Бүлдіршіндер бақытқа бөленген күн
Бүлдіршіндер бақытқа бөленген күн
Есет Досалы, «Ақ жол». «Кеше біздер бала едік лақ қуған, Терезеге тас атып лақтырған...» деп Мұқағали ақын жырлағандай, талайға сағыныш болған балалық шақтың әсері ерекше ғой, шіркін! Ал жандары таза, жүректері ақ бүлдіршіндерге қуаныш сыйлау қандай ғанибет. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні облыс көлемінде жыл сайын әртүрлі қызықты іс-шаралар өткізу дәстүрге айналған. Биыл ұйымдастыру ісіне облыстық құқық қорғау саласының өкілдері де ерекше ықылас танытып, Қ.Сарымолдаев атындағы облыстық №1 балалар үйінде үлкен мерекелік шара өткізуге мұрындық болды. Оған облыстық мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілері де қатысты. Бұл бастаманы әуелі облыстық сот ұсынып, ол идея облыстық және Тараз қалалық прокуратура тарапынан қолдау тапқан. Сонымен, «Жазғытұры. Бала мен отбасы» тақырыбымен өткен іс-шараға жүздеген бала шақырылды. Облыстық сот төрағасы Рүстем Алшынбаев, облыс прокурорының орынбасары Айдос Майлыбаев осынау мерекенің мән-маңызына тоқталып, бүлдіршіндерді білімді, өнерлі, үлгілі болуға шақырды. Келесі сәтте Қ.Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйінің, «Мейірім» арнайы түзету мектеп-интернатының, зағип және нашар көретін балаларға арналған облыстық «Болашақ» мектеп-интернатының және балалар мен жасөспірімдердің арнаулы мектебінің шәкірттері өз өнерлерін көрсетіп, әннен шашу шашып, биден тарту жасады. Әсіресе, Диана Рыбасова, Талғат Ізбасаров, Ксения Коркина орындаған патриоттық әндер жүректен шығып, жүректерге жетті. Испан халқының биін билеген «Балдәурен» тобының өнері де көпшілік көңілінен шықты. Шара барысында аталған мектеп-интернаттарында білім алатын бірқатар шәкірттердің суреттері аукцион арқылы сатылымға шығарылды. Бұл суреттерді облыстық сот төрағасы Рүстем Алшынбаев, облыс прокурорының орынбасары Айдос Майлыбаев, Тараз қаласының прокуроры Бағлан Телеу, Қордай аудандық сот төрағасы Сәкен Тұрғынбаев жоғары бағалап, сатып алды. Бұл іс болашақ қылқалам шеберлерінің мерейін тасытты. Аукционнан түскен 200 мың теңгеге жуық қаражат арнайы қорда сақталып, мұқтаж және қамқорлықты қажет ететін балалардың қажеттілігіне жұмсалатын болды. – Міне, бүгін балалардың қуанышын бөлісіп отырмыз. Облыстық сот тарапынан туындаған бастаманы прокуратура құрылымдары да қызу қолдады. Бүлдіршіндердің таза көңілмен шынайы шаттанғанын көру бір бақыт екен. Балаларға арнап түрлі сыйлықтар, тәттілер әкелдік. Балмұздақ таратып, қуантуға әзірміз. Олардың маңдайынан сипап, бірге суретке түскен сәттеріміз әсерлі болды. Мұндағы бүлдіршіндерге ең қажеттісі мейірім екенін сезіндік. Құдай қаласа, жылда келіп тұруды жоспарлап отырмыз. Қайырымды іске үлес қосқанымызға қуаныштымыз, – дейді Тараз қаласының прокуроры Бағлан Телеу. Бұдан кейін облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова, облыс прокурорының орынбасары Айдос Майлыбаев бастаған зиялы топ аталған мектеп ауласына ағаш көшеттерін отырғызды. Сондай-ақ, мектеп оқушылары арасында кіші футболдан, асфальт үстіне сурет салудан, көңілді эстафетадан жарыстар өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Бұл іс-шара балалардың көңіліне шынайы қуаныш сыйлап, ұмытылмас әсер қалдырды. Тараз қаласы.