянкес жәндіктерді егістік алқапқа жеткізбеу – басты мақсаттардың бірі. Залалсыздандыру жұмыстары тамыз айының ортасына дейін жалғасын таппақ.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».