Әлеумет

Қазақ осы көкпар тартып, бәйге алған

Қазақ осы көкпар тартып, бәйге алған

Аққұм ауылында жылқы шаруашылығымен айналысатын «Абзал» шаруа қожалығының іс басқарушысы Темірлан Әшірбеков Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай биыл бесінші рет ұлттық спорт ойындарынан облыстық жарыс өткізді. Онда жиналған көпшілік гір тасын көтеру, арқан тартыс, жаяу жарыс, қазақ күресі, құнан бәйге, аламан бәйге және көкпар ойындарын тамашалады.

Жарыстың ашылу салтанаты алдында шаруа қожалығының негізін қалаған алматылық, марқұм Абзал Оқасовқа құран бағышталып, інісі Тоқтар Сағитов, профессор Мұрат Каримов, Қаратау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекен Досымов және қаратаулық ақсақал Серік Әбілдаев сөз алып, Темірлан Әшірбековтің жыл сайын ата дәстүрді ұлықтап, осындай дүбірлі жарыс өткізетінін, сондай-ақ шаруа қожалығының жұмысын шыр айналдырып, Аққұм, Бостандық, С.Шәкіров ауылдары тұрғындарына қолұшын беріп жүргенін айтып өтті. Гір тасын көтеру сайысында Бостандық ауылының 60 жастағы тұрғыны Серік Үкібасов топ жарса, байзақтық Айдар Әбдібаев, аққұмдық Қаһар Сембаев пен Бостандық ауылының тұрғыны Мұхамед Жанысбек жүлделі орындардан көрінді. Жаяу жарыс сынында құландық желаяқ Табиғат Нұраханов мәре сызығын бірінші болып кессе, бостандықтық Нұрболат Есенбай екінші орынға, кеңестік желаяқ Айдос Теңгебаев үшінші орынға орнықты. Арқан тартыста Аққұм ауылының ерлер командасы ешкімге дес бермесе, Құлан ауылы мен Ойық ауылының командасы одан кейінгі жүлделі орындарды бөлісті. Көпшіліктің асыға күткені қазақ күресі еді. Атан жілік, апайтөс алыптар айқасы да тартысқа толы болды. Ақтық сында кездескен биылғы «Қазақстан барысы» біріншілігінде облыс намысын қорғайтын Айбол Айтбек пен аққұмдық 17 жасар (мектеп оқушысы) Аян Рысбай арасындағы белдесуде Айбол жас қыранның жолын кеспейін деп, жеңісті Аянға сыйлады. Жамбыл ауданының өкілі балуан Еркебұлан Тауасар үшінші орынды иеленді. 17 шақырымдық құнан бәйге басталғанда көпшілік тағы бір серпілді. Бәйгеге қосылған 46 жүйріктің ішінен аққұмдық Бердалы Абасовтың «Байтөрі» атты құнаны мәреге өзгелерден оқ бойы озып келсе, құландық Мұрат Абайдың «Әдемі» деп аталатын құнаны екінші орынды, меркілік Әділет Асқановтың «Аягөз» атты құнаны үшінші орынды олжалады. Өзге де бірнеше тұлпарлар жүлделі орындарға ілікті. 31 шақырымға жіберілген аламан бәйгеде 40 жүйріктің ішінен меркілік Дәурен Тоқтановтың аты мәреге бірінші болып жетіп, аққұмдық Аманбай Қуатовтың жүйрігі екінші орынды, құландық Бақытжан Садырбаевтың үкілеп қосқан аты үшінші орынды, С.Шәкіров ауылының тұрғыны Сәбит Ділтанның тұлпары жүлделі төртінші орынды олжалады. Жиын соңы көкпарға ұласты.

Қамысбай Сауқымов,  журналист.

Талас ауданы.