Жамбылда не жаңалық?

Адам Денсаулығын сақтау – маңызды іс

Адам Денсаулығын сақтау – маңызды іс

ал сақтандыру жүйесі жауапкершілікті арттырады

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары жаңа тарихи заманда дамыған отыз мемлекеттердің қатарына қосатын нақты жоспар. Бұл құжат елімізге «2050 – Стратегиясын» жүзеге асыруға мүмкіндік береді және күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай жасайды. Бағдарламада айтылғандай, бұл жоспар «аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипап қоя салмай, оларды «жүйелі емдеу» нәтижесінде қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негізделген. Денсаулық сақтау саласында оң өзгерістерді енгізетін қадамдар Ұлт жоспарында айқындалған. Атап айтқанда: 80-қадамда – «Міндетті медициналық сақтандыруды енгізу», 81-қадамда – «Жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізу», 82-қадамда – «Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қасынан медициналық қызмет сапасы бойынша бірлескен комиссияны құру». Бүгінгі таңда «Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу туралы» жобасын жүзеге асырудың Жол картасы жасалып, бекітілді. Аталған құжат Қазақстанда енгізіліп отырған медициналық сақтандыру жүйесі үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде жасалған. Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін, жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшыларға төлейді, ал қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өз денсаулықтарын өздері сақтандырады. Ерекше санаттағы азаматтар (халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы) үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшерлемесі орташа айлық еңбекақысының 7 пайызын құрайды. Сонымен қатар, мөлшерлеменің көлемі 2017 жылы – 4, 2018 жылдан бастап – 5, 2023 жылдан – 6, 2024 жылдан 7 пайызға сатылай өсетін болады. Жұмыс берушілер жарнасы мөлшерлемесінің жалпы көлемі кірістің 5 пайызын құрайтын болады. Келесі жылдан бастап аударым – 2, 2018 жылы – 3, 2019 жылы – 4, 2020 жылы 5 пайыз көлемінде болмақ. Қызметкерлер жарнасының мөлшерлемесі – кірістің 2 пайызы көлемінде. Олардың аударымы 2019 жылы – 1, 2020 жылдан бастап – 2 пайызды, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнасының мөлшерлемесі (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) 2020 жылға қарай олардың кірісінің 7 пайызын құрайтын болады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады. Оның 12-сі – халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, сонымен қатар, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмыскерлері. Медициналық сақтандыруын тексеру үшін медициналық ұйым қызметкері емделушінің ЖСН нөмірін бірегей электрондық дерекқорға енгізу арқылы біле алады. Егер жарналары төленіп отырса, онда ол сақтандыру ұсынатын барлық қызметтерді қолдана алады. Жарнасы болмаса ол адамға медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында көмек көрсетіліп, басқа шығындарды өз қаражатынан төлейді. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына сәйкес, азаматтарға медициналық қызметтің 2 түрлі пакеті ұсынылады. Біріншісі – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет. Ол – Қазақстанның барша азаматтары үшін қолжетімді. Пакеттің құрамына жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік мәні бар аурулар, сондай-ақ төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек түрлері кіреді. Екіншісі – жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Оған амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік мәні бар ауруларды есептемегенде), стационарлық көмекті алмастыратын көмек (әлеуметтік мәні бар ауруларды есептемегенде), қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық реабилитация, паллиативтік көмек және мейірбикелік қарау мен жоғары технологиялық көмек кіреді.

Шолпан Тайжанова, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы баспасөз орталығының тілшісі.