Дағдарысты еңсеруге негіз де, тәжірибе де бар
Дағдарысты еңсеруге негіз де, тәжірибе де бар
Аманкелді КАРЕНТАЕВ, экономика ғылымының кандидаты, облыстың Құрметті азаматы. 1992-1993 жылдардағы дағдарыстың түпкі себебі көп еді. Сала маманы ретінде айтарым, тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудың бір ұштығы ауыл шаруашылығынан бастау алған еді. Бұлай деуіме негіз де жоқ емес. Ол кезеңде ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салалары өнімдері арасында үлкен алшақтық бар болатын. Бұл жағдай сол кезде бүкіл елімізбен бірге облыстың ауыл шаруашылығы саласына да үлкен ауыртпалығын түсірді. Жаңа кезеңге қадам жасаған ел үшін бұл тығырықтан шығу оңайға соққан жоқ. Нарықтық қатынастарға көшуге байланысты орын алған қиындықтардан егіншілік мәдениеті төмендеп кетті, мал шаруашылығының да берекесі қалмады, төрт түлік саны кеміді. Cалаға қайта серпін берудің жолын Елбасы ғана көрсетті. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында Үкімет саладағы жағдайды оңалтуға бағытталған жүйелі жұмыстарды қайтадан қолға алды. Ауыл шаруашылығын аяғынан қайта тұрғызуға негіз болған қандай қадамдар еді? Мемлекет алдымен ауыл шаруашылығына салықты азайтты. Жер, Су және Орман кодекстері жасалды. 2002 жылдың маусым айында мемлекеттік-аграрлық бағдарлама қабылданды. Осындай жоспарлы шараларды қолға алудың арқасында облыс экономикасының жетекші саласы құлдырауын тоқтатып, қайта өрлей бастады. 2003-2005 жылдарды қамтыған «Ауыл» аграрлық азық-түлік бағдарламасы мен 2004-2010 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болған облыс агроөнеркәсібі жаңа белеске көтерілді. Агроөнеркәсіп саласының өткені мен бүгіні, келешегі туралы пікір айтсам, мені ешкім сөге қоймас. Өйткені, мен ауыл шаруашылығы техникумын бітіргеннен кейін еңбек жолымды өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында ұжымшардың механигі болып бастап облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығына дейінгі қызмет жолынан өткен адаммын. Өңірдегі ірі екі ауданды да басқардым. Ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулар туралы бірді-екілі мысал келтіре кетейін. Ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасының 2004-2006 жылдарды қамтыған бірінші кезеңінде облысқа 4 миллиард теңге қаржы бөлініп, игерілді. Ал 2007-2010 жылдарды қамтыған екінші кезеңінде игерілген қаржы 19,7 миллиард теңгені құрады. Мен ол кезде басқарма басшысы едім. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі ұйымдастырған депутаттық тыңдауда сөз алып, осы мәліметтерді алға тартып, дәйек келтіргенімде халық қалаулылары оң бағасын берген еді. Ауылды қолдау шаралары әлі де жалғасын табуда. 2020 жылға дейінгі салалық бағдарлама қабылданып, іске асырылып жатқаны – сөзімнің дәлелі. «Сыбаға», «Алтын асық», «Ырыс» тағы басқа да бағдарламалар, «Дипломмен – ауылға» жобасы ауылды өркендетуге бағытталған маңызды шаралар. Өткен жылы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кеңейтілген отырысында 2015 жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға барлық көздерден 7 миллиард 800 миллион теңге бөлінгенін, жалпы көлемі 16 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобалар жүзеге асырылғанын атап көрсетті. Облыс басшысы жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен инвестициялық жобалар әрі қарай өз жалғасын тауып, қалыпты жағдайда қаржыландырылатынын да қадап айтты. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдаудың жалғасатыны қуантады. Өйткені, қаражат – саланың әлеуеті арта түсуіне бірден бір әсер етуші фактор. Бұл – ауылдағы шаруа қожалықтар жұмысы жандана түседі деген сөз. Бүгінде шаруалардың жаңа техника сатып алып жатқаны олардың сұраныстағы азық-түлік түрлерін көптеп өндіруге деген құлшыныстары барын білдіреді. Ал ынта, ықылас барда іс өнімді болады. Қиындықтар еңсеріледі. Әлемде қалыптасқан ахуал азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға баса көңіл бөлу қажеттігін ескерткендей. Әрі ішкі нарықта Қазақстанда жасалған табиғи өнімдер көп болуы үшін елімізде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер санының артқаны, жердің иесіз жатпағаны ерекше маңызды ғой! Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, біз агроөнеркәсіпті дамытуға ден қоюымыз керек. Шет мемлекеттердің ірі қалаларын фермерлер асырап отыр. Үйренерлік үрдіс. Десек те, бізде ұсақ шаруа қожалықтары көп. Шаруаларға сан емес, сапаға көңіл бөлетін кез жетті. Шетелде ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысын бағалауда егіншілік пен мал шаруашылығына заманауи технологияларды ендіруде, жаңа, алымды техниканы қолданудағы жетістіктері ескерілуі қажет. Сұранысқа сай өнім өндіргені де маңызды саналады. Дағдарыс кезінде бәсеке барынша күшейетіні белгілі. Ал бұл сыннан өту білім мен білікке, жаңа технология мен техниканы қолданысқа көптеп енгізуімізге байланысты. Тәуелсіздік жылдарындағы ауыл шаруашылығында жүргізілген реформалардың барысында салада түбірлі өзгерістер орын алды. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарын басқаруға алуан мамандық иелері келді. Олар ақпараттық қолдауға зәру еді. Біздің сала ісін ілгерілетуге қажетті анықтамалықтар шығаруымызға осы жағдай түрткі болды. Осылайша, 2008 жылға дейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы менің құрастырып, редакциялауыммен бірқатар анықтамалықтарды Тараздағы «Сенім» баспа орталығынан шығарды. Олар кезінде көпшілік тарапынан жоғары баға алып, тез таралып кетті. Облыс басшылығы бұл жайдан хабардар. Сәтін салса, биылда сол анықтамалықтар баспадан қайта басып шығарылғалы отыр. Біз дағдарысты жеңе аламыз. Оған біздің тәжірибеміз де, алға қойған бағдарымыз да бар. Ол – Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары. Мәселе, тәжірибені де, стратегиялық жоспарды да кәдеге жарата білуде.