Келбетіне кісілігі жарасқан Кеңесхан еді...
Келбетіне кісілігі жарасқан Кеңесхан еді...
Бүгін бар, ертең жоқ мына фәниге кімдер келіп, кімдер кетпеді? Содан болар, «жалған дүние» деп аталатыны. Десек те, қатар өмір сүріп осынау бес күндік жалған дүниені бірге өткізген замандастарың, қатарластарың жайлы, жадыңда жатталып қалатын жандардың жүріп өткен жолын елжірей еске түсіріп, сағынбай тұра алмайсың. Ел мен жердің киесіндей, орны бөлек азаматтың бірі Кеңесхан Ахаев еді десем, артық айтпағандығым болар. Күні кеше ғана арамызда жүрген арыстай азаматтың бұл дүниеден өткеніне де жыл толыпты. Зымырап өтіп жатқан уақыт-ай десеңізші?! Енді міне, сол асыл азаматты бір сәт еске алып, оның жарқын бейнесін тағы бір рет ой елегінен өткізгелі отырмыз. Ол қасиетті Таразда кіндік қаны тамып, осында ержетіп, есейіп, жасынан еңбегімен елге танылды. Оның жастық дәуірі 60-70 жылдармен тұспа-тұс келді. Алдымен Қазақстанда кенжелеп қалған жеңіл өнеркәсіп саласын ретке келтіру үшін кадр дайындау мақсатында Жамбыл қаласында ашылған жеңіл технологиялық институтына оқуға түсіп, үздік бітірді. Одан кейінгі өмірі осы жеңіл өнеркәсіп саласымен байланысты болды. Жамбыл хром зауытында жас маман инженер-технолог ретінде басталған еңбек жолы Қазақ ССР Тұрмыстық қызмет көрсету министрі дәрежесіне дейін жеткізді. Республикамыздың сол кезгі басшысы Д.А.Қонаев облысқа іссапары кезінде Қаратау қаласында болады. Кеңесхан басқаратын Қаратау өнеркәсіп комбинатына барғанда, жалындаған жас, іскер басшы Кеңесханды көрген. Бұл жайлы мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді былай дейді: «Сырт көзге республика басшысының елге шығып аралап көруі заңдылық болып саналады. Алайда, Қонаевтың көп жағдайда жұмысының жәй-жапсары көпшілікке көріне бермейтін. Ол кісінің жүріс-тұрысында, әр көзі шалған істе өзінен басқаның назарына ілікпейтін, тіпті байқалмайтын талай сырлар жататын. Олай дейтінім, мұндай жағдайлар менің өз басымда да болған. Меніңше, Кеңесхан шығаратын қара тонның әңгімесі ол кісіге де жеткен. Өйткені, ол сол бір кездегі айтарлықтай тірлік болатын. Иманы саламат болсын, Димекең даланы, тау-тасты кезіп, емге керек деген дәрі шөптерді бір-бірлеп жұлып, жинайтын емшілер тәрізді, әр жерден осылай көрініп қалған кадрларды өзі көріп, оларды бұрынғыдан да көлемді қызмет жасасын деп өсіріп, орталыққа жинайтын. Кеңесханның Алматыға ауысуы да осылай болған сияқты. Себебі, ол кезде тек бірен-саран жағдайда болмаса, партияның тәртібі мықты болатын, тамыр-таныстық арқылы немесе пәре беріп өсудің жолы жоқ еді». Бұл әділ пікірге біз де қосыламыз. Өйткені азаматтың еңбекпен өрілген ақ жолы көз алдымызда өтті ғой. Тәуелсіздігін алған Қазақстанның алдында ауыр жол жатты. Сонау қиын кездері елдің ертеңі үшін аянбай еңбек еткен азаматтардың алдыңғы легінде Кеңесхан да жүрді. Осы саладағы іргелі кәсіпорынның бірі «Қордай былғары комбинатын» қолға алып, жұмысын жүргізді. Уақытында Қордай ауданы сынды ірі ауданның бюджетінің жартысын беріп келген комбинат тоқырау жылдары жабылған болатын. «Ырыс-Бақыт» болып қайта оралған байырғы кәсіпорын қазіргі таңда елімізге белгілі кәсіпорынға айналды. Тері өңдеу, былғары киімдерін тігу, аяқ киім, ат әбзелдерін жасау, киіз басу өндірісімен танылды. Кәсіпорын жылына 500 мың қой терісін, 300 мың ірі қара терісін өңдеп, ұқсатып отыр. Мал терісі мен жүні жарамсыз болып, болмашы бағаға Қытай, Түркия асып жатқан кезде шіркін, осындай кәсіпорындардың қатары көбейсе, өз байлығымызды өзіміз ұқсататын едік-ау деп арман қыламыз. Бұл күнде қазақтың киіз үйін жасайтын ұстаны емге таппайсыз. Кең жазира жайлауда отырып, киіз үй тігуді ұмытқанымыз қалай? Осынау мәселені Кеңесхан көп қозғайтын. Содан болар, комбинатта сүйегі ағаштан жасалып, киізі сапалы басылған алғашқы киіз үйді жасап шығарды. Оның жанында күміспен күптелген ат әбзелдері көздің жауын алады. Ұмыт бола бастаған ұлттық бұйымдар ше? Осының бәрі оның елжанды, саналы, халықтың қамын жеген азамат екенін айғақтағандай. Тәуелсіздігімізбен бірге оралған дін мәселесіне де оң көзбен қарап, өзі де намазға жығылды. Дін жолын ұстағанның жөні осы екен деп құрғақ уағызға барған жоқ. «Діннің жолы осы екен деп қазақ қоғамынан алыстауға болмайды. Исламды бөлшектеп, ата-бабамыздан қалған дәстүрлі дінге кір келтірсек, көсегеміз көгермейді, қайта мынандай заманда қазақ жеріндегі жаңаша өріс алған ислам діні еліміздің бірлігі жолында қызмет атқаруға тиіс. Әр шаңырақ, әр әулет, әр атаның баласы ынтымақты өмір сүруі, әрбір мұсылманға парыз болуы тиіс» деген аталы сөзін алқалы жиындарда айтып жүретін. Әруақты ата-бабаларымызға, би-батырларымызға арнап салынған кесенелердің құрылысына демеушілік көрсетіп, сол ас-тойларда елдің ұйытқысы болып, ортасынан көрінетін. Бұл да азаматтың кісілік бір келбеті еді. Өзі туып-өскен Сәду Шәкіров ауылының төрінен айшықты мешіт тұрғызып, ағайынға имандылық жолына түсудің үлгісін көрсетті. Кеңесхан дүниеден өткен соң ұл-қыздары, ұрпағы Тараз шаһарының төрінен келісті мешіт тұрғызып, көптің ризашылығын алды. Жөн-ақ. Әрине, бір мақалада жұртшылықтың алғысына бөленген абзал азамат жайлы айтып тауысу мүмкін емес. Ол туралы естеліктер айтыла да, жазыла да жатар. Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін Кеңесханның ел мен жердің қамын жеп, көп үшін еңбектенген бейнетін тағы бір рет еске алып, әруағына дұға етеміз. Қабыл болғай!
Жапар Сатылғанов, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы.