Жамбылда не жаңалық?

Медиация кабинеттерінің маңызы зор

Медиация кабинеттерінің маңызы зор

2011 жылы «Медиация туралы» Заң қабылданып, сот жүйесіне қолданысқа енгізілді. Бұл заңның дау-дамайды сотқа дейін ушықтырмай, жанжалдасушыларды ортақ мәмілеге келтіріп, істің шешілуін жеңілдетуге тигізетін ықпалы көп. Оған – осы жылдың 4 айында облыстық сотта 236 азаматтық, 51 қылмыстық, 48 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің медиациялық жолмен шешілуі дәлел. Өткен жылы 467 азаматтық іс пен 104 қылмыстық іс медиаторлардың қатысуымен қаралған болатын.

Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық сот судьялары айтып берді. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрмахаммат Әбідов, сот судьялары Гүлнар Сыздықова, Динара Нұрлыбаева, Ләзат Рамазанова соттармен өзара әрекеттесу бойынша кеңес мүшесі, адвокаттар алқасының төрайымы Анжела Раисова қатысқан жиында соттармен өзара әрекеттесу кеңесінің жұмысы туралы және медиация саласы жайы сөз болды. Мамандардың айтуынша, медиация жүйесін дамыту үшін Тараз қаласындағы «Достық» үйінде, Мойынқұм, Меркі, Жуалы, Жамбыл, Шу, Байзақ, Т.Рысқұлов аудандарында жергілікті әкімшілікпен бірлесіп, медиаторларға арналған кабинеттер ашқан. Ал Қордай және Талас аудандарында аталған кабинеттер алдағы уақытта ашылмақ. – Сонымен қатар, бүгінде сотқа дейінгі дау-дамайды реттеудің баламалы тәсілдерін қолдану саласын кеңейту, тергеу, тұрғындар арасындағы даулы мәселелердің деңгейін төмендету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығы, облыстық адвокаттар алқасы, «Бітімгер» медиация және құқық орталығы» арасында татуластыру рәсімдерін жетілдіру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум бекіту жоспарлануда, – деді Динара Нұрлыбаева. Судья Ләзат Рамазанова «Сот жүйесі мен судьялар мәртебесі» туралы конституциялық Заңнамаға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға байланысты жақында өткен облыстық соттың пленарлық отырысында соттармен өзара әрекеттесу бойынша кеңес беру органы құрылғанын айта келіп: – Өзара әрекеттесу кеңесі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» –Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында құрылды. Оның құрамына доғарыстағы судьялар, журналистер, облыстық адвокаттар алқасының, облыстық кәсіпкерлер палатасының, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мүшелері енгізілді. Бұрын аталған кеңес беру органының орнында «Қоғамдық кеңес» жұмыс істеген еді. Қазір соттармен өзара әрекеттесу кеңесіне белгілі бір мөлшерде мемлекет тарапынан жалақы төленетіндіктен, олар жауапкершілікпен жұмыс істейді деп күтілуде, – деді.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».