Өндірістің бағын ашатын – отандық өнім
Өндірістің бағын ашатын – отандық өнім
немесе өңіріміздегі қазақстандық қамту қай деңгейде?
«Өзіңде болмаса, әкең де жат» демекші, отандық өнімдеріміз өзіміздің еншіміздегі байлығымыз емес пе? Елбасымыз отандық өнімді тұтынуымыз қажеттігін үнемі ескертумен келеді. «Қазақстандық қамту» ұғымының пайда болғанына оншақты жылдан асып барады. Алайда, бұл бағытта экономикалық тұрғыдан ойға қалдыратын келеңсіздіктер жоқ емес. Қытайдың ойшылы Лао-Цзы «Маңызды үлкен жолдар кішкентай қадамдардан басталады» деген екен. Негізі тауар өндіруші кәсіпкерлер осы қағиданы әркез көңілдеріне түйіп жүр ме?
Болжам бойынша бүгінгі таңда мемлекеттік мекемелерде тауар сатып алу барысында тиісті талаптарға сай отандық өнімнің үлесі – 43, жұмыс пен қызмет көрсету түрлерінің қамтылуы 87 пайызды құрауы тиіс екен. Ал кәсіпорындарда отандық тауар сатып алудың үлесі – 15, жұмыс пен қызмет көрсету барысы 68 пайыз болуы қажет. Қазіргі таңда мемлекеттік мекеме, кәсіпорындар мен ұйымдар, холдинг филиалдары мен компаниялар, тау-кен кешені кәсіпорындарын қоса есептегенде отандық өнім 62 пайызды құрап отыр. Оның ішінде жұмыс пен қызмет көрсету саласының үлесі жоғары. Ал «Госэкспертиза» мемлекеттік жобалау мекемесі облыстық филиалы директорының орынбасары Жұмахан Өмірәлиевтің жергілікті журналистерге берген ақпаратына сүйенсек, облысымызда құрылыс саласына отандық өнімдер көбірек қолданылуда. Өз аймағымыздан шығатын цемент, құм, асфальт, гранит, шағал тас, плита үлкен сұранысқа ие. Тұрғын үй құрылысына 75-80 пайыз, әлеуметтік нысандар құрылысына 65 пайыз отандық өнімдеріміз қолданылып жатыр. Дегенмен, облысымыздағы өнеркәсіп кәсіпорындарының өнім өндіру ісі әлі ширатуды қажет етеді. Өндіру және өңдеу өнеркәсібінде өнімнің жылдағыдан кем өндірілгені байқалады. Сала мамандары бұл жағдайдың өзіндік себептері бар деп отыр. Талдау жасап көрейікші. Тау-кен өнеркәсібінде өнім өндіру көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 84,8 пайызды құраған. Мамандардың айтуынша, бұл салада өнім көлемінің төмендеуі «Амангелді Газ» ЖШС-дегі шикі мұнай және табиғи газ, «Қазполиметалдағы» металл кені, «Ақтас», «Шағал» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріндегі қиыршық тас өндірісінің кемігенінен орын алып отыр. Есесіне, майда уатылған фосфор шикізаты – 22,7, әктас және гипс – 19,7, табиғи құм өндірісі 7 пайызға артқан. Өңдеу өнеркәсібінде де өндірілген өнімнің азайғаны байқалады. Дегенмен, бұл саланың жалпы өндірілген өндірістік өнім көлемінің үлесі 70 пайызды құрайды. Былтырғы көрсеткіш көңіл көншітпейді. Атап айтқанда, тамақ өнімдерінің өндірісі, дайын металл бұйымдарының өндірісі, мұнай өнімдерін өндіру, машина жасау, жеңіл және химия өнеркәсібі өндірісінде өнім өткен жылғыдан кем өндірілген. Біздің облыста өңдеу өнеркәсібінің басым бөлігін тамақ өнімдерін өндіру (20 пайыз), химия өндірісі (28 пайыз), басқа металл емес минералды өнімдер (8 пайыз) құрайды. Бұл салада дайын металл бұйымдарының үлесі 1,7 пайызды құраса, жеңіл өнеркәсіп өндірісінің үлесі 0,5 пайыздан аспайды. Жеңіл өнеркәсіптің төмендеуіне «Тараз былғары аяқ киім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне аяқ киім тіктіруге мемлекеттік тапсырыстың болмауы, «Фабрика-Пош Тараз» ЖШС-ның ұзақ жылдар тоқтап тұруы кері әсерін тигізген көрінеді. Былтыр химия өндірісінде де ілгерілеу болмаған. Атап айтқанда, сары фосфор өндірісі – 15, фосфорлы қышқыл өндірісі – 35,8, натрий триполифосфаты 48,4 пайызға төмендегені байқалады. Басқа металл емес минералды өнімнің өндіріс көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 106,5 пайызға жоғарылаған. Бұл салада портландцемент өндірісі – 23, керамикалық кірпіш өндірісі – 9, гипс өндірісі – 29, кірпіш, плитка, бетон және жасанды тас өндірісі – 30, тауарлы бетон – 57, бетоннан жасалған құрылғылар 27 пайызға кем өндіріліпті. Кәсіпорындардағы мұндай жағдайдың себептерін облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы қазақстандық қамтуды дамыту және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Талғат Шалдарбеков бізге былай деп түсіндірді: – Өткен жылы жергілікті қамтуды ұлғайту бойынша облысымыздың кәсіпорындары арасында жалпы сомасы 44,3 миллиард теңгені құрайтын 500 меморандумға қол қойылды. Оның ішінде жалпы сомасы 41,6 миллиард теңгеге 513 келісімшарт жасалады. Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында басқарма тарапынан басқа да жұмыстар атқарылуда. Бірқатар өндіріс салаларында өнімнің төмендеуінің себептері бар. Химия саласының өнімдері нарықтық жағдайға байланысты сатылым көлемінің кемуіне, Ресей рублі құнының төмендеуіне, «KEGOC» АҚ-ның қызметтері мен темір жол қызметтері тарифтерінің өсуіне байланысты болып отыр. Дайын металл бұйымдарының өндірісі өнімдеріне де сұраныс азайды. Сонымен қатар, асыл және түсті металл өндірісі – 25, металл құймасы бойынша өнім көлемі 41 пайызға төмендегені байқалды. Бұл жағдайға Ресейден арзан өнімнің демпингі келуі әсер етіп отыр. Бүгінгі таңда біздің аймақта отандық өнім өндіруге ниеттенген кәсіпкерлер бар. Отандық өнім өндірушілерді қалай қолдауға болады? Өз елімізді қазақстандық өніммен қалай қамти аламыз? Басты сауал осы тәрізді. Алдымен әр қазақстандық тұрғын шетелдік өнімге емес, отандық өнімге сұраныс беруге қызығушылық танытқаны абзал. Біздің кейбір қалталы азаматтарымыз құрылыс салдырса есік, терезе, шегеге дейін шетелден алдырғылары келеді. Басқа мемлекетке тапсырыс береді. Өз отандық өнімдерімізге қызығушылық жоқ. Неге? Бүгінгі таңда елімізге жалпы өнімнің 80 пайызы шетелден жеткізіледі. Отандық өнімді көп өндіре берсек, бұл көрсеткішті төмендете алар едік. Кемінде 50 пайыз отандық өнімге қол жеткізсек, қанеки! Бір кедергі шетелдікін таңсық көріп, өзіміздің өнімді көзге ілмеуде жатыр. Әрине, әр кәсіпорын өз ісіне жауапты болып, тек сапалы өнім шығарғаны абзал. Елбасы әр өнімнің төрт қасиетін, сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуын шегелеп тапсырды емес пе? Отандық өнімге көңіл бөлсек, қазақстандық қамтуды дамыта алсақ, тек теңгемен сауда жасауға қол жеткіземіз. Бұл бағаның қолжетімді болуына әсер етіп, күн сайын шарықтаған долларға тәуелділіктен құтқарады. Долларсыздандыруға жол ашады. Қазақстандық әр кәсіпкерге ойланатын, отандық өндірісті дамытып, еліне қолұшын беретін мезгіл жетті.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».