Мәдениет

«Ән-жырым саған, Туған Ел!»

«Ән-жырым саған, Туған Ел!»

әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев атындағы II халықаралық ән байқауы мәресіне жетті

13238929_291371754543255_1716160766530572979_n 13240047_291372241209873_2182374865603315341_nҚарт Қаратау мен асқар Алатаудың төскейін жайлаған Тараз өңірі қазақ ән көгінде қырандай самғаған таланттардан кенде емес. Солардың бірі де бірегейі «Қара кемпір» туындысымен алашты тәнті еткен ән әлемінің корифейі, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев десек, артық емес. 

Жуалы ауданында өткен Алтынбек Қоразбаев атындағы «Ән-жырым саған, Туған Ел!» атты II халықаралық ән конкурсы шын мәнінде ән мерекесіне айналды. Облыс әкімінің қолдауымен облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен өнер аламанында жуалылықтар сырлы әннің сазды әуенімен тербелді. Осымен екінші рет өтіп отырған халықаралық конкурс композитордың әндерін насихаттау, жас дарын иелерін анықтау, оларға қолдау көрсету мақсатына негізделді. Конкурсқа қатысуға еліміздің әр өңірінен және көршілес Қырғыз елі мен Моңғолиядан алпысқа жуық өтініш келіп түскен. Алайда, іріктеуден өткен жиырма алты үміткер ән байқауының ақтық кезеңінде өнер көрсетуге мүмкіндік алған. Бұл туралы шараның алдында №1 Орджоникидзе атындағы мектеп-гимназияда өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды. БАҚ өкілдерімен өткен жиынды облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев жүргізіп отырды. Онда әнші-композитор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алтынбек Қоразбаев қазақ ән өнерінің қалыптасуы, қазіргі деңгейі туралы сөз қозғаса, қазылар алқасының төрағасы Тұңғышбай әл-Тарази әнші-сазгердің шығармашылығы жайлы ойын ортаға салды. Сондай-ақ, конкурсқа арнайы келген Түркия Мәдениет министрлігі жанындағы Мемлекеттік түркі тілдес халықтары музыкалық ансамблінің жеке әншісі, қазылар алқасының мүшесі Базел Тузун Феруал мұндай ірі шараның шағын ауданда өткізілуіне таңданыс білдіріп, бұл бастаманы өз еліне үлгі ретінде айтып баратынын жеткізді. Сондай-ақ, қазылар алқасының құрамындағы өзге де мүшелері композитор Мұхтар Рахманқұлов, белгілі әнші Саят Медеуов, республикалық-телевизиялық «Әнші болғым келеді» бағдарламасының авторы, Р.Глиер атындағы музыка мектебінің директоры Алтын Маханбетовалар да байқаудың маңыздылығын тілге тиек етті. Аудандық Мәдениет үйінде үміткер өнерпаздардың өнері сараланды. Олар талапқа сай Алтынбек Қоразбаевтың екі әнін орындады. Қазылар алқасы өз мүмкіндігін көрсете түсуіне мүмкіндік жасап, кейбір қатысушыларға өз қалауы бойынша келесі әнді орындауға рұқсат беріп отырды. Әншілердің өнерін бар ынтасымен тыңдаған тыңдарман қауым жас дарындарға қолдау білдіріп, шабыт сыйлаудан талған жоқ. Өз кезегінде қатысушылар да аянып қалмай, мүмкіндіктерін барынша пайдаланып жатты. Олардың бірқатары композитордың «Сағындым Кенен атамды», «Сағындым Алматымды», «Үшқоңыр», «Айшаның әні» секілді шығармаларын орындаса, енді бірі «Шашбаулым», «Сырғалым», «Желдірме» әндерін әуелетіп, көпшіліктің көңілінен шығуға тырысты. Әсіресе, астаналық Еркебұлан Тұрмұхамбетов әйгілі «Бозторғайды» нақышына келтіріп шырқағанда, алматылық Нұрболат Абдуллин «Қара шал» термесін образға еніп орындағанда, шымкенттік Сая Сейтімова «Желдірмені» бебеулете қалықтатқанда сілтідей тынған зал ішін әсем әннің ырғақтары кернеп, тыңдармандар дән риза болысты. Сонымен қатар, жамбылдық Динара Диханбаеваның, «Кәусар» вокалдық ансамблі, алматылық «Voice» квартетінің өнерлері де көрермендерді сүйсінтті. Ән аламаны қорытындысында қазылар алқасы қатысушылардың бағасын берді. Нәтижесінде алматылық Нұрболат Абдуллин мен шымкенттік Сая Сейтімова өзгелерден оқ бойы озық шығып, екеуі де бас жүлдеге лайық деп табылып, 500 мың теңгелей ақшалай сыйлықпен және дипломмен марапатталды. Ал жүлделі бірінші орынды (250 мың теңге) астаналық Еркебұлан Тұрмұханбетов, алматылық «Voice» квартеті, облыстық филармонияның «Кәусар» вокалдық ансамбльдері жеңіп алды. Екінші орынды алматылық Әбу Қазбеков, жерлестеріміз Нығметжан Халықов, Динара Диханбаева өзара бөлісті. Олардың әрқайсысына 200 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысының әншісі Мархаббат Бейсенова, жамбылдық Бағлан Шубаев, қостанайлық Бейбітхан Арғынбек жүлделі үшінші орын (150 мың теңге) биігінен көрінді. Басқарманың 100 мың теңгелік арнайы сыйлығымен Динара Аярбек марапатталса, Моңғолиядан келген Тілекжан Класханұлы, алматылық «Гауһартас» квартеті, Жақсылық Амантай «Көрермен көзайымы» аталымына ие болды (50 мың теңге). Жеңімпаздарға дипломдар табыс етілді. Өзге де қатысушыларға ақшалай сыйлық табыс етілді. Қазылар алқасының төрағасы Тұңғышбай әл-Тарази ән байқауында өнер көрсеткен жастардың бәрі бірдей талантты екенін, хас талантты тап басу қиынға түскенін, алайда, шешім шығарарда қазылар алқасының ойы бір арнадан табылғанын жеткізді. Марапаттау рәсімінде «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат конкурс иесі Алтынбек Қоразбаевқа ән өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін партияның саяси кеңесінің Алғыс хатын табыстады. Жуалы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Әбдікерім Үркімбаев ауданға қадірлі қонақ болып келген белгілі композиторға аудан халқының атынан зерлі шапан жауып, астына тұлпар мінгізді. Алтынбек Қоразбаев өз кезегінде осындай құрмет көрсетіп отырған туған облысына, игі шараның өтуіне қолдау танытқан облыс әкіміне, ұйымдастырушыларға, аудан басшылығы мен әнсүйер тыңдарманға зор ықыласпен алғысын арнап, ризашылығын жеткізді. Шараның келесі күні Алтынбек Қоразбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Саят Медеуов, «МузАрт» тобы, түркиялық әнші Вазел Тузунның және конкурс жеңімпаздарының қатысуымен ауданның орталық алаңында гала-концерт өтіп, Жуалы аспанын әуелеген әннің сазы кернеді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Жуалы ауданы.