Білім

МАҚСАТҚА ҒЫЛЫМИ ИННОВАЦИЯЛАР АРҚЫЛЫ ЖЕТЕМІЗ

МАҚСАТҚА ҒЫЛЫМИ ИННОВАЦИЯЛАР АРҚЫЛЫ ЖЕТЕМІЗ

Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында алға қойылған міндеттерді сәл кейіндеу жазған «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында да бекемдей түскен-ді. Онда Қазақстанның 30 дамыған елдердің қатарына кіруі – қазақстандық арман екендігі, Ұлттық инновациялық жүйе құру мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылатындығы атап көрсетілген. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер жеткілікті, адам капиталы, зерттеулер ұйымдастырудың жоғары деңгейі, ең негізгісі, ынта, ықылас бар. Біздің мемлекетіміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы өндіріс салаларының белсенділігін арттыруды талап етеді, оның басты мақсаты – Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімде жан-жақты дамуын және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру екендігі белгілі. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда халық шаруашылығының негізгі салаларының маңызы айрықша елеулі. Олардың қатарында жеңіл, тамақ және тоқыма өнеркәсіптері бар. Қазіргі кездері осы салалардың кәсіпорындарына ерекше ойлау қасиеті бар, жаңа технологияларды игерген жаңа кадрлардың жетіспейтіндігі байқалуда. Ал мұндай кадрларды оңтүстік аймақта біздің университет қана дайындайды. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті көшбасшы болып саналады. Бұл оқу орнының мамандар дайындауда 55 жылдық тәжірибесі бар. Мұнда табысты және динамикалық дамудағы кешенді ғылыми зерттеулер жүргізетін, біртұтас оқу-ғылыми-өндірістік кешенді және көп сатылы мамандар: бакалавриат – магистратура – PһD докторантурасы бойынша білімін жетілдіру мүмкіндігі бар. Жеңіл, тамақ, тоқыма және химия өнеркәсіптері, стандарттар, метрология және сертификаттау, мейрамханалар мен қонақ үй бизнесі салаларына мамандар даярлайтын технологиялық факультет университетте көшбасшылардың бірі болып саналады. 2016 жылы сәуір айында факультет бастамасымен өткізілген «Бабалар мұрасы» халықаралық сән фестивалі республика бойынша маңызды іс-шаралардың бірі болып саналды. Оған Қазақстан, Ресей және Қырғыз Республикасынан жоғары және арнаулы орта білім беру орындарынан 150-ден астам білімгер қатысты. Республикамыздың оңтүстік аймағының фосфор және химия өнеркәсіптері үшін органикалық емес заттар химиялық технологиялар бағдары бойынша мамандар даярлау ісі «Қазфосфат» ЖШС-мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті арасында жасалған меморандум негізінде жүзеге асырылуда. Лекциялық және зертханалық жұмыстар «Қазфосфат» ЖШС кәсіпорындарында жүргізіледі. Онда Қаратау фосфорит бассейнінен құрамында фосфор бар өнімдер мен минералдық тыңайтқыштар өндірумен айналысады және өндірістік тәжірибені де сол кәсіпорында өтеді. Білім ордамыздың органикалық емес заттар химиялық технологиясы, жеңіл және тоқыма өнеркәсібі, қонақ үйлер мен мейрамхана бизнесі саласы бойынша да мамандар даярлауда көп жылдық іс-тәжірибесі бар. Бұл іс бүгінде «Қазфосфат» және «Таразбылғары аяқ-киім» ЖШС Стандарттар және сертификаттау ұлттық орталығының Жамбыл филиалымен, Тараз қаласының қонақ үйлер жүйесінен, «Тараз-Нан» ЖШС-мен «Бурный ірімшік» зауыты және аймақтың басқа кәсіпорындарымен жасалған меморандум аясында жүзеге асырылуда. Еліміздің бәсекелік артықшылықтарына талдау жасалғанда тоқыма өнеркәсібі жеті перспективті кластерлердің қатарына енгізілген. Бұл өнеркәсіп саласында жоспарлы іс-шаралар жүргізілуде. Техника мен технологияны жетілдірмейінше тоқыма өнеркәсібін дамыту мүмкін емес. Бірқатар пәндер бойынша «Фабрика ПОШ-Тараз» ЖШС-мен жасалған келісімшарттар негізінде сол кәсіпорындарында зертханалық сабақтар өтеді. Инженер-технологтар, конструкторлар, модельерлер, дизайнерлер даярлау бойынша да АҚШ, Италия, Германия, Швейцария, Швеция, Түркия, Латвия, Польша, Литва, Франция, Ресей, Белоруссия, Өзбекстан, Қырғыз елдерінің оқу орталықтармен тығыз байланыс орнатқан. Аталған салаларға мамандар даярлауды технология факультеті жүзеге асырады, мұнда Ұлттық ғылым академиясының 1 академигі, 5 ғылым докторы, 34 ғылым кандидаты, 12 PhD докторы мен 47 ғылым магистрі еңбек етуде.

Әнуарбек Әйменов, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың технология факультетінің деканы, экономика ғылымының докторы.