Денсаулық

Жамбылдық прокуратура «Балапан» бағдарламасы бойынша мақсатсыз жұмсалған 55 млн. теңгені анықтады

Жамбылдық прокуратура «Балапан» бағдарламасы бойынша мақсатсыз жұмсалған 55 млн. теңгені анықтады

Жергілікті атқару органдары мен мектепке дейінгі мекемелерде «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мектепке дейінгі  балаларды тәрбиелеу және оқытуды қамтамасыз етуді жүзеге асыруда заңдылықтың сақталуы бойынша тексеріс нәтижесі Жамбыл облысының прокуроры Ернат Сыбанқұловтың төрағалығымен өткен облыстық прокуратураның алқа мәжілісінде мәлім болды.

Тараз білім беру бөлімінің мемлекеттік тапсырысты орналастырудағы заң  бұзушылық фактілері, атап айтқанда 55 миллион теңгенің мақсатсыз жұмсалғандығы анықталған.

Сондай-ақ заң бұзушылық Талас, Шу, Жуалы аудандарында да орын алған. Бұлар - негізсіз жалақы төлеу және өзге де қаржылық заңсыздықтар.

Тексеріс қорытындысы бойынша прокуратура органдарымен қалалық әкімдіктерге, білім бөлімдері және мектепке дейінгі мекемелерге  78 ұсыныс енгізілді. Сондай-ақ 237 әкімшілік іс қозғалды. 64 тұлға  тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 15 құқықтық акті күшін жойды, 1 материал Бірыңғай сотқа дейінгі тергеу реестіріне тіркелді, деп хабарлайды Жамбыл облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.