Білім

Жаңа мектептер көбейіп келеді

Жаңа мектептер көбейіп келеді

Бейкут-ЖамангозовБейқұт Жамангөзов,аудан әкімінің орынбасары.

Тәу етер тәуелсіздігіміз-дің арқасы, бүгінде шалғай ауылдардың өзінде сәулеті келісті, еңселі мектеп бар. Балабақшаның да мәселесі шешілген. Сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңіндегі жағдаймен еш салыстыруға келмейді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен апатты мектептердің мәселесін басты назарда ұстауда. Соның арқасында ауданымызда соңғы он жылдың ішінде ондаған жаңа мектеп пен балабақшалар пайдалануға берілді. Өткен ғасырдың елуінші жылдарында саман кірпіштен және қамыс каркастан салынған ескі мектептердің орнына заман талабына сай кең де жарық, жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беруге барлық жағдайы қарастырылған типті ғимараттар бой көтерді. 2005-2006 жылдары аудан орталығындағы № 51 мектеп жаңадан салынды. Сегіз мектептің ескі ғимараттары бұзылып, жаңартылды. Атап айтсақ, Гвардияшылар әскери қалашығында 900 орындық мектеп салынды. Сондай-ақ, Масаншыда – 840 орындық, Кенен ауылында – 600, Бұлар батырда – 600, Сортөбеде – 300, Алғада – 180, Красный партизанда – 300, Қақпатаста 250 орындық жаңа білім ошақтары пайдалануға берілді. Одан бөлек, оқушы орны тапшы Қаракемер және Сортөбе ауылдарында екі мектептің жанынан 220 орындық қосалқы ғимараттар салынып, кеңейтілді. Сонымен қатар, бүгінгі таңда шалғайдағы Көктөбе және Соғанды ауылдарында әрқайсысы 50 орындық, Күнбатыста 150 орындық негізгі мектептер құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Мұның барлығы республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Бір ғана мысал, былтыр пайдалануға берілген Қақпатас ауылындағы 250 орындық мектептің құрылысына мемлекеттен 517,5 миллион теңге бөлінген. Бас мердігер «ҚазСтрой ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2014 жылы іске кіріскен болатын. Құрылыс бригадасы қажетті күйдірілген кірпіш пен құм, топырақты жергілікті жерден алып, басқа керек құрылыс материалдары мен жабдықтарды тегіс Алматы мен Тараздан тасымалдады. Жұмысқа тартылған 50-ге жуық құрылысшының жартысы жергілікті тұрғындар болды. Жұмыс өз ретімен кестеге сай жүргізіліп, енді міне, ауыл орталығынан үш блокты, көзтартарлық зәулім ғимарат бой көтерді. Бұған ауыл тұрғындары түгел қуанды. Өйткені, бұған дейін қабырғасының әр жерінен қамысы көрініп, еденінің шаңы шығып жататын ескі мектептің тар дәлізі мен шағын бөлмелері көзге қораш көрінетін. Қазір оқушылар үш қабатты жаңа мектептің кең де жарық сыныптарында білім алуда. Ондағы осы заманауи үлгіде жабдықталған химия, биология кабинеттері, компьютер сыныбы, спорт залы, шеберханалар, кітапхана, асханасы көз қуантады. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз етуде «Қазақстанда білім беруді дамытудың 2011– 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» көрсетілген талаптар негізге алынуда. Қазір аудан бойынша бір жастан алты жасқа дейінгі бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылуы 44,4 пайызды құрап отыр. Былтыр жыл соңына дейін сегіз жекеменшік балабақша ашылған болатын. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қосымша тағы төрт мектепке дейінгі мекеме ашылмақшы. Сондай-ақ, бірер айдан соң Масаншы ауылында 280 орындық типті балабақша пайдалануға беріледі деп күтілуде. Білім мен тәрбиені жас ұрпақ мектептен алады. Біздің ауданда 49 жалпы білім беретін мектеп бар. Онда 26512 оқушы оқиды. 20 мемлекеттік балабақшасы (2890 бүлдіршін), 10 жекеменшік балабақша (535), 31 мектеп жанындағы шағын орталық (1615 бүлдіршін), 1 кешкі мектеп (303 оқушы), 8 мектептен тыс мекеме (3719 оқушы) жұмыс істейді. Балаларға қамқорлық – болашаққа салынған инвестиция. Сондықтан, біздің елімізде өскелең ұрпақтың сапалы да жан-жақты терең білім алып шығуына қажетті шаралардың барлығы жасалуда. Қордай ауданы.